×

Көшпенділер ойындарына дайындық: Астанада ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтеді

«Қыз қуу» спорт түрінен алынып, ойын түріне енгізілді

 Айнұр Шошаева 04.09.2023 | 14:50
фото: Halyq Uni

6-10 қыркүйек аралығында Астана қаласында ҚР Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль өтеді. Жарысқа қатысушылар ұлттық спорт түрінен сынға түседі, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Фестивальдің ашылуы 5 қыркүйекте «Қазанат» атшабарында өтеді. 2024 жылы Астана қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұйымдастырылады. Бұл фестиваль көшпенділер ойынының алдындағы дайындық десек болады. Оған барлық өңірден 1300-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр және 500-ге жуық сала маманы келеді. Ойын тартысты, қызықты болады, өйткені мұнда өзіміздің төл өнеріміздің барлық түрі қамтылады», - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов.

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директоры Бақдаулет Сәбитовтің мәліметінше, жарыс нәтижесі бойынша ұлттық спортты жақсы дамытып отырған үздік үш өңір анықталады. 

«Ұлттық спорт және ат спорт түрлеріне қарасты 11 спорт түрі: асық ату, бәйге, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, теңге ілу, құсбегілік, тоғызқұмалақ бар. Осы спорт түрлерінен 17 облыс және 7 қаладан бас-аяғы 1362 спортшы тіркелді. Фестиваль нәтижесінде еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік үш өңірді анықтаймыз. Фестиваль бағдарламасындағы барлық жеңіс, алғашқы орын ұпаймен есептеледі. Нәтижесінде І орыннан ХХ орынға дейін барлық өңірлердің деңгейі анықталады. Фестиваль өзінің 20 жылдық жолында жан-жақты жетілдіріліп келеді. Кезінде бағдарламада «қыз қуу» болған, өкінішке орай оны спорт түрінен алып, ойын түріне қосып отырмыз», - деді Бақдаулет Сәбитов.

Сондай-ақ орталық басшысы өңірлердің жарысқа қатысу белсенділігі туралы айтып өтті.

Жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарынан 4 қана спорт түрінен келген. Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан 6 ғана спорт түрінен келіп отыр. Қазіргі өлшеммен алғанда, төмен нәтиже деп білемін. Облыс басшыларына құлаққағыс: әдетте біз ұлттық спорт оңтүстік өңірлерде ғана дамиды деп айтамыз. Бірақ 2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен фестивальде Астана қаласы мен Ақмола облысы үздік үштікке енді. Яғни, ұлттық спорттың дамуы біркелкі келбет алып келе жатыр. Елдің барлық өңірінде бірдей мүмкіндік бар, - деп толықтырды сөзін.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары жарысты «Қазанат» атшабарында, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, Жеңіл атлетика манежі және «Аспан» спорт кешендерінде тамашалай алады.

Айта кетейік, 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасы Қазақстанға берілді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (World Nomad Games) – этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. Оған Орталық Азияның тарих бойынша көшпелі халықтарының ұлттық ойындары негіз болды.

Ұлттық спорт қауымдастығы 2024 жылы Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында «ALAMAN» медиа байқауын жариялады.

Байқау 2023 жылдың 1 қыркүйегінен 2024 жылдың 1 наурыз аралығында 6 ай бойы өткізіледі. Оған отандық журналистер, авторлар және шетелдік БАҚ өкілдері де қатыса алады.

Байқау 7 номинация бойынша өтеді:

  • 1. Үздік бағдарлама (телевизия, радио)
  • 2. Үздік аналитикалық материал (дәстүрлі баспасөз: газет, журнал)
  • 3. Үздік танымдық материал (интернет, БАҚ)
  • 4. Үздік сұхбат (YouTube арна)
  • 5. Үздік фотосурет (БАҚ, әлеуметтік желі)
  • 6. Шетелдік БАҚ-та жарияланған үздік материал (қазақтың ұлттық спорты туралы)
  • 7. Әлеуметтік желідегі үздік материал (блогинг, мобилография)

Әр номинация бойынша үш үздік авторға ақшалай сыйлық беріледі:

  • 1 орынға – 1 000 000 теңге;
  • 2 орынға – 700 000 теңге;
  • 3 орынға – 500 000 теңге.

Байқаудың жеңімпаздары 2024 жылдың наурызында марапатталады.

Байқаудың мақсаты – ұлттық спорт түрлерінің насихатын күшейту, осы саладағы журналистер, БАҚ өкілдері және авторларды кәсіби тұрғыдан бағалап, ең үздіктерін анықтау.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама