×

Орынбасары істі болған БҚО әкімі отставкаға кете ме

БҚО әкімінің бірінші орынбасары 8,6 млн теңге айыппұл төлейді және өмір бойына мемлекеттік қызметті атқара алмайды

 Халық үні 21.08.2023 | 15:25
Нариман Төреғалиев, фото: parlam.kz

16 тамызда Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаевқа үкім шығарып, айыппұл салды.

БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділда Ораз «Мой город» басылымына берген жауабында, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің істі болған орынбасары үшін отставкаға кету туралы өтінішті беру-бермеуі сот үкімі заңды күшіне енген соң белгілі болатынын айтқан.

БҚО әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған Ержан Балтаев қылмыстық кодекстің 361-бабының 3-бөлігінде («лауазымдық өкілетін теріс пайдалану») көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 2 500 АЕК (8 625 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалды.

Балтаев мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Ержан Балтаев үкім заңды күшіне енгеннен кейін айыппұлды бір ай ішінде өтеуге тиіс.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қатысты тергеуді аяқталғанын хабарлады.

Ол «Аqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасарына оның сенім білдірілген адамдарымен жұмысты нақты орындамай-ақ өтеулі қызметтер көрсетудің жалған шарттарын жасасу туралы заңсыз нұсқау беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдіктенеді, - делінген ведомство хабарламасында.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке айтарлықтай зиян келген.

Ержан Балтаев 2023 жылдың 20 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама