×

Қанша елді мекенде су тасу қаупі әлі бар - ТЖМ жауап берді

Қазір бірқатар өңірде су тасып жатыр

 Қымбат Елтайқызы 04.04.2022 | 11:00
фото: ТЖМ

2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы шеңберінде 2021 жылы іске асыру жоспарланған 68 іс-шараның 33-і орындалды. Аяқталу мерзімі 2022-2023 жылдарға жоспарланған 4 іс-шара мерзімінен бұрын орындалды. Атап айтқанда, 9,4 шақырым өзен арналары қайта құрылып, 22,2 шақырым тазартылды. 8,2 шақырым қорғаныс бөгеті салынып, 8,1 шақырым бөгеттерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі гидротехникалық құрылыс салынды. 4 жергілікті құлақтандыру жүйесі орнатылды. Автомобиль жолының астындағы су өткізу құбыры ауыстырылды. Бұдан басқа аталған елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен іске асырылатын екі негізгі бағдарламалық құжат шеңберінде су тасқынына қарсы жұмыстардың орындалуына мониторинг жүргізіп жатыр.

Жалпы, су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру барысында 340 елді мекенді су басу қаупі жойылды. 385 елді мекенде қауіп азайды. Бүгінгі таңда су тасқыны қаупі бар 1 010 елді мекеннің 285-і үшін ықтимал қауіп сақталып отыр, – дейді төтенше жағдайлар министрлігі.

Өткен тәулікте жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күштері Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласында 144 379 м3 еріген қар суын сорды. Сондай-ақ Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе облыстарында 7 961 инертті материал салынған қап төседі.

«Батыс Қазақстан облысында 250 м2 өзендерде мұз кесу жұмыстарын жүргізді. Бұл өңірде апаттық-құтқару жұмыстарына Маңғыстау, Атырау облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, жеке құрамнан 92 адам, 13 техника, 2 жүзу құралы, 6 мотопомпа жұмылдырылды. Қазір Батыс Қазақстан облысында су басқан 53 тұрғын үй, Ақтөбе облысында 57 саяжай бақылауда тұр. Өткен тәулікте Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 773 адам эвакуацияланды. Олар уақытша эвакуациялау пункттері мен туыстарының үйлеріне орналастырылды. Қайтыс болған және зардап шеккен адамдар туралы ақпарат тіркелген жоқ. «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Жақсыбай ауылынан Орал қаласына 2 жүкті әйел жеткізілді. Өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында 99 тұрғын үйді, Ақтөбе облысында 57 саяжайды, 21 аула аумағын су басты. Ақтөбе облысының республикалық маңызы бар жолдарының 2 учаскесінде, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарының облыстық, жергілікті маңызы бар 14 учаскесінде су тасып жатыр. Осы жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, ҰҚК ШҚ, ЖАО-дан 2 229 адам, 489 техника, 238 су айдау құралы, 27 жүзу құралы жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖМ жеке құрамынан 974 адам, 117 техника, 145 су айдау құралы, 21 жүзу құралы бар», – делінген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама