×

Ішкі істер министрлігі казиноға барған 71 қызметкеріне қандай шара қолданғанын хабарлады

Министрліктің 97 қызметкерінің казиноға барғаны айтылды

 Айгерім Таубай 04.11.2022 | 12:43
Коллаж: Халық үні

Ішкі істер министрлігінің 71 қызметкерінің казиноға барғаны анықталды. Бұл туралы министрлік Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Алматы облысы прокуратурасы мемлекеттік қызметкерлердің 507 миллион теңгесін құмар ойынға жұмсағанын хабарлады. Прокуратура дерегіне сәйкес, 305 мемлекеттік қызметкер казиноға барған. Ішінде ішкі істер министрлігінің 97 қызметкері бар екені көрсетілген.

Министрлік ақпаратына сәйкес, құмар ойыны орындарына барған анықталған полиция қызметкерлері бойынша тексеру жүргізілген.

Нақты 88 полиция қызметкері анықталды. Ақпаратта бірқатар полицейдің дерегі қайталанған. 88 полиция қызметкерінің 17-сі бұрын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарынан босатылған, - деп жауап берді министрлік Halyq Uni ресми сауалына.

Құмар ойындарға қатысу фактілері анықталған қызметкерлерге қатысты «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Заңнамасының талаптарына сәйкес тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды.

«Сонымен қатар барлық буын басшылары және жеке құраммен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау туралы
ескерту-профилактикалық жұмыс жүргізілді», - деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Айта кетейік, бұған дейін бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үш қызметкерінің казиноға барғанына қатысы жауап берді.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі казиноға барған қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.

Қаржы мониторингі агенттігі желіде тараған ақпарат расталса, қызметкерлеріне қатысты тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді.

«Қаржы мониторингі органдарының қызметкерлері ойын мекемелеріне барған жағдайлар бойынша қазір агенттіктің ішкі қауіпсіздік департаментінде қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр», - делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жекелеген мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға қатысу мәселелері бойынша тексеру жүргізіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама