×

«Өзі Мәжілісте, компаниясы сотта...»: Ауыл тұрғындары депутат Аян Зейнуллинмен есеп айырыса алмай жүр

Депутатқа тиесілі компания қарызға батып қалған

 Ербол Тұрымбет 06.09.2023 | 09:36
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысы Бауман аулының тұрғындары Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллинге наразы. Депутатқа тиесілі компания 4 жылдай бұрын олардың жеріне инвестиция құйып, астықпен айналыспақшы болған. Ал жұрт содан жер үлесіне қарай пайдасын алып отырмақшы болып келіскен. Алайда, тұрғындардың айтуынша, депутаттың компаниясы табыстың орнына қарызға батып кеткен. Ең қиыны, мыңдаған гектар жер банктерге кепілдікке қойылған. Енді жұрт пайда тұрмақ, жерінен де айрылып отыр.

ДЕПУТАТТЫҢ КОМПАНИЯСЫ ҚЫРУАР ҚАРЫЗҒА БАТҚАН

Бауман тұрғындары о бастан «Бауманское – 07» ЖШС болып бірігіп, осы ЖШС арқылы өздеріне тиесілі жер үлестерін инвесторларға пайдалануға беріп отырған. 2019 жылы инвестор ауысып, жаңадан AiZet Farms ЖШС келеді. Бұл компания қазіргі Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллинге тиесілі.

Енді сол жер үлесін инвесторға пайдалануға беріп отырғандардың бір бөлігі ойынан айнып қалған. Бірақ инвестордан бас тартайын десе жер үлесін алып кету мүмкін болмай қалады. Себебі, біраз бөлігі банкке кепілге қойылғандықтан.

Ауылдықтардың құқын қорғап жүрген заңгер Мұратбек Ахметовтің айтуынша, AiZet Farms ЖШС біраз жерге қарыздар. Мысалы:

  • Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасына 63,8 млн теңге;
  • Әділет органдарына 80 млн теңгеден астам (бұғатта тұрған 902 тонна астық орнында жоқ болып шыққан);
  • Аграрлық несие корпорациясына 18 млрд теңге (Астананың іргесінде заманауи ет комбинатын салу керек болған);
  • «Көкше» ӘКК-ға 270 млн теңге қарыз.

Мұратбек Ахметовтің сөзінше, осы қаржының бәрін депутаттың компаниясы мемлекеттен ашықтан ашық ұрлап отыр. Тіпті, ет комбинатын салуға алған ақшаға «Ауыл» партиясы сайлауалды науқанын жүргізгенін айтады.

Ал кезінде осы «Бауманское-07» ЖШС жұмысшысы болған әрі жер үлесі бар ауыл тұрғыны Сергей Бобиктің айтуынша, жұмысшыларға 4 айдан бері жалақы төленбеген. Оның үстіне, зейнетақы төлемдері де аударылмаған.

КӘСІПКЕР ДЕПУТАТТАН 270 МЛН ТЕҢГЕСІН ҚАЙТАРА АЛМАЙ ӘЛЕК

Депутаттың компаниясымен алысып жүрген ауылдықтар ғана емес. Жамбылдық кәсіпкер, AraiAstykGroup ЖШС басшысы Мария Ибраимова да осы AiZet Farms-та 270 млн теңге есем кетті деп мәлімдеді. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы Новосветловка ауылында егістік алқапты игермекші болып, ақша салады.

Ал ақшасын қайтара алмай отырған себебі, әуелде кезінде «Алиби» компаниялар тобы, оның ішінде «Новосветловка-Алиби» ЖШС да бар, банкке кепілге қойып, несие төленбей, артынан коллекторларға өтіп кеткен. Мария Ибраимова сол коллектордан ауыл жұртына тиесілі 10%-ын сатып алады. Енді іске кірісейін десе, рұқсат жоқ, себебі банк алдындағы қарыз толығымен өтелуі керек. Ал жерді қайтарып беріп, ақшасын алайын десе, ол да мүмкін болмай қалған.

Ендігі қызық жері, заңгер Артем Ивановтың айтуынша, «Новосветловка-Алиби» ЖШС-ның 90% акциясы «Ялтинский-2» ЖШС-ға тиесілі. Оның құрылтайшысы – Жанат Бекішев. Қалған 10%-ы ғана ауылдық үлескерлер еншісінде. Бекішев сонымен бірге, ашық дереккөздер бойынша, «Бауманское-07» ЖШС-ның да басшысы. Ал бұл компания бар иелігін AiZet Farms-қа қарасты компанияға жазып берген.

АУЫЛ ЖҰРТЫНЫҢ КОМПАНИЯ ҚАРЫЗЫНДА НЕ ШАРУАСЫ БАР?

Дегенмен AiZet Farms-тың да өз айтары бар. Компания заңгері Бекет Қасеновтің сөзіне сенсек, ет комбинатына деп алынған ақша 18 млрд емес, шамамен 12,5 млрд теңге. Оның өзінде тек 9 млрд-ы ғана ет комбинатына деп алынған, қалғаны басқа жобалардың қаражаты.

Бизнес болған соң қарыз да болады. Ақмола облысының Егіндікөл ауданында 3 жыл қатарынан құрғақшылық болды. Өнім 4 центнерден артық жиналмады. Ал өзіндік құны 5-6 центнерге дейін барады. Сондықтан қарыз да өсе берді. Бірақ бұл қарыздың ол адамдарға не қатысы бар? Соны түсінбеймін, - дейді ол.

Оның сөзінше, әу бастағы ауылдықтардың 100 мың гектарының 64 мың гектары Halyq Bank арқылы басқа адамдарға берілген. Одан ұшты-күйлі хабар жоқ. Қалғаны осы AiZet Farms-тың басқаруында. Сол егістікке жарамды 50 мың гектардың шамамен 37 мың гектарына егін салынған.

«Бауманское – 07» ЖШС-да 300-ден астам үлескер бар. Ал үлескерлердің құқын қорғап жүрген Мұратбек Ахметовтің қасында 26 адам ғана жүр. Бізге қарсы шығып жүрген 3 отбасының мүшелері. Олар бұрынғы істі болып кеткен инвестормен жұмыс істеп, қалауы болып үйреніп қалған. Біз олай болмайтынын айтқан едік, өз еріктерімен жұмыстан кетті. Бірақ жұмыстан кетсе де, бізді осылай қаралап жатса да біз ол кісілерге үлестерін беріп келеміз, - дейді Бекет Қасенов.

Ал кәсіпкер Мария Ибраимованың мәселесіне «еш қатысымыз жоқ» деп отыр. Оны бұрынғы «Алиби» компаниясының бүлдірген ісі деп, өздері ол қойыртпақтан ада екенін айтады.

Депутатқа наразы топ мәселені түбегейлі шешу үшін Ақордадан бастап барлық құзырлы органдарға шағымданып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама