Қапшағайды Қонаев деп атау: Ономастика комиссиясы оң қорытынды берді
Жақын арада комиссия қорытындысы дайындалып, Алматы облысы әкімдігіне жолданады
Бүгін мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті. Құрамында уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар комиссия Алматы облысы әкімдігінің Қапшағай қаласын қайта атау туралы ұсынысын қарады.
Абаев кез келген қаланы, елді мекенді немесе көшені қайта атау ономастика саласын реттейтін заң талаптарына сай жүзеге асып жатқанын айтты. Комиссия келіп түскен ұсыныстарды қарайды әрі қорытынды береді. Ұсыныс оң баға алған кезде қайта атау туралы шешім президент жарлығымен бекітіледі.
Отырыста комиссия мүшелері Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді. Жақын арада комиссия қорытындысы дайындалып, заңға сәйкес жұмыс жүргізу үшін Алматы облысы әкімдігіне жолданады, – дейді мәдениет және спорт министрлігі.
Қапшағай қаласын қайта атау туралы бастаманы Алматы облысының бірқатар үкіметтік емес ұйымы жария етті. Содан кейін бұл бастаманы Қапшағай қаласы мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдап, Алматы облысының ономастика комиссиясына жолдады.
16 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстарына бөлуді ұсынды. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады. Бұл ретте мемлекет басшысы Қапшағай атауын Қонаев деп өзгертуге қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді.