×

«Үркер» тұрғындарының жанайқайы: арнайы жұмыс тобы құрылатын болды

Тұрғындар сорғы-сүзгі стансасының құрылысына наразы

 Гүлбаршын Нұрхан 26.09.2023 | 14:50

Астана маңындағы «Үркер» тұрғын алабының бір топ белсендісі Нұра әкімдігінің ғимаратына жиналып, шағымын жеткізді. Тұрғындар үйлерінің жанында құрылысы жүріп жатқан сорғы-сүзгі стансасына наразы. «Үркер» тұрғындары құрылысты тоқтатуды талап етті.

Тұрғындармен кездесуге түрлі ведомство өкілдері шақырылған. Алайда «Үркер» жұртымен кездесуге тиісті министрлік өкілдері келмеді.

«Үркер» тұрғындары жауапты тұлғаларға қаншама рет шағымын жеткізсе де, әлі күнге дейін толыққанды жауап ала алмаған. Тіпті, шағымданған жұрт кездесуге департамент өкілдерінің дайындықсыз келгенін айтты.

Әкімдікке жиналған жұрт мемлекеттік органдардың сараптама жүргізгеніне қарамастан, «Үркер» тұрғын алабында жағымсыз иіс шығатынын айтады. Егер сорғы-сүзгі стансасы жанынан тағы бір станса салынатын болса, жағдай бұрынғыдан да ушығуы мүмкін.

Кездесуге келген тұрғындар Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағалиевтің жауабына қанағаттанбады. Алайда, аудан әкімі тұрғындардың шағымы бойынша (тұрғын алабының белсенді өкілдерімен бірге) арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама