×

Қағазбастылық: Моңғолиядан келген қандас 10 жылдан бері мүгедектік туралы құжат ала алмай жүр

Алмас Арыхарқызының бір құлағы мүлде естімей қалған

 Наима Нұрәлі 24.01.2023 | 10:00

55 жастағы Моңғолиядан келген қандас Алмас Арыхарқызы 10 жылдан бері мүгедектік туралы құжатын рәсімдей алмай жүр. Оның бір құлағы мүлде естімейді. Құжат жинаумен шапқылап жүргенде құлағы іріңдеп кеткен. Ал екінші құлағы жартылай ғана естиді.

Қазақстанда құжат жинаудың машақаты көп екенін айтқан Алмастың сіңлісі Еркегүл бұл жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр.

«Денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Дәрігерлер бір-біріне сілтеп жүргенде, құлағы мүлде естімей қалды. Мүгедектік туралы құжатын рәсімдейін десе, тағы да қағазбастылыққа тап болдық. Бітпейтін тексеру. Солай жүргенде құлағының сүйегі шіріп кетті. Былтыр бір құлағына ота жасаған. Алда тағы 2-3 операция бар. Ауруханаға жатып емделейін десе, тағы да күтуі керек. Жолдамамен ауруханаға жатқанның өзінде «дұрыс емес» деп қайтарып жібереді. Қағазбастылық пен ауру адамды жүгіртуге үйренген жүйе болды. Құлағы естімейтінін растайтын құжат бар. Неге қайта-қайта тексереді? «Қазақ саңыраулар қоғамына» барсақ, оны ЛОР-дәрігер шешеді дейді. Олар «біз емес» деп жауапкершілік алудан қашады. Осылай жүргенде денсаулығы құрыды», - дейді Еркегүл Арыхара.

Алмас Арыхарқызын 2010 жылы көлік қағып, өлім аузынан қалған. Ол мұзға шалқасынан құлап, басын жарып алады. Сол кезде дәрігерлер дұрыс қарамаған көрінеді. Одан бөлек, құлағына ота жасату үшін 7 жыл күтуге мәжбүр болған. Дәрі-дәрмек алуға қалтасы көтермейтін қандас бұл мәселеге әкімдіктің араласуын талап етіп, мүгедектік туралы құжатты рәсімдеп беруін сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама