Қымбатшылық осымен тоқтай ма?
Соңғы екі айда Қазақстанда қант екі есе қымбаттап, рекорд орнатып: келісі 320 теңгеден 800 теңге жетті. Қант бағасының өсуі елдегі кондитерлік өнімдер мен тәтті сусындар шығаратын компаниялардың жұмысына әсерін тигізе бастады. Бағаның құбылуы салдарынан жазғы консервация маусымы бұзылу алдында тұр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сәуір айынан бастап Қазақстанда қант бағасы күрт көтеріле бастады. Елдің азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігі халықты сабырға шақырып, ішкі нарық қажеттілігін тұрақты қамтамасыз ету үшін тарифтік жеңілдік бойынша үшінші елдерден Қазақстанға қайта өңдеу мақсатында ақ және құрғақ қант шикізатын жеткізу бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтады.
Тарифтік жеңілдік бойынша әкелуге арналған квота көлемі 350 мың тоннаны құрайды. Оның 250 мың тоннасы биыл наурыз-мамыр айларында бөлініп берілді. Қалған 100 мың тоннаны бөлу мәселесі бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар, Министрлік отандық қант нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Қазір аталған іс-шаралар жоспары мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімін өтіп жатыр, - деді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Сонымен бірге ведомство қант өндірушілер мен қант қызылшасын өсірумен айналысатын фермерлерге субсидия беріп, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қант өндірісіне ҚҚС-ты 70%-ға дейін төмендету арқылы салық жеңілдіктері берілгенін алға тартады.
Министрлік ақпаратына сәйкес, қазір еліміздегі қант қорында шамамен 67 мың тонна өнім бар.
«Қазақстанның тұрақтандыру қорлары, сауда нысандары мен республика қоймаларындағы қант қоры шамамен 31 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, зауыттарда 36 мың тонна құрғақ қант шикізаты бар. Жолда қосымша 16 мың тонна қант шикізаты бар», - деп қосты ведомствоның баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда елде қант қызылшасы бойынша жалпы тәуліктік қуаты 8 мың тонна және құрғақ қант шикізаты бойынша 2 мың тоннаны құрайтын 4 қант зауыты (Ақсу, Көксу, Меркі, Тараз) бар. Алайда оның екеуі ғана жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, былтыр қант зауыттарындағы өндіріс көлемі 226,8 мың тоннаны құрады, 2020 жылы – 144,7 мың тонна, 2019 жылы – 208,5 мың тонна, 2018 жылы – 232,7 мың тонна, 2017 жылы – 316,8 мың тонна. Ал республикада жыл сайынғы ішкі қант тұтыну көлемі орта есеппен 530 мың тоннаны құрап отыр.
Әзірге Үкіметтің бағаны тұрақтандыру үшін қолға алған жалғыз шарасы – зауыттар өндірген қантты өңірлердің тұрақтандыру қорларына, сауда желілеріне және жеткізушілерге тиеп-жөнелтеді. Сондай-ақ құрамында қант бар өнімдерді өндірушілерге олардың өтінімдеріне сәйкес жеткізеді.
МИНИСТРЛІК СТАТИСТИКАСЫ vs БАЗАРДАҒЫ БАҒА
Қазақстандағы азық-түлік бағасына жауапты басты орган – Сауда және интеграция министрлігіне сенсек, еліміздегі қанттың орташа бағасы - 476 теңге. Редакцияға жіберген ресми мәлімет ең қымбат баға Алматы қаласында – 507 теңге, қалған өңірлерде 447-491 теңге аралығында дейді.
Halyq Uni тілшісі демалыс күні елордадағы бес базар: «Әсем», «Әлем», «Шапағат», «Астаналық» және «Сарыарқа» көтерме-бөлшек сауда базарына барып, ондағы қанттың бағасын шолып шықты. Базардағы әр бесінші дүңгіршекте қант жоқ. Сатушылардың айтуынша, екі аптадан бері қант жоқ. Ал қанты бар дүңгіршектердегі ең төменгі баға 740 теңгеден басталады. 25 келі қанттың құны 17 500-18 000 теңге, ал 50 келілік қаптың бағасы 39 мың теңгеден саудаланып жатыр.
Қант келмелегі екі апта болды. Сәуір айында қант келісін бөлшек саудада 320 теңгеден сатқан едік. 25 келі қант 7500-8000, 50 келі қант 15 000 -18 000 мың аралығында болатын. Қазіргі баға өздеріңіз көріп отырғандай. Қазақстанда қант жоқ емес, жетеді. Бәрін құртып отырған ортадағы делдалдар. Не үшін ұстап отырғанын білмейміз. Зауыттан тікелей сатып алып, базардағы саудагерлерге қымбатқа әкеліп жатыр. Үкімет бағаны реттегісі келсе, алдымен делдалдарды жөнге салсын, - дейді сатушылар.
Базардағы кондитерлік өнімдерді сататын саудагерлер 1 шілдеден бастап елдегі кондитерлік өнімдердің бағасы 20-30 пайызға қымбаттайтынын айтып отыр.
«Ресей мен Украинадан келетін кондитерлік өнімдер сәуір айынан бастап 15-30 пайыз аралығында қымбаттады. Қазақстандық печенье, тоқаштардың бағасы біртіндеп көтеріліп келеді. «Баян Сұлу» өнімдері 30 пайызға қымбаттайтынын ескертті. Өндірушілер тоқтатып жатыр. Мысалы, «Петропавловск кондитер» 156 өнімнің 46-ын ғана қалдырамыз деп отыр», - дейді саудагерлер.
Ал бұған дейін «Рахат» фабрикасы кейбір кәмпит өндірісін тоқтататынын мәлімдеген болатын.
Биыл шоколадқа басымдық береміз. Өйткені оған басқа тәттілерге қарағанда аз қант кетеді. Қазір сұранысы жақсы болғанымен «барбарис» және «ирис» кәмпиттері өндірілмейді. «Барбарис» - бұл дәстүрлі, тәтті, бірақ қантты өте қажет ететін өнім. Сондықтан көп қант кететін барлық өнімнен бас тарттық. Өйткені қант жоқ, - деді «Лотте Рахат» АҚ басқарма төрағасы Константин Федорец.
МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАН НЕ ДЕЙДІ?
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі наурыз-мамыр кезеңінде қанттың тауарлық нарығына талдау жүргізді. Нәтижесінде 15 хабарлама шығарылды, 1 факт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр (Ақтөбе облысы); монополияға қарсы комплаенстің 5 актісі жасалды (Қостанай-2, Жамбыл-1, Түркістан-1, Қызылорда-1). Сондай-ақ Жамбыл облысындағы «Тараз қант зауыты» ЖШС қант өндірушісіне қатысты анықталған фактілер бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін Қаржы мониторингі агенттігінің Жамбыл облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.
«Қазір көптеген жағдайда тауарлар бағасы «үйдегі дүкендерде» және базарларда жоғары бағаланады. Атап айтқанда, ӘМАТ-қа сауда үстемесі сақталмайды, оның асып кетуі 15% асады. Сауда үстемелерінің мөлшерінен асып кету фактілері бойынша ден қою шараларын қабылдау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді», - деді агенттік өкілдері.
«ЕЛІМІЗГЕ ҚАНТТЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ СЫРТТАН КЕЛЕДІ»
«Атамекен» ҚР ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, елдегі қанттың 90 пайызы шетелден келеді.
Қазақстан иморттық қантқа тәуелді. Бүгінде 90 пайызы сырттан келеді. Біз тұтынатын 500 мың тонна қант – импорттық. Яғни, сіз шайға салатын қанттың әр түйіршегі бізден 13 мың шақырым жерде жатқан Бразилиядан келді деген сөз. Өзіміздің қант өндірісін дамыту үшін жүйелі жұмыс жолға қойылмаса, бағаның өсуі, тапшылық үнемі болады. Проблема бар және бұрын да болған. Тек қазір соғысқа байланысты көлік тізбегі бұзылған соң, жеткізуде проблема туындады. Сәйкесінше, қазір елімізде қант қызылшасын өсіріп, өндіру үшін қажеттілік туындап отыр, - деді ол.
Бұған қоса, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету үшін өндірушілерді ынталандыру жұмысын күшейту керек деген пікірде.
«Біз биыл бар-жоғы 12 мың гектар жерге қызылша ектік. Бұл Қазақстанның ішкі тұтынуының 5 процентін жабуға ғана жетеді. Шамамен 30 мың тонна қант жинаймыз деген сөз. 30 жыл бойы мұнай сатып, ол ақшаға қант пен қант шикізатын сырттан сатып алып келдік. «Атамекеннің» барлық қауымдастығы жүйелі жұмыс керегін көріп отыр. Әрі ол тек фермерлерге қызылша ек деумен шектелмеу керек. Жер бөлу, сумен қамтамасыз ету, кадрлар даярлау, қант қызылшасының қазақстандық селекциясын жасау да қажет. Себебі біз бәрін импорттап отырмыз. Сонымен бірге қант қызылшасын өсіретін фермерлермен бірге қант зауыттарын дамытуға қомақты қаржы керек. Себебі қант қызылшасы жылына бір-ақ рет өседі. Ал қант зауыттары қантты күн сайын шығаруы тиіс. Яғни, жыл бойына жететін қант қызылшасын сатып алу керек», - деп қосты спикер.
Саланы дамыту мәселесінде шикізат өндіретін фермерлермен бірге, дайын өнім шығаратын зауыттарға көңіл бөлген жөн деп есептейді.
Еліміздегі қант зауыттары сіз бен біз екеуіміздің жасымыздан да үлкен. Өткен ғасырдың 32-34 жылдары салынған зауыттар. Зауыттардың жасы ондағы жағдайды айтып тұр емес пе? Сондықтан бұл салаға мемлекет пен бизнес тарапынан мықтап көңіл бөлу керек, - дейді ол.
Бүгінгі таңда «Атамекен» бизнес қауымдастықпен бірлесіп, отандық қант саласын дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеген.
«Біз бизнес және қант зауыттарымен бірлесіп, елімізді 30-40 пайыз өз өнімімізбен қамтамасыз ету үшін алдағы бес жыл ішінде істелуі тиіс бағдарлама әзірледік. Біздің есебіміз бойынша, 100 мың га астам жер керек. Қазір 12 мың га бар, ал бізге кемінде 100 га керек. Жай ғана жер емес, суару жүйесі қажет. Өйткені өткен ғасырдағыдай қызылшаны арықтан суарған тиімсіз. Жаңбырлатып суару қондырғылары қажет, жаңа технологиялар арзан тұрмайды. Ұсынысымыз бар, бірақ бізді үнемі ести бермейді», - деп толықтырды Есенеев.
«ҮКІМЕТ ЗАРДАП ШЕККЕН КӘСІПОРЫНДАРҒА СУБСИДИЯ БЕРУІ КЕРЕК»
Экономист Мақсат Сералының пікірінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі толықтай қадағалауға алып, жыл сайын егілетін ішкі нарықты қамтамасыз ететін көлемдегі егістікті қамтамасыз етіп және сол салада айналысатын кәсіпкерлерге тікелей субсидия мәселесі мен жеңілдіктерді жасау керек еді. Сол кезде қант тапшылығының алдын алуға болатын еді.
Қант тапшылығы бір ғана мысал. Кез келген тауардың нарығын алып қарайтын болсақ, макарон, сұйық майды алсақ та, жағдай солай. Ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Экономикаға зардабы өте көп. «Рахат» зауыты өнімдерінің жекелеген түрлерін тоқтатып жатыр. Қаншама адам жұмыссыз қалады. Торт өнімдері мен сусындарды шығаратын зауыттарға да тікелей әсерін тигізеді. Олар әсерін тигізбес үшін бағасын көтереді және шетелден шикізат сатып алады. Шетелден келгеннен кейін доллармен келгендіктен, тікелей өнімнің өзіндік құнына әсерін тигізеді. Яғни, бұл тауардың бағасы тағы да қымбаттайды деген сөз. Тауар қымбаттаса, онсыз да қазір халық ашулы. Апта сайын жаңа баға, әлеуметтік-экономикалық кризиске алып келеді, - деп пікір білдірді экономист.
Сонымен бірге сарапшы үкіметтің қазіргі шарасы бағаны тек уақытша тұрақтандыруға бағытталған дейді.
«Мысалы, қазір егістік уақытын жіберіп алдық. Бұл кезде қызылшаны ешкім екпейді. Шаруашылықтар дайындалатын қыс, көктем айларында мұндай кризис болған жоқ. Қанттың қамыс сияқты басқа шикізаты көп қой, соны қолға алу керек еді. Оны қолға алып үлгенген жоқ деп ойлаймын. Сондықтан қант бағасы қыс айларында тағы да өсуі мүмкін. Халықты тыныштандырғанмен пайда жоқ. Фактімен қарау керек. Дүкенде тауар - қант жоқ. Мысалы, мен өзім Алматыда 10 шақты дүкенді аралап қайттым: үлкен гипермаркет, әлеуметтік дүкен мен шағын дүкендер. Тек «Метро» дүкенінен таптық. Онда бір келісі 900 теңге», - деп қосты ол.
Бұған қоса, экономист қымбатшылық бірінші кезекте ауыл тұрғындарына қиындық тудыруы мүмкін екенін айтады.
Қант тапшылығын қарапайым ауылда тұратын азаматтар сезінуі мүмкін. Жыл сайын қысқы уақытқа тосап, салат жабатын ауыл тұрғындарына қатты сезіледі. Үкімет бәрін біліп отыр. Мемлекет қазір тапшылықтан зардап шеккен кәсіпкерлер, жұмысы тоқтаған, қысқартылып жатқан жұмысшылар орнын толтыру үшін кәсіпорындарға белгілі бір деңгейде субсидия беруі керек деп ойлаймын, - дейді Мақсат Сералы.
Сарапшы сондай-ақ билік қазір Қазақстанға арзан қант пен қант алмастырушы өнімдерді жеткізуді қолға алу керек деп есептейді.
«Сырттан төмен баға нарықтарын іздестіру қажет. Қант алмастырушы өнімдер бар. Мәселен Африка, Бразилия мемлекеттері өндіретін қамыстан жасалған қант бар. Бағаны тұрақтандыру үшін сол мемлекеттерден үлкен көлемде өнім сатып алу керек. Қоймалардағы қорды толықтырып, әр облыс пен аудандардаға жіберу қажет. Тиімді экономикалық бағдарламалар керек. Бізде экономикалық бағдарламалардың бәрі жақсы: несие беру шарттары бойынша керемет. Бірақ оны екінші деңгейлі банктерге тіреп қойған. Менің ойымша алдағы бес жылда әр өнімді жіті зерттеп, басқаруға көшу тиіспіз. Бізде өкінішке қарай нақты, айқын картина жоқ. Сондықтан осындай былық болып жатыр», - деп қорытындылады экономист.
Шекер үшін шекісу: Қызылордада қант кезегіне тұрғандар жанжал шығарып жатыр. Базарда қантқа таласып жатқан жұрттың видеосы тарады. «Ең аз тапсырыс 250 келіге дейін»: қант іздеген жұрт интернет алаяқтарына алданып жатыр. Елімізде қант 1000 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Шымкентке 90-жылдар қайта оралды: қалада қант жоқ.