×

Ұлттық спорт қауымдастығы бір жылда атқарған жұмысы туралы баяндады

Журналистер арасында халықаралық медиа байқау жарияланды

 Халық үні 29.08.2023 | 13:48
фото: Halyq Uni

Астанада Ұлттық спорт қауымдастығы мен Бас редакторлар клубы, Ұлттық медиа қауымдастығы кездесу өткізді. Жиын барысында қауымдастықтың бір жылдағы жұмыс нәтижесі, ұлттық спорттағы өзекті мәселелер мен жоспарлар талқыланды.

Бір жыл ішінде Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына енген 9 федерацияның жетеуінің президенті жаңадан сайланып, ұлттық спортты насихаттау мен дамытудағы жұмыстар қолға алынды. Федерациялардың жаңа басшылары – түрлі саладағы бизнес өкілдері.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов федерация президенттерінің тәуелсіздік жылдары белгілі бір жетістікке жеткен, өздерін ұлт жанашыры ретінде көрсеткен азаматтар екенін айтып өтті.

Одан бөлек, Исламбек Салжанов қауымдастықтың құрамындағы әр федерацияның жеткен жетістіктерін атап өтті. Кейінгі бір жыл ішінде 9 федерация спортшылары 12 халықаралық жарыста 39 алтын, 27 күміс, 29 қола медаль жеңіп алған.

«Аударыспақ» федерациясы халықаралық съезд өткізіп, дүниежүзілік федерация құрды. Штаб-пәтері Алматы қаласы деп бекітіліп, оның президенті болып ҚР федерациясының президенті Марат Жұман сайланды.

«Тоғызқұмалақ» федерациясының ұйымдастыруымен 9 қыркүйекте Алматы қаласында бір мезгілде өтетін ойынға 3000-ға жуық тоғызқұмалақшының қатысуы жоспарланған. Бұл жобаны КИНЭС рекордтар кітабына енгізу көзделіп отыр.

Жетістіктермен қатар, қауымдастық жетекшісі ұлттық спортты  дамытуға кедергі болып тұрған мәселелерге де тоқталды. Олардың ішінде елімізде ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлайтын арнайы бірде-бір орталықтың жоқтығы, ұлттық спорт инфрақұрылымының жағдайының мүшкіл хәлі, ат индустриясы қолға алынбай жатқаны сияқты проблемалар бар. Осы олқылықтарды жою үшін Парламент депутаттарымен бірге «Спорттық бағыттағы қазақ жылқы тұқымын сақтау және көбейту» туралы Заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс берілді. Сонымен қатар ұлттық спорт мамандарын дайындау үшін жоғары оқу орындарымен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Баяндамашы 2024 жылы Қазақстанда өткізілетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына да тоқталды.

Көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде біз дүбірлі жарысты жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Көшпенділер ойындары жылдан-жылға қанатын кеңге жайып дамуда. Мәселен, 2014 жылы бұл жарысқа 19 мемлекеттен 583 спортшы қатысты. 2022 жылы Түркияда өткен ойындарға 102 мемлекеттен 3000 спортшы қатысты. Ал, келесі жылы елімізде өтетін шараға әлемнің 100-ден аса елінен 3000 - нан аса спортшы, 15 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп жоспарлануда, - деді Исламбек Салжанов.

Осы жарысты ұйымдастыру арқылы Қазақ еліне өз мәдениеті мен тарихын, руханияты мен қолөнерін, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын бүкіл әлемге насихаттауға зор мүмкіндік туады.

Соныдай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығы 2024 жылы Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында «ALAMAN» медиа байқауын жариялады.

Байқау 2023 жылдың 1 қыркүйегінен 2024 жылдың 1 наурыз аралығында 6 ай бойы өткізіледі. Оған отандық журналистер, авторлар және шетелдік БАҚ өкілдері де қатыса алады.

Байқау 7 номинация бойынша өтеді:

  • 1. Үздік бағдарлама (телевизия, радио)
  • 2. Үздік аналитикалық материал (дәстүрлі баспасөз: газет, журнал)
  • 3. Үздік танымдық материал (интернет, БАҚ)
  • 4. Үздік сұхбат (YouTube арна)
  • 5. Үздік фотосурет (БАҚ, әлеуметтік желі)
  • 6. Шетелдік БАҚ-та жарияланған үздік материал (қазақтың ұлттық спорты туралы)
  • 7. Әлеуметтік желідегі үздік материал (блогинг, мобилография)

Әр номинация бойынша үш үздік авторға ақшалай сыйлық беріледі:

  • 1 орынға – 1 000 000 теңге;
  • 2 орынға – 700 000 теңге;
  • 3 орынға – 500 000 теңге.

Байқаудың жеңімпаздары 2024 жылдың наурызында марапатталады.

Байқаудың мақсаты – ұлттық спорт түрлерінің насихатын күшейту, осы саладағы журналистер, БАҚ өкілдері және авторларды кәсіби тұрғыдан бағалап, ең үздіктерін анықтау.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама