×

Агенттік табысына сәйкес келмейтін соманы құмар ойынға жұмсаған мемлекеттік қызметкерлерді тексеріп жатыр

Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қадағалау органдарынан хат түскен

 Айгерім Таубай 04.11.2022 | 13:45
Фото: sputnik.kz

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірқатар мемлекеттік қызметкердің казиноға барғанына қатысты пікір білдірді.

Агенттіктің хабарлауынша, қадағалау органдарынан агенттікке бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлерінің құмар ойындарға әуестігі және ойын-сауық мекемелерінде табыстарына сәйкес келмейтін соманы жұмсау фактілері бойынша хат түскен.

Агенттік жекелеген мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға қатысу мәселелері бойынша тиісті тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижесі белгілі болған соң мемлекеттік қызметкерлер тарапынан бұзушылық анықталған жағдайда нақты шаралар қолданылады, - деп жауап берді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Halyq Uni ресми сауалына.

Сондай-ақ агенттік әдеп нормаларын сақтау бойынша мемлекеттік қызметкерлермен профилактикалық жұмыстар жүргізу кезінде мәселеге назар аудару қажет екені туралы мемлекеттік органдарға хат жолдады.

«Бұл жұмыс құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жыл сайынғы жоспарға сәйкес әдеп жөніндегі уәкілдермен де жүргізіледі», - делінген ақпаратта.

Алматы облысы прокуратурасы мемлекеттік қызметкерлердің 507 миллион теңгесін құмар ойынға жұмсағанын хабарлады. Прокуратура дерегіне сәйкес, 305 мемлекеттік қызметкер казиноға барған.

Содан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үш қызметкерінің казиноға барғанына қатысы жауап берді.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі казиноға барған қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.

Қаржы мониторингі агенттігі ақпарат расталса, қызметкерлеріне қатысты тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді.

Қаржы мониторингі органдарының қызметкерлері ойын мекемелеріне барған жағдайлар бойынша қазір агенттіктің ішкі қауіпсіздік департаментінде қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, - делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Ал Ішкі істер министрлігі казиноға барған нақты 88 полиция қызметкерін анықтады.

Ақпаратта бірқатар полицейдің дерегі қайталанған. 88 полиция қызметкерінің 17-сі бұрын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарынан босатылған, - деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Құмар ойындарға қатысу фактілері анықталған қызметкерлерге қатысты «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Заңнамасының талаптарына сәйкес тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама