×

АӘК-ті тоқтату: Еңбек министрі депутаттардың ұсынысына қарсы шықты

Бұған дейін депутаттар АӘК-ті тоқтатып, жәрдемақыны өсіруді сұраған

 Дәурен Ерболат 19.04.2023 | 13:28
коллаж: Halyq Uni

Жуырда Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясының фракциясы көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастауды ұсынып, вице-премьер Алтай Көлгіновтің атына сауал жолдады.

Депутат Гауһар Танашеваның айтуынша, бүгінде көпбалалы отбасылардың басым бөлігі өмір сүру жағдайына бейімделмеген, жалға берілетін бөлмелерде тұрады.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау қажет деп санайды. Өйткені оны алу процесі күрделі және қорлау түрінде жүзеге асырылады. АӘК-ке үміткер болу үшін көпбалалы, жұмыс істемейтін аналарға жүздеген сынақтан өту керек. Әдетте әйелдер бюрократия мен мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңынан салын суға жібереді. АӘК-ті алып тастау ең жақсы шешім болмақ, - деді депутат.

Депутат АӘК-ті тоқтатып, балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыруды ұсынды.

«Әр балаға нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс. Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз. Мысалы, 4 балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңге болады. 2 балаға 140 мың теңге тағайындалады. Бүгінде 4 бала 55 340 теңге жәрдемақы алады. Әр балаға айына 13 826 теңге бөлінеді. Бұл – әлеуметтік қолдаудың ақылға қонымсыз мөлшері», - деді депутат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова депутаттардың атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау туралы ұсынысына қарсы екенін айтты.

Атаулы әлеуметтік көмекті тоқтатуға болмайды. Бізде (көмек) алып отырған отбасылар бар. Онда жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар. Сондықтан оларға атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) беру керек. Алайда АӘК-тің механизмін жетілдіру бойынша депутаттармен бірге жұмыс істейміз, - деді министр.

Тамара Дүйсенова әлеуметтік көмекті беру тәсілі қалай жетілдірілетінін де түсіндірді.

«Бұрын АӘК алатын азаматтар өздері келіп, арыз жазатын. Одан кейін көмекке қол жеткізетін. Жақында мен депутаттармен кездесіп, цифрлық картаны көрсеттім. Қазір біз көмекті жалпы табысы күнкөріс деңгейінен төмен, объективті және субъективті себептерге байланысты жұмыс істей алмайтын, жалпы осыған қарап әрбір отбасын анықтап, атаулы әлеуметтік көмекті беру мәселесін қарастыру керек. Мұны мен депутаттарға айттым», - деді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама