×

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы сотталды

Ол сыбайласымен бірге 25 млн теңгеге жуық инвестициялық қаржыны жымқырған

 Динара Амантай 11.10.2022 | 10:12
фото © Нұрдәулет Әбікеев

Қызылорда облысында ірі көлемде қаржы жымқырған ауылшаруашылығы басқармасының басшысы мен бас маманы сотталды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ірі көлемде инвестициялық субсидия қаражатын талан-таражға салып, әрі қарай жымқыру дерегі бойынша облыстық ауылшаруашылық басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Мемлекеттік қызметшілер бірнеше шаруа қожалықтарында ешқандай жұмыс атқарылмай, жабдықтар қойылмай, жұмыстың толық орындалғаны туралы жалған құжат әзірлеген. Сонымен бірге олар жалған ақпаратты «Qoldau.kz» жүйесіне енгізіп, субсидия беру туралы өтінімге электронды қол қойған. Өз кезегінде кәсіпкерлер келісімшарт сомасының 10% көлемінде сыйақы үшін жалған құжат әзірлеп, 25 млн теңгеге жуық мемлекет қаржысын жымқырған.

Сот шешімімен Облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы мен бас маманы кінәлі деп танылды. Олар мемлекеттік ұйымдарда материалдық немесе қаржы аударымына негіз болатын құжаттарға қол қою құқығы жүктелетін лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айырылды. Бұған қоса 2 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама