×

Экс-министр Елжан Біртановқа сот үкімі шықты

Прокурор Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған

 Айгерім Таубай 28.10.2022 | 16:15
Halyq Uni

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Үкім Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотында жарияланды.

Сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды, - делінген сот үкімінде.

Оларға пробациялық бақылау қойылады. Сондай-ақ екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ Олжас Әбішев жазаның негізгі бөлігін өтегенше жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жұмысқа тартылады.

Сотталғандарға Қылмыстық кодекстің 44-бабының 2-бөлігінде көзделген міндеттер жүктелді. Соған сәйкес, сотталғандар олардың мінез-құлқын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, жұмыс орны мен тұрғылықты мекенжайын өзгертпеуі қажет. Жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерінен, басқа аймақтарға баруға болмайды.

Айта кетейік, экс-министр сот үкімі шықпастан бұрын көңіл күйі жақсы екенін жеткізді. 

Көңіл күйім өте жақсы. Себебі адвокаттар жақсы жұмыс істеді деп сенеміз. Бүгінгі сот шешімі әділетті болады деп сенеміз. Мені, Олжас Әбішевті сот бостады деп сенеміз. Жаңа Қазақстанға, әділетті Қазақстанға сенеміз, - деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ сот процесі өтіп жатқан ғимарат іші лық толды. Жиналғандар Біртанов пен Әбішевті босатуды сұрады.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Сондай-ақ прокурор Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтен 1,3 миллиард теңге өндіріп алуды сұрады.

Одан бөлек, Біртановтан санитарлық авиация бортын пайдалануға жұмсалған 5 млн 503 мың 721 теңге өндіріп алуды ұсынды.

БІРТАНОВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды.

Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы 2020 жылдың қарашасында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды. Бастапқыда оған мемлекеттің ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін 5 күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді.

Қаржы мониторингі агенттігінің пікірінше, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады.

Бұдан басқа, Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Астанаға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді.

Жарыссөзде Елжан Біртанов санавиация ұшағын пайдаланғаны қылмысқа жатпайтынын жеткізді.

Менің санавиация ұшағын пайдаланғаным да қылмысқа жатпайды. Ол мемлекет мүддесі үшін, басқа адамдардың денсаулығын қорғау үшін жүзеге асырылды. Бұл жерде ешқандай шығын жоқ деп санаймын, - деді экс-министр.

Сондай-ақ ол коронавирус инфекциясын жұқтырғаны нақтыланбаса да, өзінің ең қауіпсіз жолды таңдап, елодаға қайтқанын айтты.

«...Егер мен штаб бастығы болмасам, Таразда қалып емделуші едім. Мен Астанаға емделу үшін келген жоқпын. Өзімнің қызметтік міндетімді әрі қарай жалғастыру үшін ең қауіпсіз жолмен қайттым. Мақсатым мемлекет мүддесінде басқа адамдардың денсаулығын қорғау болды. (...) Таразда сырқанттанып қалғанымды түсіндім. Бірақ мен министр ретінде астанада жұмыс істеуім керек еді», - деді Біртанов.

ОЛЖАС ӘБІШЕВТІҢ ІСІ

Әбішевтің ұсталғаны туралы 2 тамызда хабарланды. Ол «билікті асыра пайдаланды» деген күдікке ілінді.

3 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сол кездегі денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Олжас Әбішевтің өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш бергенін хабарлады. Содан кейін Әбішевтің екі айға ұсталғаны белгілі болды.

Олжас Әбішев 2018 жылы денсаулық сақтау вице-министрі болды. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама