×

Абайдың туған күнін 10 тамыз деп белгілеген кім: Ақынның туған жылы мен күніне қатысты ғалым пікірі

Ақынның туған күнін жазушы Мұхтар Әуезов бекіткен

 Ая Өміртай 10.08.2023 | 18:04

Кейінгі жылдары зерттеушілер тарапынан Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге қатысты тартысты пікірлер жиі айтыла бастады. Осы орайда Halyq Uni тілшісі абайтану саласын зерделеп жүрген ғалымдардың пікірін білу мақсатында белгілі абайтанушы, филилогия ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбаймен әңгімелесті. 

Ғалымның айтуынша, Абайдың туған күні – 10 тамыз. Абай туған күні ресми бекітілгенге дейін, еліміздің әр өңіріндегі мекемелер атаулы күнді өздерінің есебімен бөлек-бөлек атап өтіп жүрді.

Ұлттың өмірінде және руханиятында мәңгілік өзекке айналған тұлғалар болады. Сол ұлы тұлғалардың айтулы күндерін еске алу арқылы ұлтымыздың, мемлекетіміздің, тіптен өзіміздің өткенімізді еске алып, бүгінімізді саралаймыз, ертеңімізге бағыт береміз. Абай сондай күретамырлы тұлға. Ұлттың алтын өзегіне айналған ұлы тұлғалар әлемде аз. Бірақ әр ұлтта бар. Ондай данышпаны жоқ ұлттар сорлы, дамымаған ұлт, – дейді Тұрсын Жұртбай. 

Ғалымның айтуынша, ақынның туған күнін жазушы Мұхтар Әуезов бекіткен. Абайдың толық жинағы шыққан кезде жазушы Әуезов ақынның туған күнін 10 тамыз деп көрсеткенін айтады.

«Гете неміс халқы үшін сондай дана. Немістер әлемдік аренаға шығып, мәдениеті мен салтанатын құрған сайын, Гетені өздерімен бірге биіктете береді. Орыста – Пушкин, қазақта – Абай. Осы уақытқа дейін Гете мен Пушкинге, оның өмірбаянына немесе жеке мінезіне сын айтып, менсінбей қараған орыс, неміс жоқ. Өкінішке қарай, біз Абайды талаумен, талапайға салумен, ерініп жатып, шалқамыздан түсіп ап шапшытумен келеміз. Жасымыз да, кәріміз де, сауатсызымыз да, данамыз да Абайды шымшып өтуге құмар. Соның ішінде Абайды зерттеп жүрген, абайтанумен айналысып жүрген мекемелер Абайдың туған күні 15 тамыз, 23 тамыз, 29 шілде деп құбылтып келеді. Сол мекемелер абайтану айналысатын мекемелер, оталықтар, институттар мен университеттер осыны бір көкей қылып алып, жаңаша талдаймыз дейді. Мен соларға таң қаламын. Өздері білмейді, білгеннің тілін алмайды. 10 тамызды туды дегенді кім белгілеген? 1940 жылы Мұхтар Әуезов, Әрхам Ысқақов, Қайым Мұхамедханов үшеуі ақылдасып отырып, тасқа жаздырып, сол тасты арбамен Жидебайдағы басына қойған. 10 тамыз – Абайдың туған күні, ұлттық мереке ретінде атап өтуі заңды», – дейді абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай. 

Ғалымның айтуынша, «Өзге жұрттан қазақтың сөзі ұзын» атты мақаласында 5 күннің белгіленген себептері мен Абайдың туған кезіндегі анықтама қағазын негізгі ала отырып, туған күні мен қайтыс болған жылын тарқата көрсеткен. 

Айта кетелік, Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге қатысты кейінгі жылдары түрлі пікір айтыла бастады. Зерттеуші Зәуре Батаева Абайды алаштанушылардың жобасы деп атаса, журналист Жанұзақ Әкім хакім қарасөздеріндегі қазақ ұлтына қатысты сөздер мектеп оқулықтарынан алынып тасталуы қажет деп Тоқаевқа алғыс хат жолдаған. Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай аталған мәселелерге қатысты тілшімізге берген сұқбатында кеңірек әңгімелеп берді. 

Тұрсын Жұртбай 1951 жылғы 15 тамызда Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Абай ауданының Шаған ауылында туған. 1969-1974 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыды. «Замандасым, сырласым» (1976), «Қоңыр қаз» (1978), «Жүрегімде жұмыр жер» (1980), «Бесқарагер» (1982), «Дара тұлға» (1984), «Жер - бесік» (1985), «Бабочка под снегом» (орыс тілінде, 1990), «Талант Калибека» (1992, орыс тілінде), «Болашақтың бәйтерегі» (2007) атты көркем шығармалардың авторы. Бейуақ» (1990), «Дулыға» (1-2 кітап, 1994), «Кетбұға» (1996), «Бесігіңді түзе!», «Талқы» (1997), «Күйесің, жүрек... сүйесің!» (2001), «Бесігіңді аяла!» (2002), «Құнанбай» (2004), «Сүре сөз» (2005), «Дулыға» (қайта басылымы, 2007), «Ұраным - Алаш!..» (2007) атты деректі ғылыми-зерттеу кітаптары шыққан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама