×

Депутаттар атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынды

Қазіргі уақытта бұл көмектің пайдасы шамалы

 Дәурен Ерболат 12.04.2023 | 13:58
Фото: dauletten.kz

Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясының фракциясы көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастауды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттар сауалды премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады. Мәжілісмен Гауһар Танашеваның айтуынша, бүгінде көпбалалы отбасылардың басым бөлігі өмір сүру жағдайына бейімделмеген, жалға берілетін бөлмелерде тұрады.

Егер ипотека рәсімдеу мүмкіндігі болса, әдетте құрылыс сапасы төмен, эконом-санаттағы бір бөлмелі пәтер болады. Олар үшін мемлекеттік тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесі жоқ, ипотекалық несие берудің қолжетімді шарттары қарастырылмаған. Қомақты бастапқы жарна талап етіліп, жоғары пайыздық мөлшерлеме қойылады. Мұндай отбасылар мемлекеттің қандай қолдауына үміт артады? Атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) ме? Объективті түрде қарасақ, ол да нақты көмек болып тұрған жоқ, - деді Гауһар Танашева Мәжілістің жалпы отырысында.

Осыған байланысты ол АӘК-ті алып тастауды ұсынды.

«Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау қажет деп санайды. Өйткені оны алу процесі күрделі және қорлау түрінде жүзеге асырылады. АӘК-ге үміткер болу үшін көпбалалы, жұмыс істемейтін аналарға жүздеген сынақтан өту керек. Әдетте әйелдер бюрократия мен мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңынан салын суға жібереді. АӘК-ті алып тастау ең жақсы шешім болмақ», - деді депутат.

Оның пікірінше, атаулы әлеуметтік көмек алынса, балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру керек.

Әр балаға нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс. Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз. Мысалы, 4 балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңге болады. 2 балаға 140 мың теңге тағайындалады. Бүгінде 4 бала 55 340 теңге жәрдемақы алады. Әр балаға айына 13 826 теңге бөлінеді. Бұл – әлеуметтік қолдаудың ақылға қонымсыз мөлшері.

Мұнда инфляцияның тұрақты өсуі, экономикалық тұрақсыз жағдай, тұрғын үйдің жоқтығы және халықтың осы санатындағы адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылмағаны ескерілмеген», - деді Гауһар Танашева.

Депутаттың айтуынша, бүгінде халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жәрдемақыны қалыптастыру саясаты тұтастай алғанда халықтың осы санатының қажеттілігін қанағаттандырмайды.

«Осы саладағы мемлекеттік органдар жүргізетін реформалардың барысы туралы толық ақпарат беруді, сондай-ақ АӘК және 18 жасқа дейінгі бірыңғай балалар жәрдемақысын есептеу әдістемесін қарауды сұраймыз», - деп түйіндеді ол сөзін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама