×

Сейсмолог мамандығы 2 жылда жабылып қалған: Қазақстанда жер сілкінісін геофизик пен геологтар зерттеп жүр

Елдің батысында пайдалы қазбаларды алу салдарынан техногендік жер сілкінісі көбейген

 Айгерім Таубай 13.02.2024 | 15:25

Алматыда қаңтардағы жер сілкінісінен кейін 4 мыңнан аса афтершок тіркелген. Бұл табиғи құбылыс әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Ал мамандар қаладағы сейсмикалық жағдай тұрақты екенін айтады. Halyq Uni тілшісі елдегі сейсмикалық ахуал, кадр тапшылығы мен ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігі туралы Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі Елизавета Есенжігітовадан сұрады.

Маманның сөзінше, Алматыда күніне бірнеше рет жер сілкінеді, алайда тұрғындар оны сезбейді. Мұндай жер сілкінісін құрылғылар тіркейді.

Алматыдағы жағдай қалыпты. Кейінгі бес жылда ел бойынша жыл сайын 8-9 мың рет жер сілкінді, соның 15-20-сы ғана адамға сезіледі. 2023 жылдың басқа жылдардан айырмашылығы жоқ. 2020 жылы ғана оның көрсеткіші 10 мыңға жетті. Алматы оңтүстік-шығыста орналасқан, Бұл – Қытай және Қырғызстанмен шекаралас аймақ. Бұл жерде таулы қыраттар бар. Геологиялық есептеу бойынша қарасақ, осы таулардың түзілуі жердің қозғалысына әкеледі. Қазақстанда тіркелген жер сілкінісінің көбі шекаралас таулы аймақтарда болады. Соңғы жер сілкінісін алсақ, бізде магнитудасы 4, кей жерде 5 болса, негізгі ошағында – 6,7. Шет елдің мәліметі бойынша магнитудасы – 7,1. Біз жер сілкінісінің ошағында қанша болғанын білмейміз. Себебі басқа мемлекет, ол жерлерде біздің құрылғылар тұрған жоқ. Сол себепті айырмашылық бар, - дейді Есенжігітова.

Ресми ақпарат бойынша, жыл басынан бері ел аумағында 16 жер сілкінісі сезілді. Оның екеуінің ошағы Қазақстанда орналасқан. 2024 жылдың 7 қаңтарында Түргенде – 3 балл, Алматы – 2 балл тіркелді. 13 қаңтарда Текелі аумағында 3 балл сезілді.

Ауғанстан аумағында тіркелген жер сілкінісі Шымкент, Жамбыл облысына әсер етті. Мұнда 11 қаңтарда 2 балдық жер сілкінісі болды. Ал қалған 13 жер сілкінісінің ошағы – Қытай және Қырғызстан аумағында орналасқан. Соның бірі – Алматыдағы 5 балдық жер сілкінісі.

Маман Қазақстан аумағына түгел сейсмикалық болжам жасау дәл қазір мүмкін емес екенін алға тартты. Себебі оған арнайы станциялар қажет, ал қазір мұндай станция тек Алматы аумағында ғана бар.

«Сейсмология – жердің қозғалысын зерттейтін ғылым. Жер сілкінісі соның бір саласы. Оны сейсмологтар зерттейді. Біз жер сілкінісі қай жерде болды, қандай күшпен болды, қай аймаққа тарады және оның салдары қандай болғанын зерттейміз. Біздің бағыт – осы. Бірақ соны бақылап, өзімізге ғылыми болжам жасаймыз. Халық бізден «болжам жасаңдар» деп талап етеді. Иә, біз мұндай болжам жасаймыз. Орта мерзімді деп бір жылға және қысқа мерзімді деп бір аптаға жасалады. Алайда ол ғылыми қызығушылық қана. Себебі біз Алматы қаласы және қала маңында орналасқан станциялардан алынған мәліметке сүйенеміз. Яғни, осы сейсмикалық аймаққа ғана болжам бере аламыз. Бүкіл Қазақстанға ештеңе айта алмаймыз. Басқа қала, басқа облыстарда біздің станциялар енді қойылып жатыр. Үкімет енді көмектесіп жатыр», - дейді Елизавета Есенжігітова.

Айтуынша, институттың кейінгі 30-40 жылдағы болжамы дәл келген. Себебі ірі жер сілкіністеріне ғана болжам жасалады. Ірі жер сілкінісі – магнитудасы 5,5-тен жоғары дүмпу. Ол кезде ғимаратқа да зақым келеді, адамдар да сезеді. Одан төмен жер сілкіністері айына, күніне, сағатына бірнеше рет болады, оларға болжам жасаудың қажеті жоқ. Ал соңғы жағдайда адамдар жел сілкінісін сезді, себебі ол жерге жақын қабатта болды.

Маман афтершоктарға қатысты да пікір білдірді. Айтуынша, жер айырылып, жүріп жатқан үлкен процесс бірден тоқтамайды. Ақырын сілкініп барып тоқтайды. Ал афтершок тіркелген жер сілкінісінің деңгейіне жеткенімен, магнитудасы одан асып кетпейді.

Қаңтардағы жер сілкінісіне байланысты 4 мыңнан аса жер сілкінісі тіркелді. Соның 13-і адамдарға сезілді. Мұның бәрі бір жер сілкінісі деп есептеледі. Себебі жер өзінің қалыпты жағдайына келуі керек. Ол әзір де тоқтаған жоқ. Жер қыртысының қалыпқа келуі қанша уақытқа созылатынын айту ғылыми зерттеуді қажет етеді. Ол жерде бұрын да жер сілкінген. Алдын ала кем дегенде бір жарым-екі ай ішінде 2 мыңдай атфершок болады деп болжанды. Болжамнан да көп тіркеліп отыр. Қалпына келу процесі де ұзаққа созылып жатыр. Басында магнитудасы 5 болса, қазір – 2. Мұны құрылғылар тіркеп жатыр, адамға сезілмейді, - дейді Есенжігітова.

2024 жылға жасалған орта мерзімді болжамда жер сілкінісі болуы мүмкін жерлерге назар аударылған. Дәл қазір ошақтар қалыпты жағдайда және биыл ірі жер сілкінісі болмайды.

АЛМАТЫДАҒЫ ҒИМАРАТТАР ҚАЛАЙ ТЕКСЕРІЛЕДІ?

Ұлттық ғылыми орталық үш бағытта жұмыс істейді. Бірі – сейсмикалық қауіпті бағалау. Екіншісі – жер сілкінісінен келген зардаптың шығынын есептеу. Үшіншісі – сейсмикалық жағдайды бағалау, яғни болжам жасайды. Ғылыми орталық 2017 жылы Қазақстанға арналған жалпы сейсмикалық аудандастыру картасын жасаған. Үш жыл ішінде ел аумағына арналған карта әзірленген. Сол картаны негізге алып Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты құрылыс нормаларын шығарады. Қазір әр облысты жеке-жеке зерттеп, жеке карта әзірленіп, соған байланысты сейсмикалық норма шығарылып жатыр. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырады. Жылына бір облыстың картасы жасалады. Сондай-ақ үш жылда бір ірі қалаға карта әзірленеді. Алайда қазірге дейін тек Алматы қаласының картасы дайын.

2023 жылы Өскемен қаласының картасы жасалды. Себебі сейсмикалық жағынан ең қауіпті аймақтардан бастауды жөн көрдік. Биылғы жоспар бойынша Түркістан облысы, Қызылорда облысы және Маңғыстау облысы, Тараз қаласы сейсмикалық микро аудандастыру карталары жасалады. Жұмысты аяқтаған соң институт сол аумаққа тән сейсмикалық құрылыс нормативтерін шығарады. Алматы қаласы бойынша сейсмикалық нормативтер бар, бірақ қазір елімізде құрылыс нысандарын ешқандай мекеме бақыламайды. Ал оған қала әкімдігі жауапты. Алматыда талаптар сақталып отырған жоқ. Ғалымдардың шешімі бойынша, қалада 9 қабаттан биік ғимарат салынбауы керек, - дейді ол.

Маман қаладағы ғимараттардың жер сілкінісіне шыдайтын-шыдамайтыны қалай тексерілетінін де айтты. Оның сөзінше, ғимараттарды арнайы зертхана мамандары тексереді.

«Құрылыстың сейсмотөзімділік зертханасы бар. Олар былтыр лицензия алып, ғимараттарды тексеруге кірісті. Бұл жұмыспен бұған дейін Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты айналысты. Енді жылына мемлекеттің қолдауымен белгілі бір көлемде ғимараттар тексеріледі, яғни паспорттау жүргізіледі. Әрбір ғимаратқа құжат беріледі. Қандай материалдан жасалған, қандай жағдайға төтеп бере алатыны жазылады. Дәл қазір Алматыны түгел тексеріп, баға беру мүмкін емес. Әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектеп, балабақшалардан бастады», - дейді ол.

Айтуынша, қаладағы жекеменшік үйлер де тексеріледі. Алайда оны тексеретін заманауи құрылғы жоқ.

Көп жағдайда жеңіл әдістер мен визуалды әдістер қолданылады. Қазіргі мүмкіндігіміз – осы. Бізде бар құрал-жабдық 40 жылдан аса уақыттан бері тозған. Құрал-жабдықты, бақылау пунктерін жаңартуға әкімдік те көмектесе бастады. 2021 жылдан бастап ғылыми орталық Төтенше жағдайлар министрлігіне кірді. Оған дейін Білім және ғылым министрлігіне қарады. Сол кезде ғылымға қаржы бөлді де, станция, құрылғыға өте көп ақша керек болғандықтан назарға ілінбей қала берді, - дейді маман.

СЕЙСМОЛОГ МАМАНДЫҒЫНА КӨҢІЛ БӨЛІНБЕГЕН

Айтуынша, бұл салада кадр тапшылығы да бар. Себебі елімізде сейсмолог мамандығына көңіл бөлінбеген. Маман 2024 жылдан бастап бакалавриат деңгейінде сеймолог мамандығы ашылатынын айтты. Ал орталықта жұмыс істейтіндердің дені – геофизик және геологтар.

2000 жылдары елімізде сейсмология мамандығы ашылған, бірақ қаржы бөлінбегендіктен екі жылда жабылып қалды, - дейді Есенжігітова.

Айта кетейік, сейсмологиялық жағынан қауіпті аймақтар қатарында Алматы өңірі, Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу облысы, Түркістан облысы, Қызылорда және батыс өңірлер бар.

«Табиғи жер сілінісі және техногендік жер сілкінісі бар. Батыс өңірде техногендік жер сілкінісі көбейіп келе жатыр. Ол облыстар бұрын жазық дала, ірі жер сілкінісі болмайды деп есептелді. Бірақ ешқандай зерттеу жүргізілмеген, ақша бөлінбеген. Ұзақ уақыт бойы пайдалы қазбаларды алып жатыр. Оның бәрі табиғатқа әсер етіп, адамның әрекетіне байланысты пайда болатын жер сілкісіні көбейіп жатыр», - дейді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама