×

Мүфтият мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады

ҚМДБ шариғаттың балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейтінін алға тартты

 Халық үні 11.09.2023 | 14:30
Фото: Halyq Uni

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушылардың мектепке хиджаб киіп баруына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мүфтият қыздарға орамал тағудың да, білім алудың да парыз екенін, алайда шариғаттың балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейтінін мәлімдеді.

Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз.

Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуге тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек, - делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Сондай-ақ жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылатынын, бұл мәселе мүфтият қызметкерлерін де бейжай қалдырмайтынын жеткізді.

«ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз», - деп түйіндеді.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз – зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді, - деп жазды Балаева.

Конституция бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету.

Сондықтан мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын, - деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Айта кетейік, оқу жылы басталар кезде қазақстандықтар арасында мектептерде хиджаб киюге бола ма деген дау туындады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2016 жылы қабылданған бұйрыққа сәйкес оқушылар мектепке арнайы формамен баруға міндетті екенін мәлімдеді

Бейсембаев айтқан бұйрықта «мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» деп жазылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама