×

Ұшақтардың себепсіз кешігуі, жолаушыларға деген құрметсіздік: сарапшы авиациядағы негізгі 4 мәселе туралы

Қазақстандықтар ұшақ уақытынан кешіккен жағдайда өтемақы алуға құқылы

 Айгерім Таубай 09.08.2023 | 10:53
Фото: Kapital.kz

Ұшақ уақытынан кешіккен жағдайда қазақстандықтар күткен әр сағаты үшін билет құнының 3%-ын өтемақы ретінде қайтара алады. Бұл туралы әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңда көрсетілген.

2022 жылы енгізілген өзгерістер туралы қазақстандықтардың басым бөлігі білмейді. Соған байланысты Halyq Uni авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтан ұшақтардың кешігуіне көп жағдайда не себеп болатынын, өтемақы төленетін жағдайлар туралы сұрады. Сондай-ақ қазақстандықтардың неліктен заңдағы өзгерістен бейхабар екенін білді.

ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңының 86-бабында тасымалдаушы рейстің уақытын өзгерткен жағдайда жолаушыға қандай қызмет көрсетуге міндетті екені жазылған. Соған сәйкес, әуекомпания белгіленген уақытынан кеш ұшса, әрбір сағат үшін билет құнының 3%-ын қайтарады.

Тасымалдаушы жолаушыны межелі пунктке жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін, егер мерзімін өткізіп алу еңсерілмейтін күш салдарынан орын алғанын дәлелдей алмаса, жолаушы шеккен шығындарын өтеуден басқа, егер бұл осындай мерзімін өткізіп алуға байланысты орын алған болса, мерзімін өткізіп алған әрбір сағат үшін тариф (мерзімін өткізіп алу орын алған ұшу учаскесі тарифі) құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді, - деп жазылған заңда.

Заңнан келтірілген үзіндіден бұл ақпараттың қарапайым адамға түсіну қиын болатынын аңғаруға болады. Сондай-ақ құжатта егер мерзімін өткізіп алу еңсерілмейтін күш салдарынан орын алғанын дәлелдей алмаса (если не докажет, что просрочка имела место вследствие непреодолимой силы) деп жазылған. Яғни, әуекомпания уақытынан кешігуден басқа амалы қалмағанын дәлелдей алмаса, айыппұл төлейді. Дегенмен заңда «еңсерілмейтін күш» қандай жағдай болуы мүмкін екені нақтыланбаған.

Алайда заңда айыппұл құны билет бағасынан асып кетпеуі керек екені нақты көрсетілген.

Ал жолаушылар әуекомпаниядан айыппұл өндіріп алуы үшін компанияның интернет-ресурсына аты-жөнін, билет нөмірін, рейс нөмірін, ұшу уақыты қанша сағатқа кешіккенін көрсетуі керек. Ақшаның бір бөлігін билеттер сату пункттері арқылы да қайтара алады.

ШАҒЫМДЫ ҚАЙ МЕКЕМЕГЕ ЖАЗУ ҚАЖЕТ?

Әуекомпаниялар төңірегіндегі дау тек ұшақтың уақытынан кеш ұшуына байланысты ғана туындамайды. Кейде әуекомпания жолаушыны өз қалауы бойынша ұшаққа кіргізбейді және түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Мұндай жағдайда арызды қай мемлекеттік органға жазу керек?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ішінде Азаматтық авиация комитеті жұмыс істейді. Ұшақта туындаған жағдай мен әуекомпанияның әрекетіне байланысты шағым бойынша азаматтар дәл осы комитетке жүгіне алады. Сондай-ақ «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ жұмыс істеп тұр. Атқаратын қызметі ұқсас екі мекемеге де шағымдануға болады. Шағымды eOtinish арқылы жазуға болады.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ техникалық қадағалау мен бақылау-қадағалау функциясын атқарады. Азаматтық авиация комитеті осы саладағы саясатты құруға тиіс. Бірақ олар ешқандай саясатты құрып жатқан жоқ, ішкі нарыққа әсер ете алмай отыр. Комитет құзыретіне ештеңе кірмейді. Билеттердің құнын да реттей алмайды. Әуекомпанияларға айыппұл салғаннан басқа ештеңе құзыретіне кірмейді. Қызметтердің сапасын бір мекеме қадағалауы керек, бірақ комитет Air Astana-ның кеңсесі болып кетті, - дейді Абыл Кекілбаев.

ӘУЕКОМПАНИЯ АҚШАНЫ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ АЙТПАЙДЫ

Қазақстандық әуекомпаниялар ұшақ уақытында ұшпаған жағдайда билет құнының бір бөлігін қайтарып алуға болатыны туралы хабарламайды. Абыл Кекілбаев мұның әуекомпания үшін тиімсіз екенін айтады.

Әуекомпания мұндай ақпаратты таратқысы келмейді. Заң бар екені туралы құзыретті орган ақпараттандыруы керек. Бұл заңнамаға былтыр енді, бірақ 2015 жылдан бері ережеде бар. Ереже ретінде жұмыс істемей отырғандықтан, депутаттар заңнамаға енгізді. Себебі әуекомпаниялар әртүрлі әрекетке барып, мұны іске асырмай отырды, - дейді Абыл Кекілбаев.

Сарапшының айтуынша, елімізде бір әуекомпания ішкі нарықтың 70%-дан астамын қамтып отыр.

«Оларға жағдайды Азаматтық авиация комитеті жасап отыр. Өзін екі әуекомпания ретінде көрсеткенімен, екеуі бір компания. «Ұлттық әуекомпания» деп мақтанып айтқанымызбен, олардың жасап отырғаны Ұлттық әуекомпанияға сай емес. Компания ең алдымен қызмет сапасын көтеруі керек. Бұл – бір. Екіншіден – жолаушылардың құқығын қорғайтын бөлек ұйым болуы керек. Себебі қарапайым жолаушы өзіне қандай жағдай жасалуы қажет екенін біле бермейді. Ережені ашсақ, кімнің қандай қызмет көрсететі нақты жазылмаған. Заңгер болмаса, жеке адамның бір мәселені көтеруі өте қиын. Сондықтан азаматтар шағым жазғысы келмейді», - дейді сарапшы.

Қоғамдық бірлестік құру үшін қомақты қаражаттың қажеті жоқ. Тек білікті мамандар жиналуы керек. Алайда Қазақстанда осы саланы жақсы білетін мамандар елдегі әуекомпанияларда жұмыс істейді.

ҰШАҚТЫҢ КЕШІГУІНЕ НЕ СЕБЕП БОЛАДЫ?

Сарапшының айтуынша, авиация саласында ең маңыздысы – ұшу қауіпсіздігі. Яғни, ұшуға еш кедергі болмауы керек. Азаматтық авиация саласындағы басты қағида – осы.

«Ұшу қауіпсіздігіне ауа райы да әсер етеді. Алайда оған әсер ететін жанама факторлар да бар. Мысалы, әуежайда қар тазалайтын, жанармай құятын техника жоқ. Оған қоса аймақтағы әуежайлардың жағдайы мәз емес. Осындай жағдайға байланысты қар уақытында тазартылмайды, жанармай уақытында құйылмайды. Ең үлкен мәселенің бірі – ірі компанияларда мамандар тапшылығы. Бұл аймақтарда айқын көрінеді. Қазір жұмыс істеп жүргендердің көбі – зейнет жасына жеткендер», - дейді Абыл Кекілбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама