×

Астана сотында Қайрат Боранбаевтың апелляциялық шағымы қаралады

Кәсіпкердің мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған

 Айгерім Таубай 06.06.2023 | 15:50
Фото: Halyq Uni

Астанада кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың апелляциялық шағымы бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов, 189-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған Тайыр Жанұзақ сот үкіміне шағым түсірген.

6 маусымда өткен апелляциялық сотта Боранбаевтың адвокаты Данияр Қанафин сотталғандардың тергеу изоляторында аудио және видеожазбамен танысып жатқанын айтты.

Қазір қорғалушылар тергеу изоляторында процестің аудио және видеожазбаларымен танысып жатыр. Бұл айрықша жағдайда қаралып жатыр. Сондықтан мұны толық көлемде қарауға мүмкіндік жоқ. Оларды арнайы бөлмеге шығарады. Бұл процесс біраз уақытқа созылды. Сот процесі жазбаларые қарау барысында олар өз адвокаттарымен ұстанымын келісіп, қорғау тарапы берген апелляциялық шағымға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге ниет білдіруі мүмкін, - деді адвокат Қанафин.

Сондай-ақ ол сот процесінің аудио және видео жазбаларын қарап болғанша үзіліс жариялауды сұрады.

Содан кейін істі қарап жатқан судья мұның тек Боранбаевтың мүддесі ме деп нақтылады. Адвокат бұл Роман Нахановқа да қатысты екенін жеткізді.

Осылайша үзіліс жарияланып, апелляциялық сот 22 маусымда жалғасатын болды.

Айта кетейік, сот алқасы құрамында Астананың қылмыстық істер жөніндегі судьясы Айсұлу Сламбекова, Алма Есімова және Қазима Айтқалиева бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама