Halyq Uni логотип
×

Украинада зардап шеккен қазақстандықтар бар ма – СІМ жауабы

Украинадан 528 азамат эвакуацияланбақ

 Халық үні 26.02.2022 | 17:00
Украинада зардап шеккен қазақстандықтар бар ма – СІМ жауабы
фото: bloomberg.com

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Украинада зардап шеккен қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.

Бақытымызға орай, зардап шеккендер жоқ. Әзірге бізге ондай ақпаратпен ешкім хабарласқан жоқ. Әрі қарай да солай болады деп сенемін, - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның мәліметінше, Украинадан 528 Қазақстан азаматы эвакуацияланбақ. Ол жақтан алғашқы рейс 27 ақпанда ұшуы мүмкін. Себебі қазір Украинада діттеген жеріңе жету қиындап кеткен. Еліміздің азаматтары отырған автобустар бірнеше сағат бойы кептелісте тұр. Ал басқа көліктер бағасын бірнеше есе шарықтатып жіберген.

Бұған қоса, ресми өкілдің айтуынша, еліміздің дипломаттары Украинада қалыпты режимде жұмыс істейді.

«Елшілік қызметкерлері бірінші болып эвакуацияланса, басқа азаматтарды қалай құтқарамыз? Естеріңізде болса, Кабулда да солай болды. Яғни, дипломаттарымыз соңына дейін жұмыс істеп, азаматтарымызға барынша көмек көрсетеді. Содан кейін оларды эвакуациялау мәселесі туындайды», - деді Смадияров.

Атап өтсек, қазір Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Қазақстан және Украина арасындағы әуе рейстері тоқтады. Бұған қоса еліміздің турфирмаларына жолдама сатуға тыйым салынады. Қазақстан Украинадағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама