×

Астананың құтқару бөлімшелеріне ауа райына қатысты 3500-ден аса қоңырау түсті

Республикалық маңызы бар автожолдарда 4 бағыт бойынша қозғалыс жабылды

 Динара Амантай 17.04.2023 | 10:50
Фото: Halyq Uni

Ауа райының қолайсыздығына байланысты кеше және бүгін 112 желісіне әртүрлі сипатта 3500-ден аса қоңырау түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астана қаласы ТЖД бөлімшелері қала маңында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, қар құрсауынан 2 автокөлікті эвакуациялады. Сондай-ақ адамдарды қалаға жеткізді. Қазір ауа-райының нашарлауына байланысты көлік құралдарының барлық түрлері үшін республикалық маңызы бар автожолдарда 4 бағыт бойынша (Астана – Қорғалжын, Астана – Ерейментау – Шідерті, Астана – Анар станциясы, Астана – Щучинск) қозғалыс жабылды. ТЖД қызметкерлері жоғары өтімді техникамен қаладан шығу бағыттары бойынша патрульдеу жүргізіп жатыр.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына қала сыртына барудан бас тарту, қырағы болу, ауа райының өзгеруі және енгізілген шектеулер туралы ақпаратты қадағалау ұсынылады.

Бұған қоса, ведомство өкілдері құрылыс объектілеріне халықты және аумақты қолайсыз ауа-райының әсерінен қорғау жөнінде қосымша шаралар қабылдауды ескертті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада ауа райының бұзылуына байланысты автобустардың аялдамаларға кешігіп келетінін хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама