×

«Әркімнің басына келуі мүмкін». Дәрігерлер қайтыс болғаннан кейін органдарды донорлыққа беруді сұрайды

Жыл сайын 300 шақты адам донордың жоқтығынан қайтыс болады

 Айнұр Шошаева 23.09.2022 | 11:25
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда орган ауыстыруға мұқтаж науқастардың күту парағында 3566 адам бар. Жыл сайын олардың 300-ге жуығы донор табылмағандықтан қайтыс болып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Әлемнің 30 мемлекетінің трансплантологтары Астанада жиналып, «Transplantation in Central Asia: Innovation, Cooperation, Compassion» халықаралық конференциясын өткізіп жатыр. Қазақстандық дәрігерлер шетелдік әріптестеріне орган алмастыруда жеткен жетістіктерімен бөлісті. Алайда отандық трансплантологияда проблемалар да жоқ емес. Соның бірі әрі бастысы – мәйіттік донорлықтың дамымауы болып отыр, дейді дәрігерлер. 

Бүгінде елімізде мәйіттік донорлыққа қарағанда туыстық донорлық басым. Мәселен, соңғы бір жылда отандық дәрігерлер 120 донорлық орган алмастыру отасын жасаған. Оның 113-ін туыстары берсе, қалған жетеуі мәйіттен алынған. 

Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы 10 жыл бұрын жасалды. Сол уақыттан бері 85 жүрек трансплантациясын жасадық. Соңғы 5 жылда небәрі 2-3 трансплантациядан болды. Әрине, бұл өзекті пролблема. Себебі бүгінде 121 науқас жүрек донорын күтіп отыр, – деді Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың трансплантация бойынша үйлестірушісі Сәуле Шайсұлтанова.

Оның айтуынша, жыл сайын күту парағында тұрған науқастың шамамен 30 пайызы донор табылмаған соң қайтыс болады. Сондықтан дәрігер донор тапшылығы медициналық емес, мемлекеттік деңгейдегі проблема деп есептейді. 

«Бұл донорлық стационарды ұйымдастыру проблемасы. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 40 донорлық стационар бекітілгені айтылды. Соңғы 10 жылда 40 донорлық стационардан біздің трансплант үйлестірушіміз – Трансплантациялық бюро небәрі 174 әлеуетті донор туралы хабарлама алды. Олардың 87-нің органын алдық. Ең үлкен проблема донордың туыстарының келісім бермеуі болып отыр. Бұл жүйелі мәселе болғандықтан, заңнама тұрғысынан шешімін табуы тиіс», – деп қосты Шайсұлтанова. 

Дәрігерлер бұл проблеманы шешу үшін Қазақстанда транслантация бойынша жеке заң қажет деп отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін орган алмастырған қазақстандықтардың спорттан халықаралық жарыстарда топ жарғанын жазған едік. 
 
«1500-ГЕ ЖУЫҚ АТА-АНА БҮЙРЕКСІЗ ҚАЛДЫ»

Бүгінде Қазақстанда 6 млн бала бар. Оның ішінде жүрек, бүйрек пен бауыр алмастыруды күтіп отырған балалар да жоқ емес. «University Medical Center» корпоративтік қоры директорының орынбасары Шолпан Алтынова елімізде трансплантациялауға мұқтаж балалардың статистикасын атап өтті. 

«Егер бүйректі алатын болсақ, 6 млн баладан 112 бала диалездік терапиядан өтіп жатыр. Күту парағында 108 бала тұр. Егер бес жыл бұрын 1 млн бала санына 12-14 жаңа баладан келсе, бүгінде 17 баланы көрсетіп отыр. Яғни, осынша бала бүйрек алмастыруды күтіп отыр деген сөз», – деді Шолпан Алтынова. 

Дәрігердің айтуынша, балаларға мәйіттік донорлық дамыса бұл көрсеткіш басқаша болатын еді. 

«Проблема мәйіттік донорлықтың болмауы. Егер ол болса, проблеманы шешуге көмектесетін еді. Балаларға акцент жасап отырған себебім, бұл балалардың ата-аналарына әрі қарай ол баланы өсіріп, жетілдіру керек. Орган ауыстырылғаннан кейін олар толықтай сау бала емес, әрі қарай сауығуы үшін көмектесу керек. Бүгінде донорлардың 46 пайызы аналары, одан сәл аз көрсеткіш әкелері донор болады. Егер мәйіттік донорлық болғанда ата-анасының екеуі де сау болар еді. Донор болу деген науқас дегенді білдірмейді, олар сау болып қалады. Тек бір органы кем болады. Мысалы, 10 жылда 1500 қазақстандық бір бүйрексіз қалды. Мәйіттік трансплантация болмаса, бұл көрсеткіш көбейе береді», – деп қосты дәрігер. 

Бүгінде Қазақстанда 8500 адам гемодиализ алады. 

Мәйікттік донорға келісім беруден бас тартқанда, кез келген адам өзінің органға мұқтаж болып қалуы мүмкін екенін естен шығармау керек. Бұл мұқтаждық әркімнің басына келуі мүмкін. Одан ешкім сақтандырылмаған. Елімізде 8500 гемодиализ алатын науқастың 112 бала. Жүрек пен бауыр бойынша көрсеткіштерді айтып отырған жоқпын.Бүйрек трансплантациясына дейін өмір сүруін қолдайтын гемодиализ бар. Өкінішке қарай, бауыр мен жүрек трансплантациясына дейін өмірін жалғайтын мүмкіндік жоқ, – деп қорытындылады дәрігер. 

«3500 АДАМ ДОНОР КҮТІП ОТЫР...» 

Қазақстанда қажетті органдарды күту парағында 3500-ден астам қазақстандық тұр. Оның 3200-не бүйрек алмастыру керек. 

Жыл сайын күту парағында тұрғандардың 300-ге жуығы донор табылмастан өліп кетеді. Бұл мемлекет үшін өте ауыр шығын. Өйткені қайтыс болып жатқандар жас және орта жастағы азаматтар. Қазақстанда ол науқастарға көмектесу үшін қажетті жағдайдың бәрі бар, трансплант орталықтар, жоғары білікті мамандар мен трансплантация жасауға мүмкіндік бар. Басты проблема – донорлық органдардың тапшылығы, – дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басқарма төрайымы Махаббат Бекбосынова.

Оның айтуынша, әлеуетті донордың туған-туыстары марқұмның органын беруге қарсылық білдіреді. Сондықтан, мемлекеттік деңгейде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту керек деп есептейді. 

«Халық бұл мәселені қабылдамайды. Әлеуетті донордың туыстарымен сөйлескенде, көбінесе қарсылық білдіреді. Біз туған-туыстарымен науқаста тек миының өлімі болған жағдайда ғана сөйлесеміз. Тіпті, адам өлгеннен кейін донор болуға келіскен күннің өзінде ол міндетті түрде донор болады дегенді білдірмейді. Донорлық органның жарамдылығы тексеріледі, көп жағдайда келісім бергенімен донор бола бермейді», - деп қосты ол. 

Айта кетейік, еліміздің eGov платформасында өлімнен кейін донор болуға келісім беру немесе бас тарту туралы өтініш формасы бар. Порталдың кез келген қолданушысы денсаулық сақтау бөліміне кіріп, аталған форманы толтыра алады. Алайда соңғы статистика қазақстандықтардың органын беруді құптамайтынын көрсетіп отыр. 

Соңғы мәліметтер бойынша 25 мыңға жуық қазақстандық eGov арқылы донорлыққа қатысты ниет білдірген. Өкінішке қарай, 1200 мың адам ғана келісім беріп, қалғаны донор болудан бас тартқан, – дейді Махаббат Бекбосынова. 

Айта кетейік, egov.kz порталында донорлыққа келісім беретініңіз немесе бас тартатыныңызды білдіріп өтініш қалдыра аласыз. 

«ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯНЫ ДАМЫТПАЙ НОБЕЛЬ ЛАУРЕАТЫ ШЫҚПАЙДЫ»

«University Medical Сenter» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пя трансплантацияның дамуы әлеуметтің дамуын бағалайтын көрсеткіштің бірі деп есептейді. 

«Трансплантацияның екі түрі бар екенін түсіну керек – бұл тірі донордан транспланттау және қайтыс болған адамнан транспланттау. Бұл екі түрлі мәселе. Жалпы белгілі бір елдің даму деңгейін сол елдегі трансплантологияның дамуымен бағаланады. Бұл қоғамның даму көрсеткіші. Даму деңгейі неғұрлым жоғары болса, трансплантация соғұрлым жоғары болады», – деді Пя. 

Сондай-ақ ол аталған сала дамымай елде даму болмайды деген пікірін айтты. 

«Егер Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның да тарихына көз жүгіртсек, өңірден Нобель сыйлығы мен Пулитцер сыйлығының бірде-бір лауреаты жоқ екенін байқайсыз. Трансплантология дамымайынша ол лауреаттар шықпайды. Өйткені трансплантологияның дамуы тек жүйеаралық өзара әрекеттесу ғана емес, бұл, ең алдымен, әрбір қоғамда ішкі өзін-өзі дамыту мен айналаңдағы адамдарға деген жауапкершілікті көрсетеді. Бұл болған жағдайда ғана қоғам дамып, алға жылжиды. Бұл жауапкершіліксіз біз ешқайда қозғалмаймыз», – деп қосты кардиохирург. 

Сондай-ақ дәрігер Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде трансплантация тақырыбы аз және негативті формада жазылатынын атап өтті. 

Бұл проблема туралы ашық айтып, бастысы үнсіз отырмау керек. Қоғам трансплантация мәселесіне келгенде үндемейді. Жыл сайын мидың өлімімен 2 мыңға жуық адам қайтыс болады. Яғни осынша адамның донор болып, адам өмірін құтқармауы бұл да қылмыс. Бұл жай ғана үнсіз қылмыс. Бұл донорлар өмір сүріп жатқандарға көмектесе алар еді, – деді Юрий Пя.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама