×

«Дабыл сөмкесі»: жер сілкінісі кезінде қажет заттар тізімі

ТЖМ ауыз суды бірнеше күнге жететіндей етіп алуға кеңес берді

 Халық үні 23.01.2024 | 12:19
коллаж: Halyq Uni

Алматыда 23 қаңтарда бірнеше рет жер сілкінді. Соған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға «дабыл сөмкесін» дайындауды ұсынды.

«Дабыл сөмкесінің» ішінде төтенше жағдайда қолдануға болатын заттарды салған жөн. Бұл қатарда адамның жеке басын куәландыратын құжаттар, дәрі-дәрмек қобдишасы, үш күнге жететін азық-түлік, қолшам, оттық, жылы киім, ауыз су бар.  

Мамандар ауыз суды бірнеше күнге жететіндей етіп алуға кеңес берді. 

АЛМАТЫДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ

Алматыда 2024 жылдың 22 қаңтарынан 23 қаңтарына қараған түні 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.

Араға бірнеше сағат салып, жер сілкінісі қайталанды. Бұл жолы алматылықтар 2-3 балдық жер сілкінісін сезді.

Үшінші дүмпу таңғы 5 шамасында тіркелді, бұл жолы да 2-3 балдық жер сілкінісі болған.

Бастапқыда жер сілкінісі салдарынан 8 адамның жарақат алғаны айтылды. Алайда Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті 44 адамның медициналық көмекке жүгінгенін, ішінде 35 адамның үйіне жіберілгенін мәлімдеді.

Алматылық мамандар жақын арада қалада жойқын жер сілкінісі болмайтынын айтады. Сондай-ақ олар жер сілкінісі кезінде қалада сирена қосуға қажеттілік болмағанына сенімді. Себебі сирена жер сілкінісі 5,5 балдан жоғары болған кезде іске қосылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама