×

Мемлекет майшелпек емес – депутаттар 4 пайыздық автокредит бағдарламасының тоқтауы туралы

Енді қаржы тозған автобустарды жаңартуға жұмсалады

 Дәурен Ерболат 22.06.2023 | 13:15

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 4 пайыздық автокредит бағдарламасының тоқтайтынын айтқан еді. Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаттары пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Айдос Сарым, депутат:

- Менің ойымша, мұның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясына қатысы жоқ. Бұл – бюджеттің мәселесі. Бүгінде (4 пайыздық автонесие бағдарламасымен) машина аламын деушілердің саны мен мемлекеттің мүмкіндіктері екі түрлі.

Мысалы, Қазақстанда 600 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр. Олардың бәрін (үймен) қамтамасыз ету мүмкін емес. Менің ойымша, (Индустрия және инфрақұрылымдық даму) министрлігінінің бірінші жұмысы – осыны халыққа түсінікті тілде айту, ойын ережесін түсіндіру. Біз қоғамды дүрліктірмей, артық үміт бермей, нақты көрпеге қарай көсілетін саясат жүргізуге тиіспіз.

Біріншіден, қазірден бастап, бюджет қаражатын үнімді пайдаланып үйренуіміз керек. Екіншіден, осыны халыққа дұрыс түсіндіру қажет.

Мемлекет дегеніміз майшелпек емес. «Аузымды аштым, маған бүкіл дүниені бер-бер» деудің керегі жоқ. Біз (халыққа – автор) «Мемлекеттің мынаған-мынаған мүмкіндігі жетеді. Осындай топтарға көмектесу парыз, борыш. Қалғандарың өздерің күн көріңдер дейтін жұмыс атқарылуға тиіс» деп нақты айтуымыз керек. Ол үшін бедел де, мүдделестік пен мұратшылдық та болуы қажет. Керек болса, (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі) Марат Қарабаев та аймақтарға шығып, жұртқа түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс.

Ұлықбек Тұмашинов, депутат:

- Мен бұл мәселені толық білмеймін. Бірақ халықтың жағдайын ойлауымыз керек.

Константин Авершин, депутат:

- Алдымен логиканы түсінуіміз керек. Бәріміз мемлекеттің қаражаты шектеулі екенін түсінуіміз қажет. Тиісті қорытынды шығарылған соң, басымдық қоғамдық көлікке берілді.

Ардақ Назаров, депутат:

Бүгінде Үкімет те, министрлік те, тіпті, президент те «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, жұмыс істеп жатыр. Сондықтан міндетті түрде халықпен санасуы керек. Сондай-ақ (мәселені) зерделеп, шешім қабылдауы қажет. Бірден ондай шешім қабылдауға болмайды.

Мархабат Жайымбетов:

- Мұндағы мәселе қаржыға байланысты. Халықты тасымалдайтын автобустар бар. Оларға (сатып алу үшін – автор) көп қаржы керек. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (4 пайыздық автонесие бағдарламасын тоқтату туралы – автор) шешім қабылдады деп ойлаймын. Мен министрдің сұхбатын көрдім. Бұрын жеңіл автокөліктерге бөлінетін қаржы автобустарға (сатып алуға – автор) бөлінеді, деді. Бұл да маңызды бағыт болғаннан кейін осындай шешім қабылданды деп ойлаймын.

Ринат Зайытов, депутат:

- Бұл («Халыққа құлақ асатын мемлекет») концепцияға толық қайшы. Жалпы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне басқа салалар бойынша да сұрақ көп. Бұған дейін де 4 пайыздық автокредит бағдарламасын адамдар оңайлықпен алған жоқ. Талай әрекет жасап көрді. Нюанстары өте көп деп сылтауратты.

Сондықтан қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мұндай сынды тойтарымыз десе, бәлкім басқа бағдарламалары бар шығар. Алайда ескертпей, аздай болса да халыққа сеп болады деген мемлекеттің үлкен бағдарламасын аяқ-астынан тоқтата салу – қате.

Автобус мәселесін басқа жолмен де шешуге болады. Егер депутаттармен бірлесіп жұмыс істесе, бізде де ұсыныс жасаған депутаттар бар. Автобустар дегеніміз автобус парктері ғой. Олар жеке адамның меншік құзыретінде. Бізде мемлекеттің қаржысын жекеменшік компанияға салуды жалпы тоқтату керек. Жеке банкті де, жеке компанияны да, бәрін де асыраймыз. Қайтарымы жоқ болса, оларды асыраудың не қажеті бар?

Бұған дейін депутаттар утильалымды тоқтатуды, 4% автонесиені жалғастыруды талап еткен еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама