×

Қапшағай қаласының атауы Қонаев бола ма, Дінмұхамед пе?

Ономастика комиссиясының мүшелері жаңадан құрылатын облыс пен атауы өзгеруі мүмкін қалаға қатысты пікір білдірді

 Айнұр Шошаева 17.03.2022 | 14:27
коллаж: Halyq Uni

Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге байланысты айта келе, Семей аймағында Абай облысын, ал бұрынғы Жезқазған облысы аумағында Ұлытау облысын құру қажеттігін айтты. Сондай-ақ Алматы агломерациясына қатысты түйткілдерді шешу үшін Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды.

«Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. ...Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын», - деді Президент.

Айта кетейік, Қазақстанда тұлғалардың есімі берілген Абай, Нұр-Сұлтан қалалары мен Жамбыл облысы және тегімен аталатын Курчатов, Сәтпаев сияқты қалалалар бар. Қазір қоғамда Қапшағай қаласының атауы өзгеретін болса, шаһарға Дінмұхамед Қонаевтың есімін (Дінмұхамед) берген дұрыс па, әлде тегін (Қонаев) берген дұрыс па деген сұрақ туындап жатыр. Halyq Uni тілшісі бұл сұрақты Республикалық ономастика комиссиясының мүшелеріне қойып көрді.

Филология ғылымдарының докторы Серік Негимовтің пікірінше, елді мекенге тұлғаның есімі берілетін болса, алдымен тегі айтылуы керек.

«Тұлғаның есімі қалаға берілетін болса алдымен тегі айтылуы керек. Дінмұхамед қаласы демеуіміз керек, Қонаев қаласы деп аталуы тиіс. Менің ойымша әлі ойластыруымыз керек. Егер Қапшағай қаласына Қонаевтың атын беретін болсақ, бес облысты Ресейден алып қалған Жұмабек Тәшеневті қайда қоямыз? Кезінде соғыстан кейінгі қиын жағдайда Қазақстанның орталық комитетін басқарған Жұмабай Шаяхметовті қайда қоямыз? Бұны да ойлауымыз керек. Өйткені мұндай ұлы тұлғаларды есте қалдыру үшін басқа да үлкен нәрселер бар», - деді ол.

Ғалымның пікірінше, қалаға тұлғаның есімін беру мәселесінде сақ болған жөн.

«Мысалы, Атырауға Исатай-Махамбеттің атын беруіміз керек, Маңғыстауға Пір Бекеттің, Солтүстік Қазақстанға Ботай атын беруіміз керек деуі мүмкін. Әбден екшеп, саралауымыз керек. Әр нәрсенің салдары болады. Ертең Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановқа облыс атын бермейміз деп шығуы мүмкін. Абайдың жөні бір бөлек, басқа қайраткерлеріміздің жөні бір бөлек. Сондықтан осы мәселеге сақ болған жөн. Жер-су аттары басты құбыланамамыз болуы керек. Байырғы жер-су аттарын өзгертпеуіміз керек», - деп толықтырды ол.

Бұған қоса, бұрынғы Семей облысының аумағында Абай облысын құруға қатысты пікір білдірді.

Семейдің атын Абай облысы деу дұрыс. Себебі, Семей облысы деп өзгертсек ертең тағы да Семипалатинск болып кетеді ғой. Абай қазақтың символы болғандықтан, оның есімі облысқа беруге лайық деп есептеймін, - деді Серік Негимов.  

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының пікірінше, Қапшағай қаласының атауын өзгерту мәселесін әлі де жан-жақты ойластыру керек.

«Облыс орталықтарындағы көшелерге, мектептер мен басқа да ұйымдарға адамның есімін беріп жүрміз. Жамбыл облысын алайық, Жамбыл Жабаевтың аты берілген. Менің ойымша сол ізбен Абай облысы деп аталатын шығар. Абай Құнанбаев облысы болмайды. Абай облысы болады. Ал Қапшағайға келетін болсақ, Дінмұхамед Қонаев атындағы қала бола ма, соны ойлану керек. Бәлкім Қонаев қаласы бола ма, Дінмұхамед қаласы бола, ма әзірге белгісіз», - деді сенатор.

Сенат депутаты облыс орталығы немесе қалаға тұлғаның есімін беретін болса, фамилиясын беру қажет емес деп есептейді. Оның ойынша, тұлғаның есімі көше немесе мектепке берілсе, тұлғаның аты-жөні бірге берілуге тиіс.

«Қонаевтан гөрі Дінмұхамед қаласы деген дұрыс шығар. Бұл менің жеке пікірім. Себебі, Дінмұхамед Қонаев қаласы деп атау қиындау. Оның үстіне құжаттардан -ов пен -ев дегенді өзгертіп жатырмыз. Дінмұхамед қаласы дұрыс деп есептеймін. Келешекте тіл мамандары ақылдасып шеше жатар», - деді Мұрат Бақтиярұлы. 

Айта кетейік, қалаға немесе көшенің атауын өзгерту бір күндік жұмыс емес. Бұл жұмыс әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Аталған қағидатқа сәйкес, жергілікті атқарушы органдар облыстарға, аудандарға, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларға, астанаға, қаладағы аудандарға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеруді ұйымдастырады және мәслихаттардың қарауына енгізеді. Ал халықтың пікірін ескеру жергілікті атқарушы органдар жергілікті қоғамдастық жиналыстарын өткізу арқылы ұйымдастырады.

Ал, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «Қонаев» болып танылған саяси тұлғаның есімін қалаға дәл солай берілгені дұрыс деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама