×

Назарбаев әнұран авторы болып қала бере ме – депутаттар жауабы

Бірі әнұранды өзгерту қажет десе, енді бірі қолданыстағы нұсқаның сақталуын қолдайды

 Дәурен Ерболат 06.10.2022 | 16:34

Мәжіліс депутаттары мемлекеттік әнұранды өзгертуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың бірі әнұранды өзгерту қажет десе, енді бірі қолданыстағы нұсқасы сақталуы қажет деп санайды.

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбайдың сөзінше, әнұранды өзгертудің қажеті жоқ.

Қазіргі әнұранды бүкіл әлем мойындаған. Тіпті Америка төрінде де шырқалып жатыр. Сондықтан оны өзгертудің, қайта қараудың қажеті жоқ деп ойлаймын, - дейді Дархан Мыңбай.

Константин Авершин қазіргі әнұранның заманға сай екенін айтады.

Заман өзгереді, біз де өзгереміз. Ескі әнұран есімізде, салған кезде рух сезілетін. Жаңа әнұранның заманы келді, - дейді депутат.

Ал Қазыбек Иса мемлекеттік әнұранның өзгеруіне қарсы емес екенін жеткізді.

«Бұрынғы әнұранның әні жақсы, рух береді. Бірақ сөзіне қосыла бермеймін. «Аман сау қалыппыз» деп екі рет айтудың не керегі бар? Ол – хабарлама. Ал қолданыстағы әнұранға кей автор жолдан қосылып, көптеген өзгеріс енгізіп жіберген. Кезінде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов Үкімет үйінің емен есігінен де кіре алмады. Өмірден өтіп кеткен екі адамның ортасына барып Елбасымыз кірді», - дейді Қазыбек Иса.

Депутат Шәмші Қалдаяқов (әні – автор) пен Жұмекен Нәжімеденов (сөзі – автор) көрсетілген әннің бастапқы нұсқасын қайтару керек деген пікірде.

Бұған дейін мәдениет және спорт министрлігі еліміздің мемлекеттік гимні халық бастама көтерсе ғана ауысатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 1992 жылы Қазақстанның мемлекеттік гимнді таңдау конкурсында әнұранның 750 нұсқасы қаралды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтауға шешім қабылданды.

Осылайша, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің музыкасы қалды.

Ал үздік мәтінге жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстанның жаңа мемлекеттік әнұраны ретінде қабылданды.

Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәтінге біршама өзгеріс енгізді. Сөйтіп, авторлардың қатарына қосылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама