×

Шекер үшін шекісу: Қызылордада қант кезегіне тұрғандар жанжал шығарып жатыр

Қызылорда облысында қант тапшылығы қатты сезілуде

 Халық үні 10.06.2022 | 10:23
фотолар: Halyq Uni

Қант қат болған соң бағаға да бақылау болмай отыр. Әлеуметтік дүкендерде шекердің келісі 263 теңгеден сатылса, ал өзге сауда орындарында 530 теңгеге дейін шарықтап кеткен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қанттың құны – халықтың мұңына айналғанын осы көріністен-ақ байқауға болады. Әлеуметтік дүкенген жиылған жұртшылықтың көбі қант сатып алу үшін таңғы сағат алтыдан бері кезекте тұр. Себебі, басқа сауда нүктелерінде бұл өнімнің бағасы бірнеше есе қымбат. Әлеуметтік дүкенге келетін қанттың өзі жұртшылықтың бәріне жете бермейді.

Әлеуметтік дүкенге жақын маңда тұратындар таңның атысымен кезекке тұрады. Біз секілді шалғайдағылар сәл кештеу келеміз. Әр адамға 2 келі қанттан артық сатылмайды. Сондықтан көбіне бізге жетпей қалады. Сосын ұрыс, төбелес. Өткенде жерге құлап қалдым. Күйеуімнен жемеген таяқты осында келіп жеп жатырмын, - дейді қала тұрғыны Орынкүл Таймасова.

Зейнеткердің қантқа таласып, жанжалдан көз ашпадық деуінің жөні бар. Біз де әлеуметтік дүкенге бас сұғып, сөзбен таяқтағанның түр-түрін көрдік. Жұртшылық бір келі қант үшін бірін-бірі түтіп жеуге бар. Көптің бұл қарекетін түсінуге де болады. Өзге сауда сөрелерінде шекер бағасы шарықтап тұр. Әлеуметтік дүкендерде келісі 263 теңгеден босатылса, супермаркеттерде 530 теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Оның өзі табылса құп. Ал, мұнда жеткізілген қант бір пәсте таусылып қалады. Әлеуметтік дүкен сатушысы Райхан Тәжиеваның айтуынша, мұндай шиеленіс бір айдан бері жалғасуда.

«Күніне облыс орталығындағы әр әлеуметтік дүкенге 150 келі ғана қант жеткізіледі. Ол «Мерей» секілді үлкен мөлтек аудан тұрғындарына жұғым да болмайтыны белгілі. Бір айдан бері осындай шектеу қойылды. Бұрын сөреде тұратын заттарды қазір жерге қойып сатып жатырмыз. Өйткені халық таласып қалады. Мұндай жағдайда жұмыс істеу өте қиын. Біреу жағдайды түсініп үндемей кетсе, енді бірі түрлі балағат сөзін жаудырады», - дейді әлеуметтік дүкен сатушысы.

Әлеуметтік дүкендегі кәсіп иелері жұртшылықтың жанайқайын жауаптыларға жеткізгенін айтады. Алайда, 1 айдан бері бұл мәселеге нақты шара қолданылмаған. Дүкен маңында тұрғындар дабыл көтеріп, жанжалдан көз ашпай жатыр. Ал, өнім жеткізуге жауапты сала өкілі «ешқандай мәселе жоқ», деп айды аспанға шығарды.

«Қазіргі таңда қант өнімі жеткілікті мөлшерде бар. Әлеуметтік дүкендегі кәсіпкерлер қаншалдықты сұраныс берсе, соншалықты жеткізіп беріп отырмыз. Жалпы, ондағы қанттың бағасы болсын, басқа да 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар өнімдерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырмыз. Келеңсіздіктер байқалған жоқ», - дейді «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жетекші маманы Жәнібек Қойшығұлов.

Қазір өңірдегі өзге сауда нүктелерінде қант тапшылығы байқалуда. Мұны кәсіп иесі геосаяси жағдайлармен байланыстырады. Ресейге салынған санкциялардың ұшығы Қазақстанға да салқынын тигізіп отыр. Ал, тапшылықтың алдын-алу бағытында кешенді шаралар жүргізілмеген.

«Санкция соғысы басталғалы бері 3 айдан астам уақыт өтті. Бұл жағдай осындай тапшылыққа әкелетінін біз әлдеқашан білдік. Бірақ үкімет алдын алу шараларын не үшін дер кезінде қамдамағанын түсінбедім. Тек қант қана емес, енді өзге де азық-түлік өнімдеріне тапшылық туындауы мүмкін. Уақытылы кешенді жоспар бекітілмесе тағы да сан соғып қаламыз. Мысалы, квота деген бар. Мынадай жағдайда оның түкке де қажеті жоқ, алып тастау керек. Алдымен ішкі нарықты қамтамасыз еткен жөн. Одан кейін ғана экспортты ойлаған жөн. Ал біз қазір өзімізге жетпей жатқан өнімнің өзін сыртқа сатып жатырмыз», - деген пайымда «Нұрлен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Боранбаев.

Кәсіп иелері қант тапшылығы әлі де жалғасатынын тұспалдады және оған жоғарыда айтылған факторлар әсер етіп жатқанын жеткізді.

Елжас Әбділда, Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама