×

Не үй, не ақша жоқ: G-park компаниясынан пәтер аламыз дегендер ақшасын да қайтара алмай қалды

Олар енді құзырлы органдардан көмек сұрайды

 Ербол Тұрымбет 12.08.2023 | 09:09
Фото: Halyq Uni

G-park құрылыс компаниясының салымшылары қиын жағдайға тап болғанын айтып, көмек сұрап отыр. Аталған компаниядан пәтер алмақ боп, бүкіл қаражатымен бірге бар үмітін қосып, сенім артқан. Алайда уәделі үйлерін алмақ түгіл енді салған қаражатын қайтара алмай жүр.

Компаниядан қаражатын қайтара алмай жүргендердің бірі 52 жастағы Әмина Төлеуленова. Ол 2021 жылы жұмысы қарқынды жүріп жатқан G-park құрылыс компаниясының «Мадрид-3» тұрғын үй кешешінен пәтер алмақ болып, 14 млн теңгеге жуық ақша құяды. Сөйтіп, компания алдымен үйді 2022 жылдың аяғында беретін болады. Одан 2023 жылдың наурызына ауысқан. Бірақ ол сөз де орындалмаған.

Енді не үй жоқ , не салған ақшасын қайтара алмай жүр. Салымшылар айлап компания бас кеңсесінің есігін тоздырған. Әркім әр түрлі дау шығаратын жағдайға жеткен. Арасында кейібірінің суицид жасап, өз-өзін өртеп жібермекші болғанын да айтады.

Ал мен өз басым Ғабит Сәтмағамбетов деген кісіге кездескім келетінін жазып қалдырып едім, ол кісі мені қабылдаудың орнына біржақты шешіммен келісімшартты бұзып тастады. Яғни, менің келісімімді алмастан солай істеген. Бір ісім жақпады ма, өзім жақпадым ба, білмеймін. Бізге сондай хабарлама келді. Ол хатты да бір айдан кейін көршімнің үйінен алдым, – дейді Әмина Төлеуленова.

Компания 28 маусымда онымен келісімшартты бұзған. Содан соң 15 күнтізбелік күн ішінде қайтарып беретін хабарлаған. Бірақ арада екі ай өткеніне қарамастан еш хабар жоқ.

Ол қазір пәтер жалдап тұрып жатыр. Жиған-тергенін түгел үй құрылысына салып тастағандықтан, ай сайынғы пәтерақысы мен күнделікті тұрмысына қаражат жеткізу қиындаған.

Енді ол бұл компания үйлерінен мүлде бас тартатынын айтып отыр. Себебі, біріншіден, шартын орындамайды, екіншіден, осынша жасқа келіп, алданып қалғанына өкінеді.

Кеше жүрегім қатты соғып, өз-өзімді дұрыс ұстай алмай қалдым. Шынымды айтсам, ең ақырғы күнім осы G-park-тің ішінде шығар деп ойладым. Негізі біз үлескер емеспіз. Біз олардан ақшамызды мерзіммен күтіп жүрмеуіміз керек. Өйткені, біздің ақшамыз сақтаулы тұруы керек, – дейді Әмина Төлеуленова.

Көкшетаулық Айнагүл Мусина да осы үйдің салымшысы. Ол 17 мамырда бастапқы жарнасын қайтарып алуға өтініш жазған. Кейін 7 маусымда келісімшарт бұзылған. Екі айдан соң, яғни 60 жұмыс күні ішінде қайтарып алу керек еді. Оның мерзімі 17 тамызда бітеді. Бірақ ол да ақшасыз қалам ба деп қорқып отыр.

Қазір үй құрылысы 9 қабатқа дейін жетіп тұрып қалған.

«Женева-1» тұрғын үй кешенінде де дәл осындай жағдай. Елордалық Жадыра Саттарова былтыр сәуірде сол үйден үш бөлмелі пәтер алу үшін 15,7 млн теңге салған. Сөйтіп, 2022 жылдың қыркүйегінде пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлауы керек еді. Алайда компания үй құрылысының алдымен желтоқсанда аяқталатынын айтып, кейін 2023 жылдың сәуіріне шегерген. Содан бері әлі берілмеген.

Артынша 3 мамырда ақшасын қайтарып алуға өтініш жазып, келісімшарт бойынша 60 күннен кейін қолына тиетін болған. Бірақ 100 күннен асса да ақшадан хабар жоқ.

Компанияның офисіне барсаңыз, қырғын кезек. Шулаған халық. Кезекте бізден кейін тұрған адамдардың кейбірі амалын тауып ақшасын ала бастады. Компания басшыларының ешқайсысы ашуға булыққан адамдармен адамша тілдеспейді, – дейді ол.

Әзірге белгілісі, «Мадрид-3», «Лиссабон-2», «Дублин», «Женева-1» үйлері бойынша осындай жағдай. Біз оған қатысты қалалық басқарма мен компанияның өзіне сауал жолдадық. Ал G-park компаниясынан ақшасын қайтара алмай жүргендердің whats-app чатында бүгінде 500-дей адам бар. Олар енді мәселеге құзырлы органдардың араласуын сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама