×

«АрселорМиттал Теміртаудың» қожайыны қалай ауысты?

Келіссөз Лондонда өткен

 Дәурен Ерболат 08.12.2023 | 16:35
Фото: el.kz

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының қожайыны қалай ауысқанын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 28 қазанда түнгі сағат 02:33-те Қарағанды облысының Костенко шахтасында жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң Үкімет «АрселорМиттал Теміртауға» жаңа инвестор іздеуге кірісті.

Сондай-ақ премьер-министр «АрселорМиттал Теміртау» тұрақты жұмыс істеуі үшін жаңа инвестордың кемінде кәсіпорынға 3 млрд доллар инвестиция құюы керектігін айтқан. Нәтижесінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның жаңа қожайыны да анықталды. Ол – қазақстандық 44 жастағы кәсіпкер Андрей Лаврентьев.

Министр келіссөз оңай болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» және ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC металлургиялық кәсіпорындарының барлық акциясын Андрей Лавреньтев сатып алған. Мәміле құны – 286 млн доллар. Алайда бастапқыда ArcelorMittal бұл активтер үшін 3,5 млрд доллар сұраған.

Лондоннан бір сағат бұрын ұшып келдім. Мұнда ArcelorMittal корпорациясымен келіссөз аяқталды. Қазақстан үшін өте маңызды мәмілеге қол қойылды. 11 раундқа созылған келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Үкіметі мен «АрселорМиттал» мемлекеттік Qazaqstan Investment Corporation тікелей инвестициялар қорының «АрселорМиттал Теміртаудың» барлық металлургиялық кәсіпорны мен Ақтаудағы құбыр зауытын сатып алуы туралы уағдаласты, - деді Қанат Шарлапаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Сондай-ақ ол ArcelorMittal-дың елімізді сотқа бере алмайтынын атап өтті.

Келіссөздер аясында ArcelorMittal Қазақстанға ешқандай талап қоймайтынын ерекше айтқым келеді. ArcelorMittal Қазақстанға қатысты талаптардан, сот талабынан, басқа да шағымдардардан толық бас тартатыны туралы келісімге қол қойды. Келісім халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалды, - деді министр.

Сондай-ақ Қанат Шарлапаев келісімге 7 желтоқсанда қол қойылғанын айтты.

Кеше түстен кейін барлық акцияны аудару аяқталды. Мұның үлкен транзакция және ірі актив екенін түсіну керек. Сондықтан 7 күн кідіріс болды. Заң тарапынан да жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ ArcelorMittal-дың «Қазақстан халқына» қорына қайырымдылыққа ақша аударуы туралы (16 млрд теңгеге қатысты) келіссөзді ұзақ жүргіздік, - деді ол.

Министр «АрселорМиттал Теміртаудың» атауы өзгеруі мүмкін екенін жеткізді. Сонымен қатар Қанат Шарлапаев кәсіпорынның жаңа инвесторы қалай таңдалғанына түсінік берді.

Жаңа қазақстандық инвестор үшін шешім қабылдау орталығы Қазақстан болуға тиіс. Мұнда елімізде жұмыс істегісі келмейтін адамдар болмауы керек. Бұл – біздің ұстанымымыз. Allur Group компаниялар тобының қазіргі бизнесі мен болат өндірісі арасында ықтимал синергия бар. Өйткені бұл айтарлықтай үлкен логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, өзіміздің өндірістің дамуын нығайтуға болады. Бүгінде көліктер әлі де металдан жасалатынын бәрі біледі. Сондай-ақ бұл шешімді жалғыз адам қабылдаған жоқ. Оған көптеген адам қатысты. Үкіметтік комиссия инвесторларды таңдаумен айналысты. Біз бұл кімнің қолынан келеді деген мәселені талқыладық, - деді ол.

Ведомство басшысы Allur Group-қа қандай міндеттер қойылатынына тоқталды.

Жаңа инвестормен инвестициялық келісім шеңберінде «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына тікелей инвестиция тарту міндеті жүктелген. Бірқатар әлеуметтік міндеттерді де қарастырдық. Бұл жұмыс Қарағанды облысы және Теміртау қаласы әкімдігімен бірлесіп жүргізілді. Нәтижесінде «Арселор Миттал Теміртаудың» жұмысшылары мен жеткізушілер алдындағы барлық міндет толық орындалады. Біз кәсіпорындағы жұмысшылардың әлеуметтік міндеттемелерінің өзгермеуін бақылаймыз, - деді Қанат Шарлапаев.

БАҚ-тың жазуынша, кәсіпорынның жаңа қожайыны Андрей Лаврентьев «АрселорМиттал Теміртауға» 3,3 млрд доллар инвестиция салуға тиіс. Оның 1,5 млрд долларын бірден салмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама