×

Рәбиға Сыздық пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жүз жылдығы: 2024 жылғы мерейтойлар

Мерейтойы өтетіндер қатарында Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Әбілхан Қастеев, Шәкен Айманов бар

 Айгерім Таубай 19.12.2023 | 09:37
коллаж: Halyq Uni

2024 жылы елімізде өнер мен мәдениет саласына үлес қосқан бірқатар азаматтың мерейтойы өтеді. Halyq Uni әртүрлі салада еңбек етіп, артында өшпес мұра қалдырған арда азаматтар туралы ақпарат жинақтады.

КЕНЕН ӘЗІРБАЕВТЫҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫ

Кенен Әзірбаев 1884 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында туған. Өзінің тырнақалды туындылары «Ри, қойым», «Бозторғай», «Көкшолақ» әндері осы жерде туған.

Кенен 10 жасында қолына домбыра алып ән салған. 11 жасқа келгенде тұңғыш әні «Ри, қойым», 13 жасында «Бозторғай» әнін шығарған. Содан кейін Кенен есімі халық арасында кең тарай бастайды. Бала Кенен қазақ пен қырғызға танылып, «Боздаланың бозторғайы» атанған.

Ол кісінің өлеңінің бәрі – шежіре. Өзі көзімен көрген, басынан өткізгенін өлеңге айналдырған. «Бозторғай» да солай. Бұл кісінің «Көкшолақпен тепеңдеп, жақсы өмірге жетем деп» деген жолдары бар, - дейді Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы.

Кенен Әзірбаев – 200-ге жуық лирикалық, дидактикалық арнау мен толғаудың авторы.

«Атамның жүзден аса әндерінің көбін, анығын айтсам 60-қа жуығын өз аузынан үйренген баласының бірі менмін. Сондықтан да болар, атам маған қатты сенім артып: «Сонау жоқшылық пен жетімдіктің зардабын тартып жүрген шақтан бастап, одан 1916 жылғы оқиға, Қазан революциясы, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы, қазіргі бейбіт өмірде де мен үн қоспанған бірде-бір оқиға болмапты десем еш қаталеспеймін шырағым, Төрткен. Өлеңдерім, дастан-поэмаларым біршама болса да жарияланып, жарық көрді. Ал енді әндерімнің «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар» сияқты бірнешеуі ғана болмаса, көбін әлі ел естіген де жоқ. Нота білмеген соң, бәрі тек есімде сақтаулы. Кім білсін, олай-бұлай болып кетсем, ең болмаса сен біліп қалсын деп жатқаным ғой», деп бір жаңа ән шығарса алдымен маған үйретуші еді», - деген қызы Төрткен Кененқызы.

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 135 ЖЫЛ

Ғалым, филология ғылымының докторы Серік Қирабаев «20 ғасыр басында алмасқан қоғамдық құрылыстар мен жіктелген екі дәуірдің шекарасында өмір сүріп, сол бір аласапыран заманның шындығын әдебиет тілінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Ол қазақ халқының отаршылдық пен ішкі ауқатты топтың екі жақты езгісіне қарсы тәуелсіздік үшін күресі идеясымен сусындап, әдеби шығармашылығының төңкеріс тұсында бастады да, оны 20-жылдары айрықша дамытып жетілдірді» деп жазған.

Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту» ауылында (қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы) туған. Арғы аталары Дәндебай мен Қуан ел арасында абыройлы, дәулетті кісілер болған. Ал әкесі Аймауыт кедейшіліктің қамытынан құтыла алмаған. Мұның бәрі Жүсіпбектің жолына да әсер етті. Жастайынан арабша хат таныса да, мектепке кеш барды. Ол алғашқы өлеңін 13 жасында жазды.

Жазушы өзі: «Қызылтаудың бауырында Қараның адыры деген жерде Дәндебай ауылында тусам керек. Руым – Сүйіндік, оның ішінде Күлік. Айдабол, Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт – Айдаболдан. Екеуміз сегізінше атадан қосыламыз. Мәшһүр-Жүсіппен жетінші атадан қосыламыз», деген.

Жүсіпбек Аймауытов 1907 жылдан бастап Баянауылдағы қазақша-орысша екі кластық мектепте, одан кейін Керекудің қазыналық ауыл шаруашылық және екі кластық қазақ-орыс мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қосымша қаражат тауып жүрді. Ал 1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс-қазақ мектебіне орналасады. Әуелі сол мектептке, кейін интернатта білім алып, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түскен. Оны 1919 жылы бітірген. Семинарияда Қаныш Сәтпаевпен, Мұхтар Әуезовпен танысып, бірге оқиды.

Жалпы алғанда Жүсіпбектің өміріне қатысты көп дерек сақталмаған. Көпке белгілі мәліметтер жазушының 1928 жылы Смағұл Сәдуақасовтың сұрақтарына берген жауабынан алынады. Сәдуақасовтың кей жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жайлы жинаған анкетасы Мұхтар Әуезовтің архивінде сақталып, кейін Жүсіпбек ақталғаннан кейін ғана жарық көрді.

Жүсіпбектің шығармашылыққа беріле жұмыс істеуі төңкерістен кейін басталады. Бұл кезде жаңа өкіметтің қоғамдық қызметтеріне араласады. Семинарияны бітірген соң Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, газет редакторы болып істейді. 1920 жылы коммунистік партияның қатарына кіреді.

1917 жылы «Сарыарқа» газетінде оның «Сарыарқаның сәлемі» деген өлеңі шығады. Сол жылы «Алаш» газетінде «Жазушыларға», «Отағасы», «Ұршық», «Ах-ха-ха-хау» өлеңдері жарық көрді. 1918 жылы «Абай» журналында «Көшу», «Ұран», «Әскер марсельезасы» жарияланды. одан кейінгі жылдары «Жәмила», «Тұңғиық түпсіз аспанда», «Ленинге» поэмасы басылған.

Жүсіпбектің «Қартқожа» (1926 жыл), «Ақбілек» (1928 жыл) романдары – қазақтың ұлттық әдебиетінің кең тынысты реалистік романға бет алған тұсының елеулі туындылары.

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда бұрынғы Қапал уезі Ақсу облысы 4-ауылда туған. Ілиястың төрт жасында анасы қайтыс болып, әкесінің тәрбиесінде болған. Ол бала күнінен әкесінің көмегімен хат таныған, етік тігіп, ұсталық еткен. Қоңыр даусымен ән салып, құбылтып домбыра тартқан.

Ілияс Қарағаштағы қазақ-татар мектебінде бес жыл оқыған, 1911 жылы бітірген. 1920 жылға дейін ауылда жүріп, жастық шаққа лайық өлеңдер жазған. Оның дені махаббат, сүйіспеншілік туралы еді.

1920 жылы Ілияс Ташкентке барып, сол жердегі мұғалім даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түсіп, оқыған. Оқумен қатар «Ақ жол» газетінде корректор болып жұмыс істеген. 1921 жылы Жетісуға қайта оралып, Талдықорған уезіндегі Белтоған ауыл мектебінде мұғалім болды.

1922 жылы Ілияс Алматыға келіп, «Тілші» газетінде әдеби қызметкер ретінде жұмысқа кіріскен. Оның шығармашылығында өнімді болған жылдар – 1923-1924 жылдар. Екі жыл ішінде ақын 50-ге жуық өлең жазған.

1925 жылы Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына түскен. Оқуды 1928 жылы аяқтады. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағаы 1928 жылы «Сағанақ» деген атпен Қызылордадан басылып шықты. Бұл жинаққа Ілиястың 7-8 жыл ішінде газет, журналдарда жарияланған және одан басқа да өлеңдері енген.

Ілиястың түрлі шығармасы бар, ішінде «Күйші» поэмасына арқау болған негізгі идея – халық ортасында туған тоқсан тараулы күйдің терең өмірлік сырын, көп қырлы эстетикалық қасиетін ашып көрсету, талантты бостандығынан айырып, тұтқында қорлықта ұстайтын қанаушылар ортасының өнерге жау екенін әшкерелеу.

«Құлагер» поэмасы – Жансүгіровтің ән-күй туралы жазған шығармаларының соңғысы және ең сәулеттісі.

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда Сейфолла мен Жамалдың шаңырағында туған.

1905 жылы Нілдідегі орыс-қазақ мектебіне қабылданған. 1908-1913 жылдары әуелі Ақмоланың бастауыш приход мектебінде оқып, артынша Ақмоланың үш сласты қалалық училищесінің бірінші бөлімін тәмамдаған.

Сәкен өзінің шығармашылық қызметін Қазан төңкерісінен бұрын, 1910 жылдардың шамасында бастаған. 1913 жылы «Айқап» журналының қарашасында 21-санында Сәкеннің алғашқы мақаласы жарияланған. Алғашқы өлеңдер жинағы 1914 жылы «Өткен күндер» деген атпен Қазанда басылған. Ақынның кейбір өлеңдері мен бір сын мақаласы, шағын хат-хабарлары «Айқап» журналының бетінде жарияланған.

Сәкен шығармашылығының жаңа кезеңі 1917 жылдан басталады. Қазақстандағы революциялық күрес оқиғаларына құлақ түріп, онымен аралас өскен ақын ең алдымен патшаның тақтан құлауына қуанған. Сол заманда Сәкен ұлтшылдар мен уақытша үкіметтің үгітіне қарсы, социалистік революция үшін күресткен.

Сәкеннің алғашқы революцияшыл шығармалары 1922 жылы Орынборда басылды. Жаңа ашылған қазақ баспасы оның «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы мен «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесаларын жеке-жеке кітап етіп шығарды.

1927 жылы Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романы жарияланды. 1933 жылы «Қызыл ат» поэмасы жарыққа шықты.

Сәкен Сейфуллиннің өмір жолына көз жүгіртсек, ол 1927 жылы Қызылордадағы халық ағарту институтының ректоры болып тағайындалған. Бір жылдан кейін Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының ректоры және Ташкентте оқып жатқан қазақ жастарының әдеби бірлестігінің жетекшісі болды.

1929 жылы Абай атындағы педагогика институының әдебиет кафедрасының меңгерушісі болған.

Ал 1936 жылы қазақ жазушыларының ішінен алғашқы болып Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған.

Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 25 ақпанда дүниеден өтті.

Филолог Тұрсынбек Кәкішев өз еңбегінде Сәкен туралы былай деген: «Затаевич Сәкеннен 7 ән мен күй жазып алған. Әрбір информатор мен ән-күйге анықтама беретін әдеті бойынша Затаевич Сәкенді «әнші және күйші. Ақмола өңірінің әндерін жақсы біледі» деп санайды. Егер Затаевичтен мұндай баға алатын болса, қарапайым қазақ ортасында Сәкеннің өнерінің өр биігіне қол созар мүмкіндігі бары айқын ғой. Сәкен айтқан әндер мен тартқан күйлердің сыр-сипаты да, оңай-ауырлығы да, мазмұны да ойланып-толғануға тұрарлық».

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ ТУҒАНЫНА 130 ЖЫЛ

Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы 15 қарашада бұрынғы Торғау облысы Қостанай уезі Дамбар болысы Әйет өзені бойындағы Ақтөбе деген жерде (қазіргі Қостанай облысы Таран ауданы Бейімбет Майлин атындағы совхоз) туған. Әкесі Жармағамбет кедей шаруа болған. Әкеден жастай жетім қалған ол шешесінің қолында өседі. Ол өзі туралы «Бір жасқа жетпей әкем өлген екен, үлкен шешем қолына алып тәрбиелепті. Жұмыстан қалт етіп қолым босаса, мені молдаға қарай сүйреу шешемнің әдеті еді. Шаншар молда деп аталған бір ноғай молда болды. Біздің ауылда бірталай жыл тұрды. Бар білімі «Бақырғанды» әндетіп оқу еді. Сол молдадан хат таныдым. Сол молдадан «Бақырғанды» оқуды үйрендім. «Бақырғанға» басқа қиссалар жалғасты. Қол тигенде, жұмыстан босап ауылға келгенде, өлең кітаптарын оқуды әуес көрдім», деп жазған.

1911-1912 жылдары Бейімбет Майлин көрші ауылдағы Арғынбай дейтін қажының медресесінен сабақ алған. 1913 жылы Троицк қаласында «Уәзифа» мектебіне барып оқыған. Болашақ жазушының білімін біраз толықтырған оқу орны – Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесі. Ол 1915 жылы осы медресесінің 1-курсын бітіріп, еліне оралады.

1930 жылдардың бірінші жартысында Майлин колхоз өмірінің әр кезеңіндегі шындықты баяндайтын «Он бес үй» (1930 жыл), «Қырманда» (1933 жыл) повестерін жазған. «Он бес үйде» жаңа ұйымдасқан колхоздың егістікке тың жерін көтеру кезіндегі қауырт еңбек пен бірлескен шаруалар ынтымағы, коллективтік еңбектің адам психологиясын өзгертудегі игі ықпалы суреттелген.

Жазушының елеулі драмалық шығармалары «Біздің жігіттер», «Жалбыр», «Аманкелді» (Ғабит Мүсіреповпен бірлесіп жазылған) тарихи революциялық тақырыпты қозғайды, негізінде прототипі бар кейіпкерлерді суреттейді.

Майлин өзінің лирикалық повесі «Шұғаның белгісі» желісімен «Шұға» (1934 жыл) драмасын жазған.

Филолог Наурызбаев Бейімбет Майлин туралы «Қазақ совет әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин – халық тудырған тарлан талант. Оның көркем шығармалары халық арасында кең таралған. Әдебиетіміздің барлық жанрындағы шұрайлы шығармалары оның жомарт дарыны мен жаңашылдық ізденімпаздығының тамаша жемісі. Жазушының әдеби мұрасы – халқымыздың аса бағалы мәдени игілігі, әлі талай ұрпақтың қызыға оқитын рухани қазынасы болып қала береді», деген.

Бейімбет Майлин 1938 жылы 28 ақпанда дүниеден өтті.

ҚАНЫШ СӘТПАЕВТЫҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫ

Геолог, ғадым, белгілі қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Семей губерниясының (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы) Павлодар уезінде Ақкелін болысының №4 ауылында туған. Ол 1911 жылы ауылдық орыс-қазақ бастауыш мектебінде оқып білім алғаннан кейін Павлодар қаласындағы орыс-қазақ училищесіне түсті. 1914 жылы оны үздік аяқтап, сол жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына студент болып қабылданған. Оны 1918 жылы тәмамдаған. Әрі қарай Семейде қалып, ауыл мұғалімдерін даярлайтын курста сабақ береді.

1921 жылы Сәтбаевтың өтініші бойынша Семей ревкомы оны Томск технология институтына жолдамамен жібереді. Ол тау-кен факультетінің геологиялық-барлау бөлімшесіне студент болып қабылданған. Оқу орнында инженерлік-ғылыми көзқарасы қалыптасып, 1926 жылы Сәтбаев диплом жұмысын үздік қорғап шыққан. Осылайша ол республикадағы бірінші инженер-геолог атағына ие болды.

Қазақстанның бір кездері елсіз шөл даласының социализм дәуірінде алып индустрия орталығына айналуы осы кісінің есімімен тығыз байланысты. Орталық Қазақстанның жер қойнауындағы минералдық ресурстарды ашып игеру, Жезқазған кен орнының нақты байлығын анықтау, республикада геология қызметін ұйымдастыру, Қазақ ССР Ғылым академиясын құрып, оны алдыңғы қатарлы ғылым ордасына айналдыру – Қаныш Сәтбаевтың өмір жолындағы ең басты кезеңдер.

1928 жылы «Қарасақпай ауданы және оның перспективасы» деген мақаласында Сәтбаев былай дейді: «Жезқазған ауданы өзінің потенциалы бойынша келешекте дүние жүзінің ең бай мысты провинцияларының біріне айналады, оған бірінші жүлдені алуға Орал кен орындары ғана емес, Американың да белгілі мыс провинциялары жол беретін болады» деген.

1942 жылы «Қазақ ССР-індегі Жезқазған аймағының кен орындары» деп аталатын күрделі еңбегі үшін Сәтбаевқа СССР Мемлекеттік сыйылғы берілді. Сол жылдың тамызында ғылыми еңбектерінің жинағы бойынша және ғылымды ұйымдастырудағы зор еңбегі үшін ол геология-минералогия ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

Қаныш Сәтбаев 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленді.

ҚАЗАҚ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ АТАСЫ ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ 120 ЖЫЛДЫҒЫ

Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Сауатын ауыл мектебінде ашқан.

1919 жылдың соңында Павлодар қаласындағы мұғалімдік курсқа түсіп, оны тәмамдағаннан кейін туған ауылында мұғалім болып істейді. Білімін одан әрі шыңдау мақсатында 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға түсіп, оны 1925 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Осы жылдар аралығында «Таң» журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнiң редакцияларында қызмет атқарады әрі жазушы Мұхтар Әуезов пен ақын Мағжан Жұмабаевпен танысқан.

1925 жылы Әлкей Марғұлан Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург қаласы) Шығыс институтының филология факультетіне оқуға түседі.

1926-1927 жылдары Әлкей Марғұлан КСРО ғылым академиясының академигі Александр Ферсман мен профессор Сергей Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография жұмысына қатысты. Экспедиция барысында ол Әлихан Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасады.

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Әлкей Марғұлан мен Мұхтар Әуезовті Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Халел Досмұхамедовтың, Мұхаметжан Тынышбаевтың шәкірті болған.

Оқымыстының барлық күш-қуаты – ғұн, сақ, үйсін, қыпшақ, оғыз дәуірлерінің тарихына, көшпелілер мәдениетіне, археологиясына, көне аңыз, мифртерге, түркологияға, ескі қалалар құрылысына, архитектураға арнап, кеңес заманына қатысты мүлде қалам тартпаушы орыс отаршылдығына, коммунистік тоталитаризмге іштей қарсылық, ата-бабаларының бір кезде жасаған ұлы мемлекетіне, олардың азаттық-рухани салада тудырған ғажайып өркениетіне деген мауқы басылмаған мәңгілік махаббатынан туған қайсар да қастерлі құштарлық болатын, деп жазған академик Рымғали Нұрғали.

«Әлекең жаратылысынан ақын, әдебиетші. Әдебиеттің сала-саласында қалам жұмсаған, ауыз толтырып айтарлық дүниелері бар. Бірақ ол ынтасын, рухани күшін, түгелдей дарынын халқымыздың, халықтардың тарихын, өмірін зерттеп, жүйелеп, бүгінгі мен болашаққа қажетті тұжырымдар жасауға бағыштаған», деп жазған ғалым Темірғали Нұртазин.

1945 жылы ол «Қазақ халқының эпикалық жырлары» туралы докторлық диссертациясын қорғайды. 1960 жылы Әлкей Марғұланға профессор атағы берілді.

Ал ғалым Ханғали Сүйіншәлиев «Әлкей Марғұланның «Қазақ эпосының ерекшелігі және оның шығудағы тарихи мезгілдері» зерттеуінің де қазақ фольклористикасында елеулі орны бар. Үлкен зерттеудің шырын сығындысындай түйінді пікірлер ұсынған мақаладан алар әсер орасан. Әлекеңе тән тереңдік пен шабытты тебіреніс аталған еңбектен де айқын танылған» деп жазған.

Әлкей Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды.

Профессор 1985 жылы 12 қаңтарда 81 жасқа қараған шағында Алматыда қайтыс болды.

1991 жылы Қазақстан ұлттық ғылым академиясының тарих, археология және этнология институтындағы археология орталығының негiзiнде Әлкей Марғұлан атындағы археология институты құрылды.

2004 жылы Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешiмiмен әлемдік деңгейде аталып өттi.

ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ ТУҒАНЫНА 120 ЖЫЛ

Қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев Алматы облысына қарасты Жаркент қаласының жанындағы Шежін ауылында туған. Еңбек жолын Топырақ теміржол құрылысында жұмысшы болып бастаған.

1929-1931 жылдары Қастеев Николай Хлудовтың көркемсурет студиясында оқыды. 1934-1937 жылдары білімін Мәскеу қаласында Крупская атындағы көркемсурет студиясында жалғастырды.

1942 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, 1944 жылы Қазақстанның халық суретшісі болды.

Оның «Мектепте», «Түрксіб», «Жамбыл портреті», «Ескі және жаңа тұрмыс», «Жас Абай», «Амангелді сарбаздары» сияқты туындылары дарынды суретшініің өткен мен бүгінгі шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіре іспеттес.

Әлкей Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнерi) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыс, 100-ден астам энциклопедиялық мақала жазды‚ сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлады. Марғұланның ғылыми еңбектерiнiң бiрқатары шетел тiлдерiне аударылды.

Әлкей Марғұлан 1985 жылы 12 қаңтарда 81 жасқа қараған шағында Алматыда қайтыс болды.

ШӘКЕН АЙМАНОВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫ

Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында туған.

Режиссердің өмір жолына көз салсақ, Шәкен Аймановтың кәсіби театрға жол тартуына қатысты жазушы Ғабит Мүсіреповтің есімі қатар аталады. Жазушы Шәкен Аймановты қойылымдарда ойнап жүрген кезде байқаған.

Шәкен Айманов 1933 жылдан бастап қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында жұмыс істеп, жүзден астам рөлді сомдайды. Олардың ішінде Петруччио («Асауға тұсау»), Хлестаков («Ревизор»), Қодар («Қозы Көрпеш – Баян Сұлу») және басқа да көптеген образ бар. Театрда бірнеше спектакль жүз реттен қойылды. Олардың қатарында Александр Островскийдің «Таланттар мен табынушылар», Ғабит Мүсіреповтің «Ақынның қасіреті» бар.

Шәкен театрда істеген алғашқы жылдары шағын эпизодтық рөлдерде ойнады. Сонымен қатар бір жағынан Михаил Насонов ұстаздық еткен театр жанындағы актерлер стулиясына қатысып жүреді. Осы студияда әртістік өнерді үйреніп, Станиславский еңбектерімен, орыс театрының тарихымен жақын танысады, деген халық әртісі Кәукен Кенжетаев.

Айтуынша, осылайша Шәкен Айманов табиғат берген дарынға қоса теория жағын дамытуға кіріскен.

Шәкен Айманов ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған. Өзі соңғы рет түсірген «Атаманның ақыры» атты фильм көрермен қауымның жылы лебізіне ие болды. 1953-1970 жылдары аралығында Шәкен Айманов ұлттық киностудияның тұрақты жетекшісі және өзі ашқан Қазақстан кинематографистер одағының басшысы болды.

Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында 56 жасында көлік қағып қайтыс болды.

Шәкен Аймановтың есімі қазір Алматыдағы қазақ фильмінің ордасы – «Қазақфильм» киностудиясына берілген. 1934 жылы іргесі қаланған киностудияға 1984 жылы Шәкен Аймановтың есімі берілді.

«Шәкен сахнада өзін еркін ұстайтын. Ол сахнаға шыққанда жүрексінгені білінбей, өзі ойнап жүрген кейіпкердің жан дүниесіне еніп, соның қимыл-әрекетімен, ой-пікірімен, ішкі сырымен қоян-қолтық араласып кететін. Халықтың Шәкен ойынын сүйіп, жақсы көретіні сондықтан ба деймін», деп жазған халық әртісі Кәукен Кенжетаев.

СӘБИРА МАЙҚАНОВАНЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫ

Қазақстанның халық әртісі Сәбира Майқанова 1914 жылы 1 қаңтарда Сырдария ауданында туған.

«Әкеміз Майқан мен үлкен шешеміз Ажар екеуі нәресте күтуден жалықпайды. Бірақ Дәнегүлдің бойында әзірге ешнәрсе жоқ. Уайым-қайғы жалғаса түседі. Арада екі-үш жыл өткен соң ғана Дәнегүлдің бойына бала бітеді. Үйге көл-көсір қуаныш келген. Әкем қыз балаға керек заттарды жинастыра бастайды. Айы-күні толмай, сағына күткен жеті айлық нәресте дүниеге келеді. Қыз... Шала туған сәбиді тымаққа салып, босағаға іліп қояды. Бұл – атам қазақтың көне заңы. Тоғыз айға толғанша бала тымақ ішінде жатады. Жіңішке ағашқа шаншылған қойдың құйрығын аузына салып қояды. Нәресте тоғыз ай, тоғыз күн болғанша, май сорып жата береді екен. Қазақтың өзіндік ырым-жырымы мықты болған ғой. Тымақ ішіндегі қызыл шақалақ тамаққа тоймайтын мешкей болса керек. Аузына салған құйрықты қылғытып сора береді екен. Қойшы әйтеуір, тоғыз ай толғанда, ел-жұрт қуана күткен нәрестені тымақтан шығарады. Бала шекесі торсықтай сүйкімді, екі беті қып-қызыл, сары шашты, аяғы дөңгелене біткен қисық болыпты. Сонда да көптен күткен қуаныш емес пе? Ағайын-туыс мәре-сәре болысып, әкем байғұс құдайдан тілеп алған қызалағына ұлан-ғайыр той жасайды. Қисық аяғына қалаға апарып гипс салдырады. Хош, әкемнің сол сағына күткен қызы – мен Сәбира едім», деп жазған актриса естелігінде.

Сәбира Майқанова 1994 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті.

«Үлкен жүректі актриса өмірінің соңғы жылдарында жайсыз жабысқан сырқатымен алысып, көп күнін төсекке таңылумен өткізді», деген естелігінде Әшірбек Сығай.

ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВАНЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Оның шын есімі – Ілия.

Әкесі Нұрмұхамет Сарқұлов бай баласы болғаны үшін кеңес үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырайды. Анасы Маржан қызы Әлия, ұлы Бағдатпен жалғыз қалады.

Әлия 1942 жылы Ленинградтағы №46 мектепті бітіріп, Рыбинск қаласындағы авация техникумына оқуға түседі. Осы жылдың 18 желтоқсанында аудандық әскери комиссариаттың жолдамасымен Мәскеудегі мерген қыздарды даярлайтын орталық мектепке қабылданады.

Әскери мектепті үздік бітірген Әлия өз өтініші бойынша 17 жасында 1943 жылдың тамыз айында майданға аттанды. Ол екінші Балтық жағалауы флотының 22 әскери тобы 54 атқыштар тобының бригадасы құрамында отан алдындағы борышын өтейді. Осы жылдың қазанында мерген қыз 32 жау солдаты мен офицерінің көзін жойыпты. Осы уақытта ол туыстарына былай деп хат жазыпты.

Бүгін таңертеңгі жиында командиріміз 3 қадам алға шығарды да «Мерген Молдағұлова 14 фашисті атып түсірді. Оны ерлігі үшін командование атынан алғыс жариялаймын» деді. Сөйтті де әскерлердің алдында мені өз ұлындай құшақтап, бетімнен сүйді, – дейді Әлия өз хатында.

Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казалиха деревнясы үшін болған соғыста фашист офицерінің қолынан қаза тапты.

РАБИҒА СЫЗДЫҚТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысы Ойыл ауылында туған. Рәбиға Сыздық – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі.

Рәбиға Сәтіғалиқызы 1940 жылы Ақтөбедегі педагогикалық училищені бітірген.

1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіреді. 1951 жылы аспирантураны тәмамдаған.

Сыздық Рәбиға «Абай шығармаларының тілі» (1972) тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтиккалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV – XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, текстологиясы, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті салаларына арналған.

Ғалым 2020 жылы 4 шілдеде Алматы қаласында 96 жасына қараған шағында қайтыс болды.

ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВТІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ

КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген.

Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: «Қай күні тудым?» – деп сұраған едім, «Оны қайтесің?» – деді. «Комсомолға өтейін деп едім. Ит біліп пе? Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін, – деп жазды Нұрпейісов өз естелігінде.

Әбдіжәміл Нұрпейісов орта мектепті тәмамдаған бойда армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. 

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Жазушы тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады.

Қаламгердің тұңғыш романы «Курляндия» 1950 жылы жарияланып, кейіннен «Күткен күн» деген атаумен өңделген нұсқада жарық көрді. Бұдан бөлек, ол – «Сең», «Соңғы парыз» роман-дилогиясының, «Толғау» атты сыни еңбектің, көптеген очерктер мен көркем аудармалардың авторы. Ал басты туындысы – «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970).

Трилогия 1916–1918 жылдардағы аласапыран кезең мен қазақ халқының әлеуметтік қайшылыққа толы күрделі өмірін көркем бейнелеген шығарма болды. Онда 200-ге тарта кейіпкер шеберлікпен сомдалған. Бір ғана Еламанның жігерлі бейнесі арқылы қазақ халқының өршіл қаһармандық рухы шынайы көрсетілген.

Ал әлеуметтік-психологиялық «Соңғы парыз» роман-дилогиясында Арал теңізінің апатқа ұшырауына кінәлі адамдардың хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді.

1954 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітірген.

Ол үш кітаптан тұратын «Қан мен тер»трилогиясының авторы: 1-кітап – «Ымырт» (1961 жыл); 2-кітап – «Сергелдең» (1964 жыл); 3-кітап – «Күйреу» (1970 жылы).

КСРО мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алған. Олар – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісов. 

Әбдіжәміл Нұрпейісов 2022 жылы 97 жасында Алматыда қайтыс болды.

РАХЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген.

Рақымжан Қошқарбаевтың 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалған. Осылайша 13 жасынан жетім қалған Қошқарбаев Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді. 7 жылдық мектепті бітірген соң ол Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілген.

Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болады. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға ат салысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Рақымжан Қошқарбаевты Фрунзеге эвакуацияланған Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Тек 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады.

Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Осы ерлігі үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Бірақ ол тек «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Соғыстан кейінгі жылдары Рақымжан Қошқарбаев Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-67 жылдары Қошқарбаев Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан  бастап «Алматы» қонақ үйінің директоры болып жұмыс істеді.

Рақымжан Қошқарбаев Қызыл Ту, I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

ӘБДУАЛИ ҚАЙДАРДЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәли Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылында туған.

Академик Қайдар – қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін тіл білімі саласын дамытуға, ғалымдарды даярлауға арнады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болды.

Ол 1941-1946 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер майдангер.

Жас кезінде майданға өзі сұранып аттанды. Жауынгерлік ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944 жыл), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944 жыл), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945 жыл) ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдармен марапатталған.

Әбдуәли Қайдар бірінші болып, латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп, Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама