×

Қапшағайлық депутаттар қала атауын өзгертуді қолдады

Жергілікті депутаттар Қапшағайға Қонаевтың атын беруді қолдады

 Думан Қырықбаев 25.03.2022 | 12:38
коллаж: Halyq Uni

24 наурызда Қайрат Ахметтаевтың төрағалығымен Қапшағай қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысы өтті, онда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бибігүл Шайкенованың «Қапшағай қаласын Дінмұхамед Қонаев деп қайта атау туралы» мәселесі жөніндегі баяндамасы тыңдалды.

Шайкенова қала әкімінің атына «Қамқор жүрек» және «Қапшағай самға» мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, көп балалы аналардың «Ана сәулесі» қоғамдық бірлестігі, Қапшағай қалалық «Семей полигоны» қоғамдық бірлестігі, Қапшағай қалалық «Қапшағай қалалық полигоны» қоғамдық бірлестіктері сияқты түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен «Аманат», «Ақ жол» партияларынан Қапшағай қаласын «Дінмұхамед Қонаев» деп қайта атау туралы бастама қолдаухат келіп түскенін мәлімдеді.

Дауыс беру қорытындысы бойынша бірауыздан Қапшағай қаласын «Дінмұхамед Қонаев» деп қайта атау туралы шешім қабылданды. Жария тыңдаудың хаттамасы жергілікті атқарушы және өкілді органдардың интернет-ресурстарында және «Нұрлы өлке» газетінде жарияланды.

Қала атауын өзгерту туралы соңғы шешімді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды.

Жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге байланысты айта келе, Семей аймағында Абай облысын, ал бұрынғы Жезқазған облысы аумағында Ұлытау облысын құру қажеттігін айтты. Сондай-ақ Алматы агломерациясына қатысты түйткілдерді шешу үшін Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Яғни, Алматы облысының орталығы Қапшағайда, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады.

Сондай-ақ жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, бұл пікірді қолдайтынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама