×

Бүгінгі күн – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 13-ші қаралы күн

«Абай» шахтасында метан жарылғанда да 14 адам ауыр жараланып, 30 адам қайтыс болған-ды

 Еркеғали Болатұлы 29.10.2023 | 16:49
коллаж: Halyq Uni

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең алғашқы аза тұту күні 2006 жылы жарияланды. Содан бері елімізде бірнеше рет қаралы күн болды. Ұшақ апаты, шахтадағы апат, террористік актілер, әскери қоймадағы жарылыс, коронавирус пандемиясы салдарынан мыңдаған адам мерт болды. Олар –қызмет барысында қайтыс болғандар мен бейбіт тұрғындар.

ШАХТАДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

2006 жылы 20 қыркүйекте Тәуелсіз Қазақсан тарихында ең алғашқы қаралы күн (аза тұту) жарияланды. Қарағанды облысының аумағында орналасқан Ленин атындағы шахтада жантүршігерлік жарылыс болды. Апат салдарынан 41 шахтер қаза тапты. Жеті жұмысшы жараланды.

«АБАЙ» ШАХТАСЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аза тұту күні екінші рет 2008 жылдың 11 қаңтарында жарияланды. Қарағанды облысының Абай қаласының жанындағы шахтада болған жарылыс 30 кеншінің өмірін қиды. Тағы 14 жұмысшы ауыр жарақат алды.

ҚЫЗЫЛАҒАШ ТРАГЕДИЯСЫ

2010 жылғы 11 наурызда Алматы облысындағы (қазіргі Жетісу облысы) Қызылағаш су қоймасы бұзылып, арыны қатты тасқын су тұтас ауылды шайып кетті. Ресми дерекке сәйкес, су тасқыны салдарынан 45 адам опат қылды. 300-дей тұрғын түрлі жарақат алды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алапат су тасқыны. Қайғылы оқиғаға байланысты 2010 жылдың 16 наурызында жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

«АРҚАНКЕРГЕНДЕГІ» ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін хабарлады.

Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.

Президент шекара шебіндегі қайғылы жағдайға байланысты 2012 жылғы 5 маусымды ұлттық аза тұту күні деп белгіледі.

ШЕКАРАШЫЛАР МІНГЕН ҰШАҚ АПАТЫ

2012 жылдың 25 желтоқсанында Шымкент түбінде шекарашылар мінген АН-72 ұшағы құлады. Ұшақ бортында болған 27 адам түгел көз жұмды. Олардың арасында ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков те болды. Қайғылы оқиғадан кейін – 27 желтоқсанда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

21 АДАМНЫҢ ӨМІРІН ҚИҒАН ҰШАҚ АПАТЫ

2013 жылы Көкшетаудан Алматыға ұшып шыққан Chellenger-200 (SCAT авиакомпаниясына тиесілі) ұшағы әуежайға жете алмай, апатқа ұшырады. Апат нәтижесінде 21 адам қаза тапты.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты 2013 жылдың 31 қаңтары жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

АҚТӨБЕДЕГІ ТЕРАКТ

2016 жылдың 5 маусымыеда қарулы бір топ Ақтөбедегі екі бірдей қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге шабуылдар жасады. Терроршылар қолынан 8 адам мерт болды, оның үшеуі – әскери қызметшілер.

Антитеррористік операция барысында арнайы жасақ жауынгерлері қаруланған 18 қылмыскердің көзін жойды.

Ақтөбедегі теракт кезінде әскерилер мен бейбіт тұрғындардың қаза болуына байланысты 2016 жылдың 9 маусымы ұлттық аза тұту күні деп белгіленді.

АЛМАТЫ ІРГЕСІНДЕ BEK AIR ҰШАҒЫ АПАТҚА ҰШЫРАДЫ

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласының әуежайы аумағында Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 әуе кемесінің апатқа ұшырады. Апат кезінде ұшақ бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 15 адам көз жұмып, 50 шақтысы түрлі жарақат алды.

2019 жылдың 28 желтоқсаны Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

ӘЛЕМДІ ЖАЙЛАҒАН ІНДЕТ – КОРОНАВИРУС

2020 жылы тараған коронавирус инфекциясы әлем бойынша миллиондаған адамның өмірін жалмады. Қазақстан халқы – Орталық Азиядағы пандемия салдарынан ең көп зардап шеккен ел. Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда коронавирустан 14 мыңға жуық адам қайтыс болды.

2020 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда коронавирус індеті өршіп, мыңдаған адам қайтыс болды. Осыған байланысты 2020 жылдың 13 шілдесі «Қазақстан Республикасында коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні» болып жарияланды.

Биыл 5 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ресми түрде әлемде коронавирус пандемиясы аяқталғанын мәлімдеді. Қазақстанда да коронавирусқа қарсы шектеулер толық алынды.  

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Апат салдарынан 18 адам ажал құшып, 100-ге жуық адам жарақат алды. Қайтыс болғандардың ішінде Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі бір жылдан кейін табылды.

2021 жылдың 29 қазанында Байзақтағы жарылыс құрбандарына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ

2022 жылдың басы – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең азалы күндердің бірі.

2022 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанда жасалған террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстандағы қаңтар оқиғалары, контртеррористік операция кезінде жалпы саны 238 адам өлген.

ОРМАНДАҒЫ ӨРТ: 14 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Абай облысындағы орман өрті салдарынан қаза тапқандарға байланысты 2023 жылдың 12 маусымы Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Ормандағы өртті сөндіруге қатысқан 14 адам мерт болды. Олардың бәрі орман шаруашылығының қызметкерлері.

КОСТЕНКО ШАХТАСЫНДАҒЫ АПАТ

2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шығарылды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, шахтадағы апаттан 45 кенші қаза тауып, тағы бір кенші іздестіріліп жатыр. Осы қайғылы жағдайға байланысты 29 қазан елімізде Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс салдарынан қаза тапқандарды аза тұту күні деп жарияланды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама