×

Автосалон орнына саябақ: Астанада жекеменшік компания Көлгіновтің сөзін елемей отыр

«Алтын шар» тұрғын үй кешенінің пәтер иелері наразылыққа шықты

 Наима Нұрәлі 22.10.2022 | 14:56

Астанадағы «Алтын шар» кешенінің тұрғындары үй іргесінде салынып жатқан «Аллюр авто» компаниясының құрылысына қарсы. Тұрғын үйдің дәл алдында тағы бір автосалон бой көтермек. Әу баста бұл жер учаскесінде саябақ салу жоспарланған. Қазір бұл маңда тұрғындар серуендейтін, балалар ойнайтын жер жоқ. Тұрғындар күнделікті құрылыс дүрсілінен 23 қабатты үйдің қабырғалары жарылып, іргетасы сөгіліп жатқанын айтады.   

«Халықты адам құрлы көрмейді. «Аллюр автонының» қожайыны халықты басынғаны соншалық, қала әкімі Алтай Көлгінов құрылысты тоқтатуға бұйрық берсе де, тыңдамай, жұмысын жалғастыруда. Тарсылдан үйіміз құлайтын болды. Бұл жерде атвосалон салынса, Тұран көшесі жабылады. Біз үйден шыға алмай қаламыз. Көлік қоятын орын жоқ. Балалар далаға шығып ойнай алмайды, бәрі үйде отыр. Кемпір-шалдар да серуендегісі келеді. Біз адам емеспіз пе? Сонда жоғарыдағыларға ғана жағдай жасала беруі керек пе?», - дейді Айгүл Ашекова есімді тұрғын.

Биыл қыркүйекте қала әкімі Алтай Көлгінов тұрғындармен кездесіп, құрылысты тоқтататын айтып, орнына саябақ салынатынына уәде берген. Сот шешімімен мердігер компания құрылысты тоқтатуға тиіс еді. Алайда сол күннің ертеңіне керісінше құрылыс жұмыстарын одай сайын үдеткен.

19-қабатта тұрамын. Дірілден диванда отыра алмаймын. Балконға шығуды қойдым. Өйткені терезелер шытынап, құлап кетемін бе деп алаңдаймын. Осы үйді сатып алатын кезде автосалон емес, саябақ болатынына сендірді. Қазір балалар да, үлкендер де далаға шықпай, үйінде тығылып отыр. Өз үйімізде еркін жүре алмаймыз ба? Биліктегілер біздің мәселемізге назар салып, бұл бассыздықты тоқтатсын, - дейді атын атамауды өтінген пәтер иесі.

«Алтын шар» тұрғындары бұл мәселе бойынша бірінші рет наразалыққа шығып отырған жоқ. Халық саябақ мәселесін көтерген сайын арасына автокомпанияның «жалдамалы адамдары» шығып, «саябақ керек емес» дейтін көрінеді. Бұл жолы да құрылыстың жалғасуын жақтайтын бір топ адам плакат ұстап шыға келді. Олардың ұстанымын ұнатпаған тұрғындар «жалдамалы адамдардың» плакатын жыртып, ауладан қуып жіберді. Пәтер иесі Ибрагим Шалабай да көршілерінің ойын қуаттап отыр. Түбінде автосалон салынса, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері тар жолдан ішке кіре алмайтынын айтып, ашынады.

«Екі жыл бұрын көшіп келгенбіз. Қазір үйіміздің алдына жедел жәрдем көлігі әрең келіп жүр. Жол тар, оның үстіне автосалон қызметкерлері ауламызға көлігін қойып кетеді. Бос жер жоқ. Балалар амалсыздан алыстағы ботаникалық сабяққа барып жүр. Саябаққа жеткенше, үйге келгенше тақымымды қысып отырамын. Қыркүйекте аудан әкімі де, қала әкімі де келіп, көмектесетінін айтқан. Бірақ нәтиже болмады», - дейді Ибрагим Шалабай.

Тұрғындардан шағымынан соң қала билігі құрылыс алаңына тексеру жүргізуді тапсырған. Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Оксана Ибраева бүгінде шаһар басшысының бұйрығымен құрылыс тоқтатылғанын жеткізіп, ертең тексеру жүргізілетінін айтты. Басқарма басшысы орынбасарының бұл сөзіне тұрғындар сенбейді. «Былтыр да осылай деген, бірақ құрылыс әлі жүріп жатыр», дейді олар.

«Алтын шар» тұрғындары осы мәселе бойынша Мемлекет басшысына үндеу жасап, саябақ орнына автосалон салынатын болса, жолды жабуға дейін баратынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама