×

Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды

Қазақстанда жалпыхалықтық референдум екі рет өткізілді - екеуі де 1995 жылы

 Ербол Тұрымбет 29.04.2022 | 12:49
Фото: akorda.kz

Бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы ашылды. Мемлекет басшысы ҚХА отырысында Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды.

«Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан, мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», - деді Тоқаев.

Президент референдум маңызды демократиялық институт екенін, бірақ Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы, қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін айтты.

«Одан кейін «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң қабылданды, бірақ ол әлі күнге дейін қолданысқа енген жоқ. Содан бері Конституцияға төрт рет түзетулер енгізілді. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болады деп санаймын», - деді Тоқаев.

Республикалық референдум – Конституция, конституциялық заңдар, заңдар және мемлекеттiк өмiрдегі өзге де маңызды мәселелерге қатысты шешiм жобалары бойынша жалпыхалықтық дауыс беру.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама