×

Елжан Біртановтың адвокаттары апелляциялық шағым түсірді

Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке сот үкімі 28 қазанында шықты

 Халық үні 09.11.2022 | 17:55
Halyq Uni

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы Біртановтың адвокаттарының бірі Нұрлан Бейсекеев Halyq Uni тілшісіне мәлімдеді.

Үкімді соттан 4 қараша кешке алдық. Қысқа апелляциялық шағым түсірдік. Бірақ бұл соңы емес. Тек екі қорғаушы шағым түсірді, - деді Нұрлан Бейсекеев.

Айтуынша, Елжан Біртановтың адвокаттары тағы да шағым түсіреді.

2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді

«Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген сот үкімінде.

Оларға пробациялық бақылау қойылады. Сондай-ақ екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ Олжас Әбішев жазаның негізгі бөлігін өтегенше жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жұмысқа тартылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама