×

Қаңтар оқиғасы кезінде Семейдегі тәртіпсіздікті ұйымдастырған экстремистік топтың мүшесі анықталды

Бас прокуратура тың мәліметтерді бөлісті

 Айнұр Шошаева 03.05.2022 | 16:30
коллаж: Halyq Uni

Қаңтар оқиғасы кезінде Семейдегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған адам анықталды. Ол экстремистік ұйымның мүшесі болып шықты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы Қаңтар оқиғасы кезіндегі қиратулар, мүліктерді жою, қала әкімдігін басып алуға қатысқандарды анықтады.

5 қаңтарда бір қылмыскер Семей қаласы әкімдігі ғимараты алдында адамдар тобымен бірге Газель маркалы полиция автокөлігін аударып тастаған. Ол өзінің әрекетімен басқа адамдарды елітіп, әкімдікті басып алуға шақырған, - деді Қилымжанов ОКҚ брифингі барысында.

Бұған қоса прокуратура өкілі Семейдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде әкімдікті басып алуды ұйымдастырған сол азаматтың ұсталғанын мәлімдеді.

«Қаңтар оқиғасының қатысушысы анықталды. Ол – осы өңірде бұрын сотты болған экстремистік ұйымның мүшесі. Ол дауыс күшейткіш көмегімен Семей тұрғындарын қатарына қосылуға шақырған әрі қала әкімдігін басып алуды ұйымдастырушылардың бірі болған. Оның әрекеттері видеода жазылған және қиратулар мен тәртіпсіздіктердің басқа да қатысушыларының жауаптарымен расталады», - деп толықтырды маман.

Бүгін сондай-ақ Қызылордада Қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған Ұлттық ұлан сарбазына қатысты тың ақпарат айтылды. Ішкі істер органдары Қаңтар оқиғасы бойынша 1150 қылмыстық істі қарап жатқаны белгілі болды.

Қаңтарда қиратылған Елбасының ескерткіші сол күйі тұр. Қаңтар оқиғасында ауыр жарақат алған екі баланың ата-анасына 6 млн теңге төленді. Талдықорғанда әкімдік пен полиция ғимаратына шабуыл ұйымдастырған екі азамат анықталды. Алматыда Қаңтар оқиғасында зақымданған көлік иелеріне 258 млн теңге берілді. Қаңтар оқиғасында қайтыс болған шымкенттіктің ата-анасы сараптама нәтижесімен келіспейді.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері көз жұмып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама