×

«Полицейлер сыпайы жауап беретін болды». Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

Тәртіп сақшылары жұмысына жауапкершілікпен қарайтын болған

 Дәурен Ерболат 18.09.2023 | 11:14
Фото: Tengrinews.kz

ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басқарма басшысы Әділғожа Құсайынов мемлекет басшысының тапсырмасы қалай іске асып жатқанын, полицияның мінез-құлқы түзеліп, қызметті сапалы көрсете бастағанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, былтыр ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен. Оны іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарының 37-тармағымен Integrity Check адалдыққа тексеруді енгізу тетігін пысықтау көзделді.

Биыл қаңтарда Ішкі істер министрлігі жұмысты пилоттық форматта бастады. Халықпен күн сайын байланыста болатын қызметкерлер тексерілді. Бұл – патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, ювеналды, көші-қон, жергілікті, әкімшілік полиция қызметкерлері, сондай-ақ модульдік бекеттер, фронт-офистер, - деді Әділғожа Құсайынов ІІМ-де өткен брифингте.

Басты назар жұмыстың сервистік тәсілдеріне, адамға және тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуге аударылған:

  • Тексерілетін қызметкерлердің адамдармен сыпайы сөйлесу, әдеп сақтау, оқиға орнына жылдам баруын бағалау өлшемшарттары әзірленді.
  • Қызметкердің сыртқы киіміне, жарақталуына, планшеттерді, бейнежетондарды, тіркегіштерді, көлікті, қаруды және тағы басқасын дұрыс пайдалануға баға берілген.
  • Пилот шеңберінде полицейлерге пара ұсынылмаған.
  • Объективтілік пен қызметкерлердің құқығын бұзуға, сондай-ақ арандатушылық, яғни провокациялық іс-қимылдарға жол бермеу үшін тексеруді тек Өзіндік қауіпсіздік қызметі жүргізген.

Жыл басынан ішкі істер органдарының 2 896 қызметкері мен 953 объект тексерілді. Тексерулер басталғанда: азаматтармен дұрыс сөйлеспеу, сапасыз қызмет көрсету, азаматтардың шағымдары мен өтініштеріне асықпай бару фактілері болған. Мұның барлығын біз тіркеп отырдық. Осындай қызметкерлермен әңгімелер жүргізілді. Кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деді басқарма басшысы.

Қазір қызметкерлер азаматтармен сөйлесу кезінде оларға қатысты тексеріс жүріп жатқанын білген. Сондықтан полицейлер өзінің мінезін түзеп, қызметті сапалы көрсете бастады.

Пилоттың аралық қорытындысы жағдайдың айтарлықтай жақсаруын көрсеткен:

  • Өтініштерге жылдам қызмет көрсетілетін болды;
  • Қызметкерлер жұмысқа жоғары жауапкершілікпен қарайды;
  • Қазақстандықтарға дұрыс және сыпайы жауап береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама