×

Біртанов ісі бойынша апелляциялық соттың неге кейінге қалдырылғаны айтылды

Келесі отырыс 27 желтоқсан сағат 15:00-де өтеді

 Халық үні 22.12.2022 | 10:16
Halyq Uni

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты апелляциялық сот отырысы кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгін соттың құрамы толық емес. Себебі бір судья денсаулығына байланысты қатыса алмайды. 27 желтоқсаға дейін үзіліс жарияланады, - деді апелляциялық соттың судьясы Айбек Әмірғалиев.

Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке сот үкімі шықты.

Сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды, - делінген сот үкімінде.

Оларға пробациялық бақылау қойылады. Сондай-ақ екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ Олжас Әбішев жазаның негізгі бөлігін өтегенше жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жұмысқа тартылады.

9 қарашада Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

Апелляциялық сот 22 желтоқсан сағат 10:00-ге белгіленген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама