×

Шымкентке 90-жылдар қайта оралды: қалада қант жоқ

Тұрғындар шекер алу үшін таңнан бастап кезекке тұрып жатыр

фото: Halyq Uni

Соңғы бір аптада Шымкент қаласында қант тапшылығы қатты сезіле бастады. Өткен аптада шекерді базарлардан табу мүмкін болмаса, бүгінде қоймалар да ортайып жатыр. Қала тұрғындары қант сатылатын қоймалардың алдына таңғы сағат алтыдан бастап келетін болған. Таңғы сағат тоғыздан бастап ашылатын орталықта қанттың қабы небәрі 50 адамға сатылады.

«Мұндай тапшылықты соңғы рет 90-жылдары көргенмін. Есімде, балаларыма грамдап кәмпит сатып алатынмын. Қайтадан сол кезге оралып жатқан сияқтымыз. Қант қоймасына таңғы сегізде келдім. Содан бері тұрғаныма 4 сағат болды. Камазбен әкелеміз деп кеткен. Әлі жоқ. Негізі, бұл жерді білмейтінбіз. Қантты кәдімгі дүкендерден ала беретін едік. Ол жақта түк жоқ. Қазір тосап қайнататын кез. Енді не істерімізді білмейміз. Қанттың қабы алдыңғы күні 15 мың болса, кеше 16 мың теңгеге сатылыпты», - дейді зейнеткер Айгүл Алдамұратова.

Қант кезегінде тұрғандардың бірі - көпбалалы әке Кәрімжан Құрымбаев. Ол дүкендерде бір отбасы мүшесіне қант 1-2 келіден ғана сатылып жатқанын айтады. Шиеттей бала-шағасы бар отағасы 2 келі қанттың аптаға жетпей таусылатынын айтып күйінді.

«Адамдарды қашанғы бұлай қинай береді? Мен тұратын аулада ұш дүкен бар. Үшеуінде қант бағасы үш түрлі. Біреуі 700, екіншісі 800, үшіншісі 1000 теңге деп тұр. Қалай сонда? Неге әкімдік бағаны реттеумен айналыспайды? Осыны айтып әкімдікке де бардым. Олар қолынан ештеңе келмейтінін айтып отыр», дейді Кәрімжан Құрымбаев.

Бұған дейін Шымкенттегі дүкендердің бірінде қанттың келісі 1000 теңгеден сатылып жатқаны жайлы ақпарат тараған еді. Қазір Шымкенттегі дүкен сөрелерінен қант табыла бермейді. Әкімдік қантты базарларға әлеуметтік бағамен таратуға кіріскен. Бірақ, оның өзін тұрғындар бір сағаттың ішінде талап әкетеді екен.

«Бізге күніне 50 келіден қант келіп жатыр. Әр адамға 3 келіден сатуға рұқсат берілген. Бағасы 525 теңге. Адамдар келген қантты жарты сағаттың ішінде талап әкетеді. Мұндай соңғы рет 90-жылдары болған шығар. Тіпті, өткен аптада базарда бір грамм да қант болмады», - дейді Жанат Қожабекова есімді базардағы сатушы.

Шымкент қаласы ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков қаладағы қант тапшылығын Ресейден келетін өнімнің азаюымен байланыстырып отыр.

Биылғы үрдіс айрықша болып жатыр. Қант бағасы біршама өсіп отыр. Тікелей өндірістің өзіндік құнына байланысты болады. Тауардың өндірістік құны нарықта қандай бағада қалыптасады, соған байланысты сауда желілерінде сауда үстемесімен сатылады, - дейді басқарма өкілі.

Қант бағасының шарықтауына байланысты Шымкенттегі «Рахат» кондитерлік фабрикасы да уақытша жұмысын тоқтатты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама