×

«Бірде-бір адам шағымданбады»: Қазақстандықтардың жеке дерегін қорғаумен 4 адам айналысады

Цифрлық даму министрлігі жеке мәліметтерді таратқаны үшін айыппұлды көтере алмай жүр

 Айнұр Шошаева 06.10.2023 | 09:06
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда жеке деректерді қорғаумен айланысатын әр маманға 5 млн-ға жуық азаматтан келеді. Елімізде жеке деректерді таратқаны үшін айыппұл мөлшерiн үш есе өсіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni
 
ҚР Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, елдегі мемлекеттік және жекеменшік мәліметтер базасынан ақпараттың тарап кетуі орын алып жатыр. Сондықтан жеке мәліметтерді таратуға қатысты жауапкершілікті күшейтуге қатысты бірқатар өзгерістер көзделіп отыр. 

Ең бастысы реттеуші органда мемлекеттік бақылау құзыреті пайда болады. Елімізде жеке мәліметтерді қорғау бойынша реттеуші бар, бірақ мемлекеттік бақылау саласы жоқ. Реттеуші өз жұмысын қалай ұйымдастыруы керек? Мемлекеттік бақылау саласы Кәсіпкерлік кодексінде нақты жазылған. Енді заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін ғана мембақылау саласы болады, - деді ол. 

Сондай-ақ заңда айыппұл көлемін арттыру жоспарланып отырғанын атап өтті. 

Айыппұл санкциясын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек бірқатар техникалық іс-шаралар бар. Біз жеке мәліметтері тарап кеткен жағдайда азаматтарды хабардар ету қажет деп есептейміз. Ол үшін eGov.kz порталындағы жеке кабинет арқылы әр азаматты хабардар ететін боламыз. Хабарламамен қоса азаматқа жеке дерегін қорғау үшін қандай іс-шараларды қабылдау керек екені туралы ұсыныс беріледі, - деп қосты комитет басшысы. 

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДАН БІРДЕ-БІР ШАҒЫМ ТҮСКЕН ЖОҚ»

Еске сала кетейік, жақында қазақстандықтардың жеке мәліметтері ресейлік Telegram-ботта жарияланып кеткен болатын. Бүгінде министрлік аталған ботты бұғаттау үшін ресурстың меншік иесіне хат жолдаған. 

Аталған бот – ұзақ уақыт ішінде барлық тараған мәліметтерді жинаумен айналысқан тұтас жүйе. Бот бар болғаны сол жүйеде сақталған ақпаратты сатады. Біз Мәдениет және ақпарат министріне хат жолдадық, олар Telegram-ның әкімшілігіне аталған ботты бұғаттау туралы хат жіберді. Тек Telegram әкімшілігі ғана боттың жұмысын тоқтата алады, мемлекет оны бұғаттай алмайды. Қазір ресурстың меншік иесімен жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді Руслан Әбдіқалықов. 

Сондай-ақ ол қазақстандықтардан аталған ботқа қатысты шағым түспегенін айтты. 

Бүгінгі күнге дейін аталған боттың жұмысына қатысты қазақстандықтардан бірде-бір шағым түскен жоқ. Халық әлеуметтік желіде жеке мәліметтердің тарағанына наразылық білдіреді, бірақ ешкім ресми органдарға шағымданғысы келмейді. Егер шағым болмаса ол проблеманы айтудың қажеті қанша? Қазақстанда жеке мәліметтерді қорғаумен айналысатын 4 қана маман бар. 19 млн адамның мәліметін осынша адам қорғайды. Осынша жүктемеге қарамастан, олар жұмысын істейді. Әрине ол ботқа мәліметті таратқан сервисті табу керек. Сонымен қатар мемлекет мұндай жағдай қайталанбауы үшін жүйелі шараларды қабылдауы керек, - деді ол. 

«Біз өз тарапымыздан ҰҚК-мен бірге сол боттың жұмысын талдап, бірқатар тексеріс жүргізу үшін жоспар құрдық. Мәліметтердің шамамен қай мемлекеттік және жекеменшік жүйеден тарағанын топшалап отырмыз. Тексеріс жүргізген кезде таратқан жүйелерді дәлелдейміз. ... Қазір тексерілетін жүйелер туралы айта алмаймын. Егер қазір ол жүйелерді айтатын болсақ, ертең олардың әкімшілігі деректерді өшіріп тастамайтынына ешкім кепіл бере алмайды. Заң бойынша біз тексеруге баратын тұлғаға бір күн бұрын хабар беріледі. Әйтпесе цифрлық дәлелді жинау қиын», - деп толықтырды сөзін. 

Айта кетейік, ресейлік  телеграм ботта мәліметтері жарияланған қазақстандықтар құзырлы органдарға шағымдана алады, алайда өзіне келтірілген залалды нақты көрсетуге тиіс. Онсыз шағым қабылданбауы мүмкін. 

ЖЕКЕ КУӘЛІК ТАЛАП ЕТУ ЗАҢДЫ МА? 

Сонымен қатар, мемлекеттік және кейбір жекеменшік мекемелерге кіргенде қазақстандықтардың жеке куәліктерін талап ететіледі. Бұл мәліметтер қалай қорғалады? Комитет басшысынан осы сауалымызға жауап алдық. Оның айтуынша, бұл талап заңды. Қазақстандағы кез келген жеке және заңды тұлға өз қызметінде азаматтардың жеке мәліметтерін жинай алады. Алайда жеке тұлғаның келісімін алуға міндетті. 

Сондай-ақ заңға сәйкес, егер біреу жеке мәліметті жинаса, онда автоматты түрде ол өзіне сол үшін жауапкершілік алады. Бұл мәліметтер қаншалықты қажет деген сұрақ туындайды. Қазір заң ол мәліметті жинауға бәріне бірдей рұқсат береді. Бәлкім заңды реттеуші органға меншік иесі – мәліметтер базасының операторының әрекетін даулау мүмкіндігін беретіндей етіп өзгерту керек шығар. Себебі олар сол мәліметті не үшін жинайтынын түсіндіре алмаса, реттеуші органның оларға «тым көп ақпарат жинап жатырсыңдар немесе не үшін қажет екенін түсіндіре алмасаңдар мүлдем жинамау керек» деп ашып айта алатындай болуыға тиіс, - деді комитет басшысы. 

Сондықтан ол қоғамның өзі жеке мәліметтерді жинауды шектеу керек деген мәселені көтеруі керек деген пікірде.

«Дәл қазір реттеуші өзі мұны істей алмайды. Біз жалғызбыз, «бізге бұл мәлімет керек» дейтін 32 мың бизнес субъектісі, 50 шақты мемлекеттік орган бар. Кейде жеке құжатынан бөлек, мекен-жайын сұрайтындар бар. Бұған заңмен шектеу қойған жөн. Кез келген адам шағымданса, реттеуші орган мәліметті жинаған операторға келіп тексере алатын болады. Ал жеке мәліметіңізді жинаған сол суъбектіден олардың қалай қорғалып жатқанын сұрап хат жаза аласыз. Олар сізге нақты жауап беруге міндетті. Жалпы біз бұл заңнаманы өзгертуге бастамашы боламыз, бірақ қоғамның қолдауы болмаса, ол қабылданбайды. Жеке мәліметтерді таратқаны үшін айыппұлды көтеру әділеттікке жата ма? Әділетті. Біз 1,5 жылдан бері айыппұлды 2-3 есе көбеутуді келістіре алмай жатырмыз. Осыдан-ақ біздің жалғыз екенімізді көруге болады. Азаматтар да, тұтас қоғам қолдамайды. «Атамекен» ҰКП бизнестің мүддесін қорғайды. Ұлттық палата бұл бизнеске жүктеме болатынын алға тартады», - деді Руслан Әбдіқалықов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама