×

«Трансплантациядан кейін де өмір бар». Бүйрегін алмастырған Лаура Табажанова үстел теннисінен алтын алды

2012 жылдан бері 2 мыңнан астам науқасқа трансплантация жасалды

 Айнұр Шошаева 14.09.2022 | 10:32
Фото: Halyq Uni

Диализдегі және трансплантациядан кейінгі науқастарға арналған Еуропа чемпионатында отандасымыз Лаура Табажанова үстел теннисінен алтын медаль алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Аталған жарыс диализдегі және орган ауыстырған науқас арасындағы әуесқойларға арналған чемпионат. Жақында отандастарымыз Оксфордта өткен Еуропа чемпионатынан 12 медаль алып келді, деп хабарлайды Halyq Uni

Тамыз айының 21-27 күндері Оксфордта өткен чемпионатқа трансплантациядан кейін және диализдегі 700-ден астам адам қатысқан, оның ішінде 16 қазақстандық бар. Олар дартс, волейбол, жүзу, футбол, боулинг пен үстел теннисінен бақ сынады. 26 мемлекеттің ішінде Қазақстан командасы жалпы есепте 18-орын алды: бір алтын, алты күміс пен алты қола медаль. 

Алтын медаль алған Лаура Табажанова бүйрек трансплантациясын жасаған. 

Чемпонатқа қатысқан қазақстандықтың тағы бірі – Гүлмира Смайлова. Ол боулингтен бақ сынаған. Трансплантацияға дейін бұл ойынды ойнағанымен, кәсіби тұрғыда қызықпағанын айтады. 

«2010 жылы дәрігерлер маған кеңейтілген кардиомиопатия диагнозын қойды. Ол кезде жасым 21 ғана еді, тұрмысқа шыққан еді. Сәбилі болғаннан кейін бір жылдан соң өзімді жайсыз сезіндім: тыныс алуым қиындап, үнемі шаршап жүретін болдым. Әрине, мұны көрген жақындарып уайымдай бастады. Ол кезде адамның органын ауыстыруға болады деп ойлаған емеспін. Тіпті, ондай күрделі отаның Қазақстанда жасалып жатқанынан хабарымыз болмады. Дәрігерлер ауыр диагнозды қойып, трансплантация жасау керек екенін айтқанда таңқалдым», – дейді ол. 

Трансплантациядан бұрын Гүлмирға жүрекширатқыш (кардиостимулятор) қойылған. 

«2015 жылдың 1 маусымында отандық дәрігерлер маған ота жасап, жүрегімді алмастырды. Маған Ақтөбеде қайтыс болған ер адамның жүрегін салды. Отадан кейін қалыпқа келу үшін дәрігерлер дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану қажеттігін түсіндірді. Себебі науқастар мұндай күрделі операциядан кейін иммуносупрессия деп аталатын ауыр дәріні қабылдап отыруы тиіс. Сондықтан, спортпен шұғылданып, көтеріңкі көңіл күйде жүру өте маңызды», – деп қосты кейіпкер. 

Гүлмира халықаралық деңгейдегі жарысқа бес жыл бұрын қатысқанын еске алды. 

«Ең алғаш 2017 жылы Испанияның Малага қаласына барып келдік. Алғашқы трансплант пациент Жәнібек Оспановтың ұйымдастыруымен барған едік. Сол жарыста мен боулингтен бірінші орын алып, жақсы көрсеткішпен келдім», – дейді ол. 

Айта кетейік, Жәнібек Оспанов – Қазақстанда жүрегіне трансплантация жасалған алғашқы науқас. Оған миына қан кетіп қайтыс болған әйелдің жүрегі салынды. Қазір ол «Өмір тынысы» деген қоғамдық бірлестік құрып, өзі сияқты органы алмастырылған азаматтардың басын біріктіріп, оларды сауықтыру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып келеді. 

Диализдегі және трансплантациядан кейінгі науқастарға арналған Еуропалық қысқы және жазғы ойындар, сондай-ақ жылына бір рет әлемдік трансплант ойындар өткізіледі. Қазір қазақстандық команда келесі жылы Аустралияда өтетін ойындарға дайындықты бастайды. 

«Еуропалық чемпонатқа біз «Спорт даму» қоры мен «Самұрық Қазына» қорының қаржылық қолдауының арқасында барып қайттық. Барып қайту билеті, спортттық киімі мен тұру ақысын демеушілеріміз төлеп берді. Ендігі үлкен дода – 2023 жылы Аустралияда өтеді деп жоспарланып отыр. Біз соған дайындықты бастаймыз. Бірақ ол жарысқа қалай баратынымыз белгісіз, себебі алдағы жарысқа демеуші анықталған жоқ», – деп қорытындылады Гүлмира Смайлова. 

Транплантациядан кейін және диализдегі науқастардың жарыстары олимпиадалық және паралимпиадалық спортқа жатпайды. Сондықтан әуесқой спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуы бюджеттен қаржыландырылмайды. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні елімізде 3000-нан астам қазақстандық трансплантация кезегінде тұр. Еліміздің жеті өңірінде трансплантация орталығы жұмыс істейді. 2012 жылдан бері Қазақстанда 2000-нан астам адамның органы алмастырылды, оның ішінде 87 жүрек, 1626 бүйрек және 418 бауыр трансплантацияланды.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда үндіс баланың жүрегін салған қазақ қызы туралы жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама