×

Президент Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты тапсырма берді

Қазір қаладағы жағдай қалыпты

 Халық үні 04.03.2024 | 17:17
Фото: Halyq Uni / Айгерім Таубай

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов президентке Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты ведомствоның атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына негізделген іс-қимылдар алгоритмі өз деңгейінде орындалды. Қазір қаладағы жағдай қалыпты, барлық тиісті мекеме бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс істеп жатыр, - делінген ақпаратта.

Президент министрге мегаполис тұрғындарының амандығын сақтау және Алматыдағы жағдайды бақылауды қамтамасыз ету үшін қала әкімі Ерболат Досаевпен, сондай-ақ қаладағы барлық жауапты мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді жалғастыруды тапсырды.

Айта кетейік, Алматыда сағат 11:22-де 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. 12:54-те 2 балдық дүмпу болды. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік шығысқа қарай 255 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Мамандар мұның автершок екенін хабарлады.

Алматыда қаңтардағы жер сілкінісінен кейін 4 мыңнан аса афтершок тіркелді. Мамандар табиғи құбылыстың әлі күнге дейін жалғасып жатқанын хабарлаған еді. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі Елизавета Есенжігітованың айтуыншаАлматыда күніне бірнеше рет жер сілкінеді, алайда тұрғындар оны сезбейді. Мұндай жер сілкінісін құрылғылар тіркейді.

Алматыдағы жағдай қалыпты. Кейінгі бес жылда ел бойынша жыл сайын 8-9 мың рет жер сілкінді, соның 15-20-сы ғана адамға сезіледі. 2023 жылдың басқа жылдардан айырмашылығы жоқ. 2020 жылы ғана оның көрсеткіші 10 мыңға жетті. Алматы оңтүстік-шығыста орналасқан, Бұл – Қытай және Қырғызстанмен шекаралас аймақ. Бұл жерде таулы қыраттар бар. Геологиялық есептеу бойынша қарасақ, осы таулардың түзілуі жердің қозғалысына әкеледі. Қазақстанда тіркелген жер сілкінісінің көбі шекаралас таулы аймақтарда болады. Соңғы жер сілкінісін алсақ, бізде магнитудасы 4, кей жерде 5 болса, негізгі ошағында – 6,7. Шет елдің мәліметі бойынша магнитудасы – 7,1. Біз жер сілкінісінің ошағында қанша болғанын білмейміз. Себебі басқа мемлекет, ол жерлерде біздің құрылғылар тұрған жоқ. Сол себепті айырмашылық бар, - дейді Есенжігітова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама