×

«Үтік басып азапталғандардың даусын естідім». Төрт ай қамауда болған Мереке өкінішін айтты

Қаңтар оқиғасына қатысқан талдықорғандыққа үш жыл алты айға шартты жазаға тартылған

 Халық үні 05.07.2022 | 13:46

Талдықорғандық Мереке Ырысбек қаңтар оқиғасы кезінде Ішкі істер департаментінің қару сақталатын қойманы айыпталып жатқан «қаңтаршылар» емес, оны күштік құрылымдардың өздері ашып кетті деген пікірде. «Департаменттің қару сақталатын қоймасын қарапайым халық қайдан біледі? Оны қайда екенін білетін күштік құрылым қызметкерлерінің өздері ашқан. Мұның барлығы ұйымдастырылған қойылым» дейді ол.

Ырысбек Мереке – 20 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны. Қаңтар оқиғасына дейін ол Атырауда вахталық режимде жұмыс істеп жүрген. Үш ай сол қалада жұмыс істеп, өз үйіне демалуға келетін Мереке дәл қаңтар оқиғасы күндері үйінде болғанын айтады.

«Жұрттың бәрі алаңға жиналып жатыр екен дегенді естігенде мен де алаңға бардым. Мен де елімізде еңбекақының төмендігіне, қымбатшылыққа наразы едім. Сол наразылықпен шықтым. Бірақ, мен барғанда әкімдік ғимараты қирап, ескерткіш (Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қаласындағы Н.Ә.Назарбаевтың ескерткіші құлатылған) құлап, жұрт дүрлігіп, у-шу болып жатты. Біраз адам «Нұр Отан» партиясының әкімшілік ғимаратына барып, ары-бері сабылып жүрді. Сол кезде мен де оларға ілесіп «Нұр Отанға» барып, қайтып келе жатқан кезде, қаумалаған жұрт Ішкі істер департаментінің ғимаратынан қару алып жатыр екен. Маған да қызық болып кетті, өмірімде қолыма қару ұстап көрмеппін, мен де барып қару алып алдым. Содан кейін ол жерде атыс-шабыс, у-шу үдей түсті. Мен бірден үйге қайттым. Себебі, байқамай біреу атып жібере ме деп қорқып кетіп қалдым. Қаруды үйге алып келген соң өкіндім. Ертеңгі күні 102 нөміріне қайта-қайта хабарласып, қаруды өткізбекші болдым. Бірақ, полиция қызметі жұмыс істемеді. Телефон алмады, алса естілмеді. Оның ертеңгі күні қайта хабарластым, тағы солай болды. Сүйтіп, екі-үш күн өтті, мені 10 қаңтарда полиция қызметкерлері өздері келіп үйден алып кетті. Сол жерде қаруды бірден өткіздім, сонда олар «өз еркімен өткізді» деп жазып алған болатын», - деп баяндады оқиғасын.

Ішкі істер департаментіне апарған соң, алты күн бойы ұрып-соғып, азаптады деген ол жүрегінің бір қалқаншасы майысып кеткенін, ұмытшақ болып қалғанын және жүйкесі сыр бергенін айтады. Оған заңсыз қару алды, ұрлық жасады және қаруды заңсыз сақтады деген айыптар тағылып, үш жыл алты айға шартты жаза кесілген. Айтуынша, оны абақтыда алты күн бойы каскамен, дубинкамен ұрып, аяусыз соққыға жығып, азаптаған. Абақтыда 4 ай 13 күн жатқан Мереке бұл оқиғадан тек өзі ғана емес, ата-анасы да зардап шеккенін айтып қынжылады. Денсаулығы жоқ әкесінің қыс бойы абақты алдында тұрып суық өткізіп, денсаулығы одан әрі нашарлағанын және шешесін сары уайымға түсіргені үшін қынжылыс білдірді.

Екі інім, екі қарындасым бар, олар өте кішкентай, мен әкемнен кейінгі үйдің асыраушысымын. Қазір бұрынғыдай басқа қалаға барып вахталық режимде жұмыс та істей алмаймын. Біздің қалада еңбекақысы жақсы жұмыс та жоқ. Бюджеттік, азаматтық қызметтерге алмайды. Себебі, сотталған қағазым бар. Мен түрмеде болғанда әкем де жұмыстан шығып кеткен, - дейді Мереке.

Мереке алаңға барғанына, қару алғанына өкінсе де, іштей елімізде бір өзгеріс болғанын қалайды. Халықтың жалақысын көтеруді сұрайды. Себебі, ол қаңтарда алаңға шыққан қарапайым халық билікке өзінің мұңын, назын айтуға барды деп санайды.

«Азаптау кезінде, бізден «Тағы қандай қаруың бар?» «Митингіде кім болды, кімді көрдің? «Кім қару алды?» деген сияқты сұрақтарды жиі қойды. «Ештеңе білмейм, басқа қаруым жоқ» десем, қайта-қайта ұрады. Осы оқиғаны ойласам, ең бірінші мені бірнеше адам (күштік құрылым қызметкерлері) жерге жатқызып алып тепкілеп жатқаны есімнен кетпейді. Бастапқыда маған терроризм актісі бойынша айып тағылды. Бірақ, оған ешқандай дәлел табылмаған соң, ол алынып тасталды. Менің ойымша, билік 20 000 террорист ұшып келді деп алып, оны дәлелдеу үшін бізді, қарапайым халықты мойындатып шығармақ болды. Мысалы, қазір абақтыда Азамат Батырбаев, Бауыржан Әлиясқаров және тағы бір жігіт жатыр. Талдықорғандағы сол бүліктің барлығын осы үшеуінің мойнына іліп жатыр. Азаматқа ескерткішті құлатты деген айып тағылып отыр, бірақ Азамат оны істемегенін айтты. Бірақ айыптарына дәлел жоқ. Сондықтан іс ұзаққа созылып кетті. Департаменттің қару сақталатын қоймасын ашқан адамдар – қарапайым халық емес. Себебі, оның қайда орналасқанын халық қайдан біледі? Менің ойымша, оны күштік құрылым қызметкерлері өздері ашып кетті», - дейді Мереке.

Мереке өзімен қатар түрмеде отырған адамдардың арқасына үтік басып жатқанда жан ұшыра айғайлаған дауыстарды еске ала отырып, қаңтар оқиғасының ақ-қарасы ашылатынына сенетінін айтты.

Шынаргүл Оңашбай, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама