×

Сәтмағамбетовтің алдап соққаны ма? Елорда тұрғыны G-Park басшысынан жерін қайтара алмай жүр

Компания не үй салмаған, не жерді қайтармаған

 Ербол Тұрымбет 17.08.2023 | 09:34
Коллаж: Halyq Uni

G-Park құрылыс компаниясының жүздеген салымшыға бастапқы жарналарын қайтара алмай жатқанын өткенде ғана жазған едік. Бірнеше үйдің құрылысы тоқтап қалуына байланысты пәтер алам деп үміттенген дүйім жұрт енді салған ақшасына зар боп қалды.

Сол тығырықтан шықпай жатып, Ғабит Сәтмағамбетовке тиесілі екінші компания тағы бір тараппен соттасып жатыр. Ол да екі жылдан бергі созбаққа түскен. Елордалық Нұргүл Нұрланқызы компаниядан шамамен 1,7 га жер телімін қайтара алмай жүр. Әуелде Нұргүл жерін беретін болып, оған «MS Group 7» үй салатын болып, ал қайтарымына компания оған жалпы үй-жайдың 10%-ын беретін болып, берекелесіп келіскен. Бірақ үй салынбағаны былай тұрсын, енді жерін де бергісі жоқ.  

БАСТАПҚЫ КЕЛІСІМ ҚАЛАЙ БОЛҒАН ЕДІ?

Жағдайды біртіндеп баяндайық. 2019 жылдың 8 қарашасында Нұрлан Нұргүл Нұрланқызы мен «MS Group 7» ЖШС (басшысы Ғабит Сәтмағамбетов) арасында келісімшарт жасалады. Келісімшарт бойынша, Нұргүл өзінің Қабанбай батыр 107 мекенжайындағы 1,675 га жер телімін тұрғын үй кешенін салу мақсатында компанияға береді. Олар құрылысқа рұқсат алуға байланысты шығыстарды қаржыландырып, құрылысын өз қаражаты есебінен инвестициялау керек.

Ал Нұргүлге тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың 10%-ын беруге тиіс болған. Оның ішіне көлік тұрағы да кіреді.

Құрылыстың эскиздік жобасын әзірлеу және келісу мерзімі 2020 жылдың 1 наурызына дейін деп шартпен белгіленеді. Ал Нұргүлге тұрғын және тұрғын емес алаңдарды беру үйді салып, пайдалануға тапсыру актісіне қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде табысталуға тиіс.

КЕЛІСІМ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛМАЙ ҚАЛДЫ?

Сөйтіп, компания шарттағы міндетін орындауды бастап, Queens тұрғын үй кешенінен 154,7 шаршы метрлік 4 бөлмелі пәтер мен екі көлік тұрағын, сондай-ақ, қойма бөлмесін береді. Алайда бұл уәде етілген жалпы көлемнің небәрі 8%-ын ғана құрайды. «MS Group 7» қалған 92%-ын әлі күнге орындамай келеді.

Бір жарым жыл ішінде салып бітіреміз деген сөз де айтылған күйінде қалады. Тіпті, 2022 жылдың 14 сәуірінде сот шешімімен жер телімі «MS Group 7» ЖШС-нің иелігінде қалдырылады. Яғни, Нұргүл табыссыз қалғаны былай тұрсын, өзінің жерінен де айрылып қалады. Алайда қайта шағымданып жүріп, ол шешімнің күшін жойдырып, қазір бастапқы екіжақты келісім дәрежесінде тұр. Енді әбден көңілі қалған Нұргүл әуелгі келісімшартты бұздырып, жерін толығымен өз атына алғысы келеді.

Дау 2021 жылы басталды. Екі жыл уақыт өткеннен кейін наразылығымды жазғам. Бірақ ол (Ғабит Сәтмағамбетов – ред.) мені қабылдамай, орынбасарына жіберді. Алмагүл деген орынбасары өрескел жауап беріп, «бізде қаржы жоқ, сен бізді алдадың, ол жерде техникалық шарттары сақталмаған, сондықтан әзір салмаймыз» деді. Шын мәнінде қалалық сәулет басқармасы техникалық шарттары бар екенін көрсетіп берген. Содан кейін ғана алаяқтарға тап болғанымды түсініп, сотқа шағымдануға бел будым. Өйткені, олар менің жеріме ештеңе салмайын деп тұр. Мен барлық талапты орындадым. Енді осы 4 жылдағы жіберіп алғам табысымды кімнен алам? О баста өзім сол жерді сатып алу үшін көп қарызға баттым. Осы аралықта қарызымнан құтылу үшін пәтерімді саттым, – дейді Нұргүл Нұрланова.

КОМПАНИЯ НЕГЕ ҚАЙТАРЫП БЕРМЕЙ ОТЫР?

Компания өкілдерінің айтуынша, олар жерден бас тартып, өткізіп беруге қарсы емес. Тек осы аралықта шыққан шығынды қайтарып берсе болғаны. Мәселен, жоғарыда айтылған 4 бөлмелі пәтер, екі көлік тұрағы мен қойма бөлмесінен бөлек, сол жер аумағын қоршап, қазықтарын қаққан шығыны бар. Одан соң жобалық ұйым жалдап, алдымен 9 млн теңгеге эскиздік жобасын жасатып, артынан 52 млн теңгеге соның жұмыс жобасын жасатуға келіскен. Оның әзірге 10 млн-ын төлеген. Ал жер толығымен Нұргүлге қайтарылатын болса, қалған 42 млн теңгесін де мойнына іліп беруге оқталып отыр.

Оның үстіне, құрылысты бастауға кедергі жайттарын да айтты. Мысалы, орталық жылу жүйесіне қосылмай бастамаймыз деп отыр. Ал автономды жылыту жүйесімен салатын болса, отын сақтайтын орын болу керек. Ондай жер жоқ. Ал техникалық шарттарын архитектура емес, қаланың коммуналдық қызметтері береді.

Дегенмен «MS Group 7» ЖШС-нің бұл уәжін қабылдау да қиын. Өйткені, Нұргүл мен адвокатының айтуынша, компанияның өзі сәулет жоспарын жасаған. Соған байланысты барлық техникалық талап бекітілген. Бұл жоспар да үй автономды жылыту жүйесіне лайықтап салынады деген жоспармен жасалған. «Астана-теплотранзит» АҚ да автономды түрін қолдануды ұсынып отыр. Сондықтан қалалық инженерлік желілерге қосыла алмай отырмыз дегені қазіргі сөзімен қайшы келеді.

Тіпті, сотқа шақырылған саланың тәуелсіз маманы да автономды жылыту жүйесімен сала беруге еш кедергі жоқ екенін айтып берген.

Бір айта кетерлігі, сол маңайдағы жаңа үйлер автономды жылу жүйесімен салынып жатыр. Тіпті, жақын жерде G-Park 1 жылдың айналасында салып бітірген Budapest тұрғын үй кешенінде де солай. Ал жыр болған бұл құрылыс 4 жылдан бері басталмаған да.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама