×

Қарағанды сотында «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты 45 іс қаралып жатыр

«Абай» және «Ленин» шахтасына қатысты іс сотта қаралған

 Айгерім Таубай 02.11.2023 | 16:42
Коллажға telenord.it және zakon.kz фотосы қолданылды

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты 45 азаматтық іс қаралып жатыр. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Halyq Uni бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» үстінен қандай талап-арыз түскенін және қазір қандай іс қаралып жатқанына шолу жасады.

ҚЫЗМЕТІН ТОҚТАТУДЫ СҰРАҒАН

2023 жылдың 25 қаңтарында экономикалық сотта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты талап арызы қаралған. Істі судья Рафаил Дурдыев қарады.

Қарағанды облысының экология департаменті 2022 жылдың 24 тамызында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның күл-қож жинағышына (золошламонакопитель) жоспардан тыс тексеру жүргізген. Талап арызда күл-қож жиналатын аумақты жою және қалпына келтіру жобасы жоқ екені көрсетілген. Бұл ҚР экологиялық кодексінің 350-бабының 16-бөлігінде көрсетілген талапты бұзады. Заңға сәйкес, қалдықтар полигонының жобасында оны жабу, жерді рекультивациялау, қоршаған ортаға әсер етуіне мониторинг жүргізу және полигон жабылғаннан кейін ластануды бақылау үшін тарату қорын құру керек. Тарату қоры болмаса, қалдықтар полигонын пайдалануға тыйым салынады.

Соның негізінде талапкер соттан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ күл-қож жинағышының қызметін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алғанға және рекультивациялау жобасын әзірлегенге дейін, уақытылы аударылмаған қаражатты өтеп, тарату қорын құрғанға дейін тоқтатуды сұраған, - делінген сот кабинетіндегі ақпаратта.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілі талап арызды қанағаттандырмауды сұраған. Компания күл-қож жинағыш қызметін тоқтату комбинаттың қызметін тоқтатуға әкелетінін алға тартқан.

Айта кету керек, бұл жағдайда департамент «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметін толық тоқтатуды сұрамаған.

Сот шешімімен Қарағанды облысының экология департаментінің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қатысты талап арызын қанағаттандырды. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар реттелгенше компанияның күл-қож жинағышы қызметі тоқтатылды.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дан жергілікті бюджет кірісіне 1 532 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндіріп алынды.

Айта кетейік, 2023 жылдың 8 маусымында Парламент мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Теміртауға барды. Сол кезде депутаттар металлургия комбинатына барған, ішінде күл-қож (күл шлам) жинағыш учаскесіне де барған. Соған қарап бұл аумақтың қайта іске қосылғанын аңғаруға болады.

АДАМ ШЫҒЫНЫ МЕН ӨНДІРІСТІК АПАТТЫ АЗАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІС

2023 жылдың 2 қазанында Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «АМТ» АҚ-ға талап арызы бойынша апелляциялық шағымды қарады.

ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қатысты қауіпті өндірістік объектілер мен техникалық құралдарды пайдалануын тоқтата тұру туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

Мәселе Қарағанды облысы Абай қаласында орналасқан компанияның көмір департаменті құрамына кіретін «Абай» шахтасына қатысты болған. Талаптың сақталуы реттелгенше және лицензияланған ұйым сараптама жүргізгенге дейін «Абай» шахтасындағы кей ғимаратты қолдануды тоқтатуды сұраған.

Талабын адамдардың қазасын болдырмау, «Абай» шахтасында жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет деп түсіндірген.

Бірінші инстанцияда сот министрлік өтінішін қанағаттандырды, 17 тамызда сот шешімі шықты.

Қарағанды облысы Абай қаласы «Абай» шахтасы мекенжайында орналасқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасындағы скипті уңғысының компрессорлық және көтергіш машинасының ғимараттарын пайдалану бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатылды. Жауапкерден жергілікті бюджеттің пайдасына 3 450 теңге сомасында мемлекеттік баж өндірілді, - делінген қылмыстық іс бойынша сот материалдарында.

Актіге сәйкес, ғимаратқа техникалық қорытынды жасалмаған, шатырдың кей жері құлаған, қабырға құлаған, терезе сынған, өртке қарсы құралдардың қолдану мерзімі өтіп кеткен және басқа да талаптар сақталмаған.

Алайда компания соған қарамастан сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Сондай-ақ сот шешімі шыққанан кейін ғимаратты талапқа сай реттемеген. Соған байланысты апелляциялық сот бірінші инстанция қабылдаған шешімді өзгеріссіз қалдырды.

СОТТА ҚАЗІР ҚАНДАЙ ІСТЕР ҚАРАЛЫП ЖАТЫР?

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «АМТ» АҚ-ға қатысты 45 азаматтық іс қаралып жатқаны белгілі. Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, Barlau Qazaqstan ЖШС «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дан келген шығынды өтеп алу мақсатында сотқа жүгінген. Іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр.

Barlau Qazaqstan ЖШС «Ленин» шахтасындағы екі қайталама ұңғыма бойынша 258 929 317 теңге қосымша шығынды өтеуді сұраған. Бастапқы сома қандай екені туралы ақпарат көрсетілмеген. Сондай-ақ компания бұрғылау жабдығының қолданылмауына байланысты жалпы сомасы 120 017 200 теңге шығын келгенін айтқан.

Тағы бір іс Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» мекемесінің талап арызы негізінде қозғалған. Бұл жерде республикалық мемлекеттік кәсіпорын «АМТ» АҚ-дан берешек сомасын өндіріп алу үшін сотқа жүгінген. Іс сотта қаралып жатыр.

«Ертіс» сауда-өндірістік компаниясы ЖШС «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дан берешек пен тұрақсыздықтан келген шығын сомасын өндіріп алу үшін сотқа жүгінген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама