×

Патрульдік полицияда, көші-қон қызметінде жемқорлық айтарлықтай төмендеген

Полицейлер пара алудан бас тартқан

 Дәурен Ерболат 18.09.2023 | 11:58
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда соңғы жылдары алғаш рет сыбайлас жемқорлық деңгейі патрульдік полицияда, көші-қон қызметінде айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басқарма басшысы Әділғожа Құсайынов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде Integrity Check жобасы аясында полицияда жемқорлықты болдырмау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жеке құрамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет күшейді. Қызметкерлердің оларға ақша жіберу/ұсыну туралы хабарламаның саны 6 есе, яғни 82-ден 504-ке дейін өсті. 99 факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Соңғы жылдарда алғаш рет сыбайлас жемқорлық деңгейі патрульдік полицияда 38% және көші-қон қызметінде 74% төмендеді, - деді Әділғожа Құсайынов ІІМ-де өткен брифингте.

Мысалы, Алматы қаласы ПД аға тергеушісіне күдікті қылмыстық істі тоқтатуы үшін 2 млн теңге пара ұсынған. Мұны полицейдің өзі жауапты органға айтқан.

Осындай сома қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін Шығыс Қазақстан облысы ПД аудандық полиция бөлімінің басшысына ұсынылған. Ол ақшадан бас тартып, мұның салдары болатынын ескерткен. Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жасақ басшысы параға келіспеген. Түзету мекемесіне 10 мобильді телефонды заңсыз кіргізуге көмектесуі үшін оған 600 мың теңге ұсынылған. Осы фактілер белгіленген тәртіппен тіркеліп, тексеру жүргізілді. Осылайша, жеке құрамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақтылықты қалыптастырудың толық процесі басталды, - деді басқарма басшысы.

Әділғожа Құсайыновтың пікірінше, пилоттық жобаны іске асыру қазақстандықтардың ІІМ-ге сенімін арттырып, полицияның сервистік моделін құруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін басқарма басшысы президент тапсырмасының қалай орындалып жатқанын баяндаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама