×

«Бір теңге құны – бір марка». Хайролла Ғабжәлелов теңге алғаш басылып шыққандағы естелігін айтып берді

15 қараша – Қазақстанның ұлттық валюта күні

коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның төл валютасы – теңге айналымға осыдан 28 жыл бұрын, 1993 жылы енгізілді. Осы ретте, төл теңгеміздің авторларының бірі Хайролла Ғабжәлелов Halyq Uni тілшісіне «теңгенің» пайда болу тарихы туралы естелігін айтып берді.

Тарихшы һәм төл теңгеміздің авторларының бірі Хайролла Мағауияұлының айтуынша, әуелгі шығарылған жеті банкнотымыз (1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 теңгелер) қасиетті 7 санына негізделген. Ал теңгені алғаш басып шығару ағылшындар үшін ерекше әсер қалдырыпты. Себебі, оған дейін олар азиат бейнеленген валюта басып көрмеген екен. Ал өзге жұрттар өз ақшасын жылдар бойы дайындап шығарып жатқанда Қазақстан небәрі 6 айда эскизін жасап, Ұлыбританияда басып, шығарып әкелген.

Тарихшының айтуынша, Ресей тарапы рубль зонасында боласыңдар деп, Қазақстанға ақша бермеген. Ол уақытта Қазақстанның төл валютасының нобайы дайын тұрған.

Бірде Ұлттық банк төрағасының бөлмесінде отырғанбыз. Сағат 11-де Президент (Нұрсұлтан Назарбаев – авт.) звондады. Наурыз айында төл ақшамыз осы жерде болсын деді. Мен сол күні екі сағаттан кейін Лондонға ұшып кеттім. Сол жаққа барып, бүкіл жерге кіріп, келісіп, кестеге енгізіп, аман-есен алып шықтық.

Алғашқы ұшақ Самараға келіп түсіп, сол жерде жанармайын құятын болды. Ана жаққа барғасын 40 тонна жүк тиеледі. Себебі қағаз ақша ауыр еді. Одан қайтқанда Ресейге барса, 3 күн тексереді. Содан зерделеп қараса, жердің айналу бағыты мен желдің ұшақтың арт жағынан соғуы ыңғайымызға келеді екен. Соның арқасында Лондоннан шыққан ұшақтың жағармайы Оралға дейін жетті. Сөйтіп Оралдан бір толтырып, Жамбылға алып келдік. Жамбылда қойма бар, бәрін сол жерге әкеліп түсірді. Бірінші кезеңнің өзі 20 шақты рейстен тұрды. Әр ұшақтағы ақшаның көлемі шамамен 1 миллиард теңгедей. Одан кейін қанша триллион ақша тасылды. Таразға түсірілген соң Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылды, - дейді Хайролла Ғабжәлелов.

1993 жылы тамыз айында Ресейде дағдарыс болуына байланысты Ресей ақшасын мүлде бермейтінін мәлімдеп, өз ақшаларын шығаруға кіріскен. Соған байланысты сол кездегі премьер-министр Сергей Терещенкодан бастап бүкіл министр қатысқан жиын өтіп, арты үлкен шуға ұласқан.

Бұл уақытта өз валютамыз дайын тұр. Шығарайын десек, тиын жоқ. Тиын шығару үшін қажетті металл алдыру Үлбі зауытына жүктелді. Ал ол жердегі Виталий Метте, Юрий Забелин дегендердің ақшаны алып, қайда жұмсап жібергенін ешкім білмейді. Түрлі-түсті металл алып, оны Қытайға сатып жіберген бе, белгісіз. Содан соң біз жылдың аяғы деп екі айға тездетіп қағаз ақшалар шығардық. Онымыз екі жылға созылып кетті, - дейді ол.

Ал бакноттарды шығаруға қатысты ағылшын мамандарының көмегіне жүгінуге тура келген. Олар қанша банкнот шығару керектігін сұраған. Яғни, «1» теңгеден қанша, «3» теңгеден қанша тираж шығару керек? Бірақ ешкім білмейді.

Содан сол жақтан доктор Пейн деген бір ғылым докторы келіп, есептеді. Қазақстанның территориясы, экономикасын сараптай келе, әр ақшаның тиражын шығарды. Оған біздікілер күмәнмен қарады. Сөйтіп, Ұлттық банктен Назаров деген біреуді алдырып, есептетті. Баяғыда 1961 жылы КСРО-да ақша ауысқан. Содан бірге 30 жылда Қазақстанға қанша ақша келгенін есептеп қарағанда ағылшын докторының есебі дәл келді. Сөйтіп, солай тапсырыс берілді, - дейді Хайролла Мағауияұлы.

Фотосурет: 1992 жыл, Хайролла Ғабжәлелов Лондон қаласында

Сол кезде теңгенің құны қанша болады деген мәселеде де ағылшындардың кеңесін тыңдауға тура келіпті. Ол кездегі ең тұрақты валюта – марка болған. Соған сай, бір теңге бір марка құнымен теңестірілген. Алғашқы теңге солай шыққан. Ең маңыздысы, теңге бізге нағыз Тәуелсіздікті әкелді, дейді Хайролла Ғабжәлелов.

АНЫҚТАМА:

Ақшаны «теңге» деп атау идеясы белгілі қазақстандық экономист Сауық Тәкежановқа тиесілі. Бұл байырғы түркі тіліндегі «танга», «донга», «тенга» атаулары негізінде қойылған атау.

Теңге бейнесінің алғашқы эскиздерін дизайнерлер - Меңдібай Алин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжәлелов әзірледі.

1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валюта енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Қазақстанның ұлттық валютасы 1993 жылы 15-қарашада таңғы сағат 8:00-де теңгемен ауыстырыла бастады.

Қазақстандық валютаның туған күнінің тарихи маңызы кейінірек, 1997 жылы 15-қарашаны ұлттық валюта – теңге күні деп жариялаумен ерекшеленді. Содан бері бұл күн жыл сайын қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама