×

Саяси ахуалы өзгеше өңір: Солтүстік Қазақстан облысы неге әлі әкімсіз отыр?

Өңірде күзгі орақ науқаны кешеуілдеп жатыр

 Ая Өміртай 19.09.2023 | 17:37
Фото: pkzsk.info

Дәл орақ науқаны қызған тұста Солтүстік Қазақстан облысы әкімі болған Айдарбек Сапаров таяуда Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Ол өңірде небәрі тоғыз ай ғана жұмыс істеді. Дегенмен екі аптадан бері Солүстік Қазақстан облысына жаңа басшы әлі тағайындалған жоқ. Қазақстанда республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар әкімін Президент тағайындайды.

Halyq Uni сөйлескен сарапшылар солтүстік өңірдегі саяси ахуалдың ерекше екендігін, осы себепті шекаралық өңірдегі жағдайды түсінетін маманның келгені жөн деп есептейді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі жарым жылда «сепаратистік әрекет» және «ұлтаралық араздықты қоздыру» бойынша 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

ӨЗІНЕ ТӘН СПЕЦИФИКАЦИЯСЫ БАР ӨҢІР

Сенат депутаты Әли Бектаев Солтүстік Қазақстан облысы инудстриалды-аграрлық өңір болуымен ерекшеленетін айтады. Оның сөзінше облыстың басқару құрылымы бір адамға ғана байланып тұрмағандықтан әкімнің жедел тағайындалмауы айтарлықтай мәселе тудырмайды. 

Солтүстік Қазақстан облысы – әр бағытта дамыған облыстардың бірі. Оның ішінде ауылшаруашылығының негізгі секторы егістік. Одан кейін мал шаруашылығы жақсы дамып жатыр. Сүт шаруашылығы мен сүт фермалары да дамып келеді. Өндірісті де дамытататын мүмкіндігі бар. Сондықтан СҚО-ның даму перспективасы да, атқарып отырған, атқаратын жұмыстары да жаман болмауы керек, - дейді депутат Halyq Uni тілшісіне.

Оның айтуынша, бұл жерде кадр жетіспеушілігі мәселесі жоқ. Ол әкімнің тағайындауы Президент Тоқаевтың АҚШ-қа сапарына («Орталық Азия – АҚШ» саммиті өтіп жатыр – ред.) қатысты кешеуілдеп жатуы мүмкін деген пікір білдірді. 

Біріншіден, менің білетінім – бір-ақ нәрсе. Кім барса да халыққа жаны ашитын, халықтың мәселесін шешетін, халықтың тұрмыс-тіршілігіне  қатысты мәселелерді көбірек ойлайтын азамат болуы керек. Кадр жетіспеушілігі мәселесі тұрмауы керек. Өйткені бізде кадрлар жетеді. Бұл жерде Солтүстік Қазақстан облысына тән өзінің спецификациясы бар. Біріншіден, шекарада орналасқан өңір. Екіншіден, индустриалды-аграрлық өңір. Үшіншіден, экономикалық, геосаяси жағдайда өңірдің алатын орны бөлек. Өңірдің дамуы бір адамға ғана байланып қалған жоқ. Өңірді дамыту да, басқару да. Әкімнің орынбасарлары, дербес басқармалар, министрлік департаменттері бар. Өңірдің мәселелесін шешуге құзыретті кадрлардың барлығы сол аймақта. Қазір енді президенттің іс-сапарына байланысты созылып жатқан шығар. Іссапар өте ауыр болып жатыр, өздеріңіз көріп отырсыздар. Облыстың өзінде тиісті шешім қабылдай алатын азаматтар бар деп ойлаймын. Бұдан аса бір мәселе көріп тұрған жоқпын. Жалпы, мемлекет басшысының барлығын дұрыс ойланып, таразыға салып шешім қабылдайтын мүмкіндігі бар деп ойлаймын, - дейді Әли Бектаев. 

НАҚТЫ ҮМІТКЕР ЖОҚ

Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мәслихат депутаты Ербақыт Амантайұлы бұрынғы әкімнің министр болуын аяқ астынан болған ауыс-түйіс ретінде атайды. Оның айтуынша, әзірге ұсынылған нақты үміткерлер жоқ. 

Аяқ астынан болған ауыс-түйіс болды ғой. Бұрынғы әкім Айдарбек Сейітұлы тоғыз ай ғана қызмет істеді. Кемі 3-4 жыл жұмыс істеген болса, орнына осы келеді-ау деген үміткерлер болар еді. Келгені кеше ғана, енді жұмысқа кірісіп жатқанда алып кетіп, орнына нақты қоятын адам болмай қалуы мүмкін деп ойлаймын. Бұл өңір шекарада орналасқан өңір болғандықтан, саяси ахуалы да өзгеше. Әкімді ұсынған кезде белгілі бір өлшем бойынша қаралды деп ойлаймын. Мемлекет басшысы бір адамды ұсынуы керек, оған балама басқа да үміткерлер болуы мүмкін. Әзірге ұсынылған ешкім жоқ, күтіп отырмыз, - дейді Ербақыт Амантайұлы.

Облыстық мәслихат депутатының айтуынша, дәл қазір облыста саяси ахуал тұрақталған. Бірақ былтырғы СҚО-дағы сепаратизм дауы ойлантатын жағдай. 

Саяси тұрғыда ұлшылдықтың немесе сепаратизмнің айқын фактілері қазір бар деп айта алмаймын. Былтыр 20 шақты адам бас қосып, тәуелсіз Халық Кеңесін құру туралы мәлімдемесінен соң, қамауға алынды. Қазір бұған қатысты айқын фактілер жоқ. Дегенмен бұрын бір одақта болған көрші мемлекеттердің ішкі, сыртқы жағдайларын көріп отырмыз. Сондықтан бізге де арқаны кеңге салуға болмайды деп ойлаймын. Мұқият болу керек. Осы жағдаяттардың барлығын ескере отырып, дұрыс таңдау болғаны дұрыс. Жалпы алғанда аймақта саяси ахуал тұрақты, жанжалдасып жатқан жағдайлар жоқ, - деп түсіндірді ол Halyq Uni тілшісіне.

СОЛТҮСТІКТЕГІЛЕРДІҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ

Оның айтуынша, қазір облыста күзгі орақ науқанының барысы кешеуілдеп жатыр. Су астында қалған бидайды кептіру үшін министрлік қажетті көмек көрсетуге тиіс деп санайтындығын жеткізді. 

Экономикалық мәселелерге тоқталар болсақ, қиындықтар болып жатқаны рас. Әсіресе, күзгі орақ науқаны кешеуілдеп жатыр. Оған жауын-шашын әсер етіп тұр. Бұл өңірдің негізгі күре тамыры – ауылшаруашылығы. 4 млн гектардан астам жерге егін егеді. СҚО Қазақстандағы егіннің үштен бірін қамтамасыз етіп отыр. Ал егін дұрыс шықпай қалса, егін уақытылы орылмай қалса тек дихандардың ғана емес, солтүстіктегі тұрғындардың көңіл-күйіне әсер ететін фактор. Жауын-шашыннан қазір Павлодар, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстары қиыншылық көріп отыр. Орып алынған бидай судың астында қалса, ылғал бидай қыста көгеріп кетеді. Бидайды кептіру үшін газ немесе жанар-жағармай қажет. Облысты табиғи газ жоқ. Диқандар осы себепті арзандатылған жанар-жағармай сұрап отыр. Бұл мәселені министрлік назарға алады деп ойлаймын. Қайткен күнде де бидайды сақтап қалу керек, - дейді Ербақыт Амантайұлы. 

Кейінгі мәліметтер бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының диқандары егіннің 32 пайызын ғана жинап үлгерді. Тамыз айының соңғы онкүндігінде толассыз жауған жаңбырдан орақ науқаны жылдағы көрсеткіштен 20 пайызға кешеуілдеп жатыр.

Айта кетелік, 2023 жылы қыркүйектің төрті күні Президент Жарлығымен Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымы яғни Солтүстік Қазақстан облысы әкімі лауазымынан босатылды.  

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта аймақ басшысының міндеттері Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің үш орынбасары мен аппарат басшысына бөлінген. Олардың әрқайсысы өз бағыты бойынша жұмыс істеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама