×

Енді Елбасы мәртебесін референдум арқылы өзгертуге болады

Мәжіліс сенаттың түзетуін бірауыздан қолдады

 Ербол Тұрымбет 05.05.2022 | 15:55
фото: ашық дереккөзден

Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім берді. Өйткені енгізіліп отырған толықтыру заң жобасы нормаларын нақтылауға бағытталған, ол оның тұжырымдамасын өзгертпейді әрі мәжіліс мақұлдаған заң жобасының мазмұнын нашарлатпайды деп санайды. 

Айта кетейік, бұл конституциялық заң жобасын депутаттар әзірлеп, 4-ші мамырда мәжіліс мақұлдап, сенаттың қарауына жіберген еді. Сенат оған түзету енгізіп, бүгін түске дейін оны мәжіліске кері қайтарды. Яғни, сенат «Республикалық референдум туралы» заңның «Республикалық референдум талқысы бола алмайтын мәселелер» дейтін 3-ші бабынан «тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы іргесін қалаған республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту» деген сөздерді алып тастауды ұсынды. Мәжіліс бүгін түстен кейін оны бірауыздан қолдады.

Бұған дейін Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Бұл референдум саяси жүйені жаңғырта ала ма – Ұлттық кеңес президент шешімі жайлы айтты. Референдум қашан өтеді – Орталық сайлау комиссиясы жауап берді. Сенат референдум туралы заң жобасын кері қайтарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама